«Дидардың» қонағы

Антонина Ермолаева, археолог-ғалым: – Ертедегі адамдар мысты қорытып, өңдеуді де жақсы меңгерген»

Антонина Ермолаева, археолог-ғалым: - Ертедегі адамдар мысты қорытып, өңдеуді де жақсы меңгерген»


Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы даладағы ежелгі металлургияға да ерекше тоқталады. Еліміздегі ежелгі металлургия орталықтарының бірі – Шығыс Қазақстан өңірі екені сөзсіз. Осы орайда біз ертедегі қазақ даласындағы тау-кен өндірісі және металлургия ошақтарын зерттеп жүрген ғалымдардың бірі Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

Археолог болуға Арсланова ықпал етті

– Антонина Сергеевна, білуімше сіз бізге жерлес екенсіз ғой. Осындай археолог жерлесіміздің бар екені шығысқазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Ең алдымен, өзіңіз, туған жеріңіз, оқыған мектебіңіз туралы айтып беріңізші. Археолог болуды мектеп қабырғасынан армандадыңыз ба?

– Мен Бесқарағай ауданының Долон ауылынан 10 шақырым жердегі Долон орман шаруашылығына қарасты Чанды кордонында дүниеге келдім. Балалық шағым қалың қарағайлы орманның ортасында өтті. Кейде аспанда алып «саңырауқұлақ» пайда болып, күлі жерге шашылатын. Ол кезде баламыз ғой, ядролық қаруды сынайтын сынақ алаңына жақын жерде тұратынымызға онша көп мән бермеген де екенбіз. Әйтеуір, аты шулы сол сынақтардан бізді таза орман ауасы мен құнарлы тағам құтқарып қалған сияқты. Бірақ ядролық сынақ полигонымен көрші тұрғанымыздың зардабын кейін тарттық. Бұл қаншама ұрпақтың денсаулығына да әсер етті.

Бұрынғы Үлкен Владимировка, қазіргі Бесқарағай ауылындағы орта мектепті тәмамдадым. Археологияға деген құштарлық сезім Өскемен қаласындағы пединституттың тарих факультетінде оқып жүргенімде оянды. Сол кезде бізге Фирая Арсланова лекция оқыды. Ол кісі күллі КСРО-ға белгілі ленинградтық археолог, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Сергей Черниковтің шәкірті болатын. Мінезі жағынан Фирая Хабибуловнаның өзі де ұстазына ұқсайтын еді. Студенттерге өте қатаң талап қоятын. Археология бойынша таңертең сағат тоғызда басталған емтихан кешкі сағат тоғызда бір-ақ бітетін еді. Ол кісі студенттерді ғылыми жұмысқа іріктеуге де, диплом жұмысын жазуға келгенде де тым талапшыл еді. 1967 жылы Зевакинодағы обаны зерттеу барысында мен студенттермен бірге қимақ қорғанын қазуға қатыстым. Содан кейін қимақ жауынгерінің мүрдесін тазалау жұмысына да ерекше бір ынтамен кірістім. Бұл менің археологиялық зерттеуге алғаш қатысуым болатын. Менің қимыл-әрекетім Фирая Хабибуловнаға ұнаған болса керек, артынан ол кісі маған археологиямен айналысуға қабілетім бар екенін айтып, ұсыныс жасады. Менің курстық және дипломдық жұмыстарымның тақырыбы да ежелгі түркілер туралы болды. Зерттеу жұмыстарыма 1967-1970 жылдар аралығында Ф.Арсланова жетекшілік еткен Шығыс археологиялық экспедициясының археологиялық қазба жұмыстарының материалдары арқау болды. Оның көптеген шәкірттерінің ішінде археологияда кейін Зейнолла Самашев екеуіміз ғана қалдық.

– Сіз археолог ғалым Зейнолла Самашевпен институтта бірге оқыдыңыз ба?

– Иә, біз курстас болдық, екеуіміз де Фирая Хабибуловнаның шәкіртіміз. Кейін Фирая Хабибуловна Ресейге кеткеннен соң да, қандай жағдай болмасын бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырдық. Ал Зейнолланың өзінің жеке археологиялық экспедициясы пайда болғанда мен олардың біразына белсене атсалыстым. 1974 жылы археологиялық қазба жұмысы барысында жоғары деңгейдегі ғалым, өте керемет адам Мир Қадырбаевпен таныстым. Оның жетекшілігімен ұйымдастырылған қола дәуіріндегі металлургтердің қонысын зерттеу және ерте темір дәуіріне тиесілі қорғандарды қазу жұмыстарына қатысуым мені нағыз дала жұмысы үшін жаралған археолог етіп шығарды. Ал Шүлбі археологиялық экспедициясындағы өзімнің жеке археологиялық қазба жұмыстары кезінде Мир Қасымұлы менің тәлімгерім әрі археология бойынша ғылыми кеңесшім болды. Негізінен осындай ғалымдардың қолдауының арқасында мен тұлға әрі жан-жақты дамыған маман болып қалыптастым.

¬- Ал металлургияға қызығушылық қашан басталды?

– Нақты айтсам, 1979 жылдың желтоқсанынан бастап шығар. Бұл кезде мен Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтына орналастым. Бұл менің өмірімнің жаңа кезеңі болды. Мен осы жерде инженерден бастап аға ғылыми қызметкерге дейін көтерілдім. 1992 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтына ауысып, қазірге дейін жетекші ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп келемін. 1980 жылдан бастап Шүлбі, Семей, Шығыс Қазақстан, Жетісу экспедициялық отрядтарына жетекшілік еттім. Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясына ғылыми кеңесші болдым.

1997-1998 жылдары ерте заманғы көшпенділердің қорғандарын, оның ішінде Берелдегі қорғандарды зерттеген қазақ-француз археологиялық экспедициясына қазақ экспедициясы жетекшісінің орынбасары ретінде қатыстым. 2003 жылы Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы мыс және қалайы рудалары кен орындары мен металлургтердің қоныстарын зерттеген халықаралық қазақ-герман экспедициясына, 2004-2006 жылдары аралығында Жезқазғанның іргесіндегі ежелгі металлургтердің қонысын зерттеген қазақ-итальян археологиялық экспедициясы жұмысына қатыстым.
Қазіргі кезде Жезқазған-Ұлытау және Солтүстік Бетпақдала тау-кен-металлургиялық орталықтарындағы ежелгі металлургтердің қонысын зерттейтін қолданбалы археологиялық зерттеулер бағдарламаларының жетекшісімін.

Антонина Ермолаева, археолог-ғалым: - Ертедегі адамдар мысты қорытып, өңдеуді де жақсы меңгерген»

Кенді Алтай деп бекерге аталмаған

– Өз саласының білгір маманы ретінде Шығыс Қазақстандағы ежелгі металлургияның ерекшелігі туралы не айтар едіңіз?

– Бұл жерге Кенді Алтай деген атаудың өзі тегін қойылмаған ғой. Мұнда түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың мол қоры бар. Кенді Алтайды бойлай мыс-қорғасын мырыш полиметалл белдеуі жатыр, одан кейін сирек металдарға (қалайы-вольфрам) бай Қалба-Нарын белдеуі, алтын кенді Батыс-Қалба белдеуі бар. Оны кейде Алтын Қалба деп те атайды. Қола дәуірінде бұл жер Кенді Алтайдың тау-кен-металлургиялық орталығы болған. Тау-кен өндірісі жақсы дамып қана қойған жоқ, мыс пен қалайыны сыртқа шығаратын аймақ ретінде белгілі болған. Жалпы, бұл жердегі мыс пен қалайы өндіретін кен орындарының барлығы да ертеде-ақ ашылып қойған болатын. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда орыстың тау-кен өндірушілері ол кен орындарын қайтадан ашқан. Бірақ ертеде мыс рудаларының бұл жерде көптеп өндірілгеніне қарамастан, Шығыс Қазақстанның басты ерекшелігі Қалба және Нарын жоталарында қалайы рудасының мол кездесетіндігінде. Әсіресе, Қалбаның солтүстік-батысындағы Делбегетей тауларында қалайы кендері ерекше мол. Геолог В.Кащеевтің есебінше, Делбегетей гранит массивінен ертеде 120 000 текше метр тау жынысы, оның ішінде 700 тонна қалайы өндірілген. Қалба және Нарын жоталарында қола дәуіріндегі тайпалар өндірген көптеген қалайы кендері де анықталды. Қола дәуірі кезіндегі кеншілер кенді табуды ғана емес, оны балқытып, өңдеуді де өте жақсы білген. Оның айқын мысалы ретінде «алтын руно» туралы мифті айтуға болады. Ертедегі аңызшылардың әдемі тілімен өрілген «алтын руно» кәдімгі қойдың терісі, сол тері арқылы өзеннен топырақ аралас алтын алынған. Жалпы алғанда, ұсақ тау жыныстарынан касситерит алудың алтын алудан көп айырмашылығы жоқ.

1986-1987 жылдары Қалба кенішіндегі ертедегі көшпенділер заманындағы металлургтердің Жаңашүлбі тұрағы зерттелді. Жаңашүлбі ауданындағы Жаңа Шүлбі ауылы маңында орналасқан бұл тұрақты мекендеген адамдар мысты балқытып, оны құюды да жоғары деңгейде меңгерген. Бұл Алтай аймағының оңтүстік-батысында ерте көшпенді дәуірде тау-кен өндірісі мен металлургияның жақсы дамығанының айқын дәлелі. Жаңа Шүлбі ескерткішінен табылған материалдар сол дәуірлердің металлургиялық дәстүрлерінен маңызды ақпарат береді. Сондай-ақ ерте темір дәуірі тайпаларының өмірінде қола металлургиясы жоғары деңгейде болып, жетекші орында тұрды.

Өндірілген кен мен металл өндірісі жергілікті халықтың жеке тұтынуынан да асып, экспортқа шығарыла бастады. Қазақстандық металл Батыс Сібір, Орталық Азия, Шығыс Еуропаға, тіпті Қытайдың қазіргі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына дейін жетіп жатты. Шығыс Қазақстандағы қола дәуіріндегі бізге белгілі ескерткіштердің ішіндегі ең ежелгілері федоров мәдениеті тайпаларына тиесілі. Қалайы мен қоладан жасалған кейбір жекелеген бұйымдар тіпті окунев мәдениеті заманында өмір сүрген тайпаларда да кездеседі. Бұл жердегі мәселе аймақтағы археологиялық зерттеулердің біркелкі жүргізілмеуінде. Ертіс өзені алқабында және оның маңында археологиялық зерттеулер қарқынды жүрсе, алғашқы алтай кеншілері мен металлургтерінің ізі болуы тиіс таулы аудандар аз зерттелді. Сондықтан да маңызы бар металлургиялық қабат зерттеушілрдің назарынан тыс қалды. Шығыс Қазақстанның қазба байлықтарын игерудің бұдан кейінгі тарихы белгілі. Ол туралы материалдарды С.Черниковтың, А.Максимованың еңбектерінен табуға болады.

– Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» туралы мақаласы туралы не айтасыз?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашқанын, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгерткені туралы атап айтты. Шынында да мақала өте маңызды. Өткен тарихыңды білуге ұмтылу, зерттеу өнегелі іс. Қазіргі уақытта ертедегі және орта ғасырлардағы ескерткіштер тоналуда. Ескерткіштерді қорғау туралы заңдар жетілдірілмеген, тіпті жұмыс та істемейді. Археологиялық қазба жұмыстарын қаржыландыру жағы жеткіліксіз. Сондықтан да Президент мақаласынан кейін бұл саладағы мәселеге енді мемлекеттік құрылымдар да ерекше назар аударатын шығар деген үмітіміз бар.

Cұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button