Жолдау жол нұсқайды

Қанатын кеңге жайған «АЗИЯ АВТО»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажеттігі туралы айтылған болатын. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы сияқты дәстүрлі салалармен қатар, көлік құрастыру мен машина жасау бағытына да қатысты. Осыған орай, еліміздегі көлік құрастыру ісінің көшбасшысы саналатын «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобының бүгінгі жетістіктері мен алдағы жоспарлары қандай екен? Автомобиль құрастыру саласына жаңа технологияларды енгізу көзделуде ме? Болашақта өскемендік зауыттың конвейерінен нендей техника шығарылмақ? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында шығысқазақстандық алпауыт кәсіпорынға хабарласқан болатынбыз.

Авторлық өнімге басымдық берілмек

Компаниялар тобының баспасөз қызметі хабарлағандай,  «АЗИЯ АВТО» компаниясы негізі қаланған күннен бастап үнемі жаңару принципін ұстануда. Компания озық технологияларды, жабдықтар мен басқару жүйелерін қолдануға басымдық беруде. Сол себепті болар, Өскемен зауыты инновациялық технологияларды қолдану бойынша да, өзіндік дизайн әзірлемелері жағынан да қазақстандық автомобиль өнеркәсібінің сөзсіз көшбасшысы саналады.

«2017 жылдан бастап «АЗИЯ АВТО» үш түпнұсқалық өнімді шығарды. Оның біріншісі – «BIPEK Contact» телеметриялық қауіпсіздік жүйесі. Бүгінде бұл жүйемен түгелдей дерлік көлігіміз жабдықталады. Бұл – компаниямыздың патенттелген өнімі. Премиум-класты аталмыш күзет-сервистік жүйесі мобильдік қосымшасының көмегімен көптеген опцияны қашықтан басқаруға және смартфоннан тікелей автомобильдің техникалық жағдайын қадағалауға болады. Жүйенің артықшылықтарын 10 мыңнан астам пайдаланушымыз сезініп үлгерді» дейді компанияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ зауытта екі жыл бұрын құрастырыла бастаған жеңіл көліктерге арналған «AZIA TRAIL» жүк тіркемелері туралы да айта кеткен орынды болар. Көпфункциялы жүк тіркемелерін зауыттың өз конструкторлық бюросы жасап шығарыпты. Бүгінде тұтынушылар назарына аталған өнімнің жеті модификациясы ұсынылуда.

Зауыттың тағы бір төл туындысы – Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген арнайы «HUSKY» жол талғамайтын көлігі. Ол квадроцикл, тартқыш машина (тягач), амфибия, батпақта және қарда жүретін көлік сияқты техниканың бес түрін алмастыра алады. Қолдануға оңай келетін қарлы-батпақта жерлерде жүруге арналған көлікті ықшамдылығы, жеңіл және берік шанағы, сондай-ақ жанармай шығынының төмендігі ерекшелендіреді.

Қазір «АЗИЯ АВТО» жазғы және қысқы кабиналары бар «HUSKY» көліктерінің екі нұсқасын сынаудан және сертификаттаудан өткізуде. Бұдан кейін аталмыш техника да сатылымға шығарылуы тиіс. Осы ретте «HUSKY» жол талғамайтын көліктері Ресей нарығына да жол тартатынын айту керек.

Пандемияға да қарамай

Өзге салалар секілді еліміздің автоөндірісі де әлемдік пандемияның салқынын сезінгені рас. Дегенмен, «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы бұл сынақтан да абыроймен өтті деуге болады.

Өндіріс орнынан хабарлағандай, карантиндік шектеулердің енгізілуін есепке алмағанда, өткен жылдың соңында жасалған нарықтың бастапқы болжамы бүгінгі жаңа автомобильдерге деген сұраныстың іс жүзіндегі көрсеткіштеріне толықтай сәйкес келеді. Пандемияның барлық кезеңі бойы автомобиль нарығы дамуының тұрақты динамикасы байқалды. Тек сәуір айында ғана өсімнің бәсеңдеуі орны алды. Мұны ел аумағында төтенше жағдайдың енгізілуімен түсіндіруге болады. Автоорталықтарды жауып, сауданы онлайн-форматқа көшіруге тура келген бұл кезеңде республика бойынша ұзын саны 959 автокөлік сатылыпты.

«Холдингіміздің жұмысына талдау жасай отырып, ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТОНЫҢ» үлесі республика бойынша сатылған жаңа автоның 31,4 пайызын және еліміздегі жеңіл автомобиль шығарудың жартысын құрағанын аңғаруға болады. Яғни, 2020 жылдың сегіз айында сатылған автокөліктердің 16,3 мыңы «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобына тиесілі. Республикадағы әрбір үшінші жаңа жеңіл автокөлік сатып алушы біздің өнімді таңдаған» деп мәлім етеді компаниялар тобының баспасөз қызметі.

«АЗИЯ АВТО» компаниясы тіпті локдаун кезінде де өндіріс қарқынын бәсеңдетпепті. Осының арқасында биылғы алғашқы үш тоқсанда ғана конвейерден 20 мың автокөлік шыққан. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, былтыр жыл көлемінде дәл осыншама көлік құрастырылған екен.

Электромобиль өндірісі – заман талабы

Ағымдағы жылы тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан, «АЗИЯ АВТО» зауыты бірқатар көлік моделін құрастыруды бастап кеткен. Оның ішінде сужаңа Kia Seltos кроссовері, Lada 4×4 пен Lada Vesta-ның жаңа генерациялары, сондай-ақ вариаторлы Xray моделі және автоматты трансмиссиямен жабдықталған UAZ Patriot автокөлігі бар.

Компаниядан хабарлағандай, қазан айының соңында зауытта Kia Optima (K5) өкілдік класты седанының жаңа генерациясын шығару басталмақ. Жаңартылған бизнес-седан сатып алушыларын жайлылығымен және технологиялардың анағұрлым жоғары деңгейімен, ерекше қауіпсіздігімен, қуатты қозғалтқыштарымен, сондай-ақ жеті түрлі қолжетімді нұсқасымен қуантады. Жаңа автомобиль қарашаның соңына қарай қазақстандық сатып алушылар үшін қолжетімді болуы тиіс.

«Әрине, «АЗИЯ АВТО» зауытының конвейерінде жаңа модельдердің пайда болуы технологиялық серіктестеріміз – «Renault-Nissan-Mitsubishi» альянсының атынан «АВТОВАЗ», «Volkswagen AG» тобының атынан «Škoda Auto», сонымен қатар, «Kia Motors» пен «УАЗ» ЖШҚ-ның премьераларына тікелей байланысты екенін түсінгеніміз маңызды» дейді  компания басшылығы.

Бұған қоса, ағымдағы жылдың соңына дейін «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» автоорталықтарында Kia Rio танымал седанының жаңартылған нұсқасы мен Kia Rio X-line – «Кросс» модификациясы сатылымға шығарылмақ. Осы ретте Kia Rio седанын сату қазанның ортасында басталатынын, ал X-line нұсқасы қазақстандықтарға желтоқсанда қолжетімді болатынын айта кеткен жөн.

«АЗИЯ АВТО» еліміздің машина жасау саласындағы ең технологиялық кәсіпорындардың бірі ретінде заманауи электромобильдер жасау бағытын да назардан тыс қалдырмауда. Мәселен, 2014 жылы «АЗИЯ АВТО» конвейерінен отандық автоөндіріс тарихындағы алғашқы электромобильдердің партиясы – Kia Soul EV автомобилі шықан-ды. Өскеменнің зауытында құрастырылған қанатқақты жобаның алғашқы партиясы облысымыз бен елорданың тасжолдарында – 30 градусқа дейінгі температурадағы ұзақ қысқы сынақтардан сүрінбей өтіпті.

Одан басқа, 2017 жылы Нұр-Сұлтандағы ЭКСПО халықаралық көрмесінде «АЗИЯ АВТО» LADA Vesta седанының электрлік нұсқасын таныстырған. Ол зауыттың серіктестері – «Renault-Nissan» альянсы жасаған мүлдем жаңа электромобиль.

Сондай-ақ «АЗИЯ АВТО» компаниясы гибридтік модельдер шығару жағын да қарастыруда. 2017 жылы кәсіпорын LADA Vesta CNG танымал седанының көрмелік данасын – газбалонды нұсқасын ұсынған. Ол отынның екі түрін – сығымдалған табиғи газды (метан) және бензинді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Әрине, электромобиль шығару – заман талабы. Дегенмен, электротартқышты автоны ресми сату болашықтың мәселесі деп білеміз. Өйткені әлемдік нарықтағы электромобильдердің құны дәстүрлі отынмен жүретін прототипінің бағасынан бірнеше есеге қымбат келеді. Алайда қажетті инфрақұрылым қалыптасып, халықтың сұраныс артқан кезде біз бұл мәселеге міндетті түрде оралатын боламыз» деп сендірді компания басшылығы.

Бүгінде «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобында бес мыңға жуық жұмысшы еңбек етуде. Аралас салаларды есепке алсақ, Өскеменде толық циклді жаңа зауыт салу жобасын іске асыру тағы 12 мың қазақстандықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

Қазір қолданыстағы «АЗИЯ АВТО» зауытында 600-ден астам адам еңбек етуде. Кәсіпорындағы орташа жалақы 265 мың теңгеден асады. Бұл облыс бойынша тиісті көрсеткіштен екі есе жоғары.

Осы айдарда

Back to top button