Денсаулық сақтау

«Қанатты» дәрігерлік қызметке не жетіспейді?

«Қанатты» дәрігерлік қызметке не жетіспейді?


Шалғайдағы ауыл тұрғындарына дер кезінде білікті әрі сапалы медициналық көмек көрсетудесанитарлық авиация мен телемедицинаның рөлі ерекше. Бұл – кей жағдайларда тіпті адам өмірін сақтап қалудың бірден-бір мүмкіндігі. Аталмыш қызметтердің жұмысын жетілдіре түсу үшін не қажет? Шешімін таппай жатқан қандай түйткілдері бар? Облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі экспертті тобының белсенділері кезекті рейдтеосы жайттарды анықтауға тырысты.

Санитарлық авиация елімізде соңғы алты-жеті жылдың жүзіндеқарқынды дами бастағанымен, Шығыста бұл қызметтің қолға алынғанына тіпті ширек ғасырға таяп қалыпты.Тіпті ешқандай арнайы заңнама, нормативті актілер шықпай тұрып-ақ біздің облыста медициналық көмектің осы түрі болды. Өйткені аймақ басшылары сол кездің өзінде облыс орталығынан шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына дәрігерлік көмек берудің ең тиімді жолы – санавиация қызметі екенін жақсы түсінген.
-Ал қазір аудандардағы тар шеңберлі мамандардың тапшылығын ескерсек, бұл қызметтің өзектілігі арта түседі, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы санитарлық авиация бөлімшесінің меңгерушісі Рафаиль Халитов.
Меңгерушінің айтысына қарағанда, бөлімшеде фельдшерлер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Көмек сұраған қоңыраулар кезкелген сәтте келіп түсуі мүмкін. Ондайда қажетті мамандардан жасақталған бригада санаулы минуттарда дайын болады. Санитарлық авиация дәрігерлер тапшылығын білмейтін бірден-бір бөлімше десе болады. Өйткені штаттағы төрт адамнан басқа 70-тен астам тар шеңберлі маман кез келген сәтте қол ұшын беруге әзір. Олар – облыс орталығындағы емдеу ұйымдарының дәрігерлері, қосымша қызметті кесте бойынша кезекшілікпен атқарады. Қызметтеріне қосымша еңбекақы төленеді.
-Олардың ішінде балалар мен ересектердің реаниматологы, неонатолог, акушер-гинеколог, хирург, нейрохирург сияқты тар шеңберлі мамандар бар. Бір мезетте бірнеше шақырту түссе, әрине, алдымен ана мен балаға барамыз, жұмысымызда бұл топтағылар басымдыққа ие,- деп жалғастырды Рафаиль Халитов.
Кувездің салмағы 100 келіден артады

Санавиация бөлімшесінің балансында бір тікұшақ, медициналық модульмен жабдықталған «Еурокоптер-ЕС-145»және АН-2 ұшағы, тағы үш автокөлік бар. Қанатты құтқарушылар өңірдің түкпір-түкпірін шарлайды. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі экспертті топтың жетекшісі Татьяна Чернышованың «Көліктердің жабдықталуы қалай? Қандай көмек керек?» деген сауалынан кейін Рафаиль Халитов та тартынбай, қажеттіліктерін жіпке тізгендей айтып шықты. Қол астындағы көкте ұшатын, жерде жүретін көліктерінің заманауи құралдармен жабдықталуы жағынан «Еурокоптер-ЕС-145» ғана меңгерушінің көңілінен шығады екен. Оның салонында жедел жәрдем көрсетуге қажетті жасанды өкпе желдеткіші, монитор, оттегі баллондары да бар. Қазір АН-2 ұшағы да осындай модульмен қамтамасыз етілуде.
-Үш автокөлігіміздің біреуі жаңа, қалған екеуі ескі болғанымен, техникалық жағдайлары әлі жақсы, ауыр науқастарды тасымалдауға қолайлы реанимобильдер. Бірден үш бригада жасақтап, үш бағытқа шығуға олардың жабдықталуы жарамайды. Өйткені монитор мен жасанды өкпе желдеткішіекеу ғана. Үшінші көлікке осындай қондырғылар қажет. Жаңа туған нәрестелерді тасымалдайтын кувезден де бас тартпас едік. Бір ғана кувез бар, ол жеткіліксіз, – деді бөлімше меңгерушісі.
Кувез демекші, таза салмағы 90 келі, оттегі баллондарымен қоса есептегенде 100 келіден асып кететін құралды фельдшерлер жаңа туған нәрестеге көмекке шақырған сайын көлікке көтеріп апарып, сосын қайта бөлімшеге әкелуге мәжбүр.
Егер көлікке орнатып тастаса, транспортты басқа бағытта пайдалана алмай қалады. Қазір салмағы жеңіл, қолайлы кувездер бар екен, сондай біреуіне қол жеткізсекдеген өтінішін білдірді Р.Халитов.
Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Марат Ластаевтың сөзіне қарағанда, республикалық үш жылдық бағдарламаның аясында елімізде жедел жәрдем қызметін жаңа заманауи реанимобильдермен қамтамасыз ету үшін 27 миллиард теңге бөлініпті. Осы көліктер қолға тиіп жатса, олар санитарлық авиация қызметіне қарайласпақшы, өйткені бұл екі қызмет қазір бір үлкен ұжым болып саналады.
-Біздің көліктер әбден тозған, екі мерзімді де өткерді. Облыс орталығында 32 пост бар, сонда бізге барлығы 40-42 машина керек. Екі қызметтің де ең басты проблемасы, әрине, автопаркті ұлғайту мен көліктерді жаңарту, – дейді Марат Ластаев.
Қанатты құтқарушыларға жекеменшік емдеу мекемелері мен жеке адамдардан да көмек сұраған өтініштер түседі екен.
-Біз тек мемлекеттік емдеу ұйымдарына ғана қызмет көрсетеміз. Осы жағын нақты жазып көрсетіңіздерші, әйтпесе, қолқа салатындар көп,- деген өтінішін жеткізді қанатты құтқарушылар отрядының басшысы.

Жалғыз реанимотолог не істей алады?

Санитарлық авиацияға қай аудандардан көбірек шақырту түскеніне объективті талдау жасау мүмкін емес. Мысалы, Зайсаннан өткен айда бес қоңырау түссе, осы айда бірде-бір шақырту болмаған. Қанатты құтқарушылар жылына 160-180 рет ұшып шығады. Мыңнан астам рет көлікпен барады. Тарбағатай ауданына кеткен көлік бір тәулік жүріп оралады. Дегенмен, Рафаиль Халитов тар шеңберлі мамандары тапшы аудандарға жиі шақыртатындарын байқапты.
-Мені Көкпекті ауданы алаңдатады. Оларда бір ғана реаниматолог бар, ересектердікі. Екіншісі жұмыстан шығып кетіпті. Ал ересектердің реаниматологы кейде нәрестелердің патологиясын біле бермейді. Қазір ол ауданнан қоңыраулар да жиілей түсті, өйткені жалғыз маман кейде тәулік бойы жұмыс істейді. Ал халқының саны дәл сондай Алтай қаласында бақандай алты (!) реаниматолог бар, екі-екіден кезекшілікте болады. Аудандарда кадр мәселесін шешпей, жағдай түзелмейді, – деген пікірде Рафаиль Халитов.

Ғалымдардың кеңесін алуға да мүмкіндік бар

Телемедицина қызметі облыс тұрғындарына 2007 жылдан қолжетімді. Жүйеге Аягөз, Бородулиха, Зырян, Зайсан, Күршім, Жарма, Үржар, Шемонайха аудандық ауруханалары қосылған. Пациенттің диагнозын нақтылау немесе білікті кеңес қажет болса науқасты сабылтпай, заманауи технологияның көмегімен шешіледі.
-Бұл бір жағынан науқас үшін сапалы медициналық көмек болса, екінші жағынан аудандардағы әріптестеріміз үшін тәжірибе жинақтауға, білімдерін жетілдіре түсуге мүмкіндік береді. Республикалық ғылыми орталықтармен, ірі клиникалармен байланысқа шығып, ғалымдардың кеңесін алуға мүмкіндік бар. Бейнеконференция жұмысына бірнеше маманды тартуға болады, сонысымен қолайлы, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігерінің емдеу мәселелері жөніндегі орынбасары Борис Галич.
Байланыстың екінші жағында жүрек дертіне күдікті науқас отыр делік. Оны жан-жақты тексеру үшін рентгенолог, ангиолог, гастроэнтеролог және басқа да бірнеше маманның қызметі қажет. Осыншама дәрігер сол елді мекенге іссапарға кетсе, мына жақтағы жұмысты кім атқарады? Облыстың бас кардиологы Наталья Полторанинаның сөзіне қарағанда, қосымша қандай мамандарды тарту, қандай тексерулер жасау керектігінсырқаттың шағымдары мен анамнезіне қарап анықтауға болады.
-Қажетті мамандар осы конференция залында бас қосып, әріптестерімізге ақыл-кеңестерін береді. Қосымша зерттеулерді тағайындайды. Қажет болып жатса, республикалық ғылыми орталықтармен де байланысқа шыға аламыз. Мұның бәрі пациенттің медициналық көмекті тез әрі сапалы алуы үшін жасалып отыр, – деп жалғастырды Наталья Андреевна.
Телемедицина қызметіндегі басты қолайсыздық –жүйе республикалық бағдарламаға қосылғандықтан, өздіктерінен ешнәрсе өзгерте алмайды екен. Қаржыландыру толығымен облыстық аурухананың мойнына ілінген. Ал бұл қыруар шығын. Екінші проблема – кеңес беруге тартылған дәрігерлерге ешқандай еңбекақы не сыйақы төленбейді. Облыстық аурухананың мамандарын шақыруда ешқандай проблема болмаса, басқа емдеу мекемелерінен тар шеңберлі мамандарды тарту көп жағдайда қиындық тудырады. Өз қызметтерін тастап, осы жерде бір сағат кеңес беруге екінің бірі келісе бермейді. Түсінгеніміз, телемедицина қызметі бүгінде тек еріктілердің күшімен көрсетіліп келеді.
-Аумағы үлкен, елді мекендері шашыраңқы орналасқан біздің облыс үшін санитарлық авиация мен телемедицина қызметтерінің маңызы ерекше. Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек қолжетімді болуы үшін жедел қызметтерді жетілдіре түскен дұрыс, – дейді Татьяна Чернышова.

Біздің анықтама:
Санитарлық авиация қызметіне 2018 жылы 1000 қоңырау келіп түскен. 163 науқас орталыққа тікұшақпен жеткізілсе, 149 рет аудандарға автокөлікпен шыққан. Қызмет мамандары 32 науқасқа операцияныбарған жерлерінде жасаған. Барлығы 1058 адамға медициналық көмек көрсетілсе, олардың 462-і балалар.
Телемедицина жүйесі бойынша 2019 жылдың 1-тоқсанында республикалық клиникалармен 11 видеоконсультация жүргізілген. Аудандық ауруханаларға 77 телемедициналық кеңес, 12 видеоконсультация берілді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button