Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтар: Ораза ұстап келе жатқанымызға біраз жылдың жүзі болды
Таяуда Өскеменде Алматы облысының мәдени күндері өткен болатын. Осынау шара аясында жетісулық өнерпаздар шығысқазақстандықтарға «Жер жаннаты Жетісудан алтын Алтайға» атты концерттік бағдарламаны ұсынған-ды. Бағдарлама шеңберінде өнер көрсеткендердің арасында Шығыстың қызы Айткүл мен күйеубаласы Қанат Құдайбергеновтер де болды. Концерттен кейін біз ерлі-зайыпты әншілермен сұхбаттасқан болатынбыз.
Өткен жылы үш ауданға концерт қойдық
– Айткүл апай, Қанат жезде Өскеменге қош келдіңіздер. Соңғы рет Шығысқа қашан келіп едіңіздер?
Айткүл: – Біз жыл сайын облыс, аудан орталықтарына шығып, есеп беру концертімізді өткізіп отырамыз. Былтыр ғана Зайсан, Үржар, Тарбағатай аудандарын аралап, концерт беріп кеткенбіз. Жалпы, бұл жақта да тыңдарманымыз жетерлік. Қай аудан, қай қалаға барсақ та, халық қошеметтеп қарсы алып жатады. Өзің біліп тұрсың ғой, мен осы Шығыстың қызымын. Зайсан ауданындағы Айнабұлақ деген ауылда туып-өскенмін. Әншілік маған әке-шешемнен дарыса керек. Өйткені, екеуі де өнерлі адамдар еді. Шешем домбырамен ән салатын. Әкем екеуі қосылып дуэт айтатын. Бір сөзбен айтқанда ауылдағы той-томалақтың гүлі еді ғой. Отбасымызда сегіз бала болсақ, бәрі де өнерлі болды. Айгүл деген ең үлкен әпкем де, сіңлілерім де, Арыстанбек деген інім де ән салып, домбырада ойнайды. Кейін мен Алматыдағы Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, Ғарифолла Құрманғалиевтің класынан бітіріп шықтым. Осы жерде Қанатпен танысып, отбасын құрдым. Содан бері екеуіміз өнерде қол ұстасып бірге келе жатырмыз.
Қанат: -Иә, Айткүл екеуіміз 1975 жылы эстрада-цирк студиясында оқып жүрген кезімізде таныстық. Ол кезде қыздарға көз тастай бастаған бозбаламыз ғой. Қыздардың ішінен таңдайсың дегендей. Сонда жеті-сегіз қыздың ішінен осы Айткүлге тоқтадым. Бір айдың ішінде сөз салып, дос болдық. Достығымыз кейін махаббатқа ұласып, 1976 жылы отау құрдық. Ата-енем туралы айтар болсам, қазір екеуі де өмірден озды. Атам марқұм домбырада күй тартып, ән салатын. Ал енді енемнің дауысы кәдімгі Күләш Байсейітованың дауысы сияқты еді ғой. Нағыз табиғи дарын иесі еді. Тегінде өнер дегеннің қанмен, текпен келетіні шындық. Кейбіреулер он жыл бойы музыкалық білім алғанымен ештеңе шығара алмайды ғой. Өйткені, ондайлардың ар жағында түк жоқ. Ал табиғи талант қайда болса да жарқырап көзге түседі.
Жұп болып ән айтуды қашан бастадыңыздар?
Айткүл: Студияда мен терме, жыр класын бітіргеніммен, Қанат Құбыш Мұхитовтың күй класын тәмамдаған. Ол кісі негізінен мықты күйші. Бірақ кейін екеуіміз бірге ән айта бастадық. Кеңес заманында қысы-жазы гастрольде жүретін едік қой. Мынау қыс екен, күн аяз екен деп сені ешкім де үйде отырғызып қоймайтын. Ол кезде метраж деген болатын. Бір сағат қырық минут концерт қоюың керек. Бұл қатып қалған заң. Ал адам болған соң, ауырмай, сырқамай тұрмайды ғой. Сондай кездерде ауырып сахнаға шыға алмай қалған әншілердің жоқтығын білдірмей, Қанат екеуіміз бірге ән айтып жүрдік. Байқасақ, біздің өнеріміз көрерменге ұнайтын сияқты. Қошеметтеп қол соғады, сахнадан жібергісі келмейді дегендей. Шыны керек, алғашында жоғары жақта отырғандар өнерімізді жақтырмады, «халық әнін былай айтуға болмайды, өйтуге, бүйтуге болмайды» деп көп сынады. Бірақ халық ұнатты. Осылайша жездең екеуіміз бірге ән салып кеттік қой.
Қанат: – Бүгінгі таңда репертуарымызда жүзден астам ән бар. Көпшілігі халық әндері, халық композиторларының әндері.
Ойымыз бір жерден шығып жатады
– Әнді қалай таңдайсыздар? Ән таңдаған кезде, келіспей қалатын кездеріңіз бола ма? Жалпы, өмірде ренжісіп қалсаңыздар, бірінші болып кім кешіреді?
Айткүл: Әнді бірге таңдаймыз. Ең бірінші әннің сөзі мен сазының үйлесімділігіне назар аударамыз. Келіспей, керісіп қалатын кездеріміз болмайды. Өйткені, біз бір-біріміздің пікірімізді, көзқарасымызды сыйлаймыз. Жалпы, ерлі-зайыпты болып өмірде де, өнерде де бірге жүргеннен соң, сыйластық міндетті түрде керек. Арада сыйластық болмаса, өнерде де, өмірде де алға жылжу, жетістікке жету мүмкін емес. Бір жақсысы, көбіне Қанат екеуіміздің ойымыз бір жерден шығып жатады.
Қанат: – Мен өзі өмірде көп ашуланып, күйіп-піспейтін адаммын. Мінезім жайлы. Одан кейін әйел адамның шаруасы көп қой. Кейде анау жетпей, біресе мынау жетпей, жүйкесі тозып жүретін кездер болады. Сондай кездерде мен үндемеймін. Сосын ақырындап қас-қабағы жазылып, дұрысталды-ау деген кезде, «жаным, кемпірім» деп айналып-толғанcам, бұлт арасынан шыққан күндей жарқырап шыға келеді.
– Айткүл апай, Алматы облысы Райымбек ауданының келіні екеніңізді білеміз. Оңтүстікке келін болғанның өзіндік ерекшелігі, қиындығы бар шығар?
Айткүл: Иә, Райымбек ауданының келінімін. Өзіміздің Зайсан өңірі секілді ол да шекаралық аудан, ол да қазақы аудан. Оңтүстікке келін болғаннан ешқандай жаманшылық көрген жоқпын. Келін деп ешкім кеудемнен кері итерген жоқ. Әрі Қанат қасымда болғандықтан ба өзім де ешқандай қиыншылықты сезінбедім. Сүйгенің қасыңда болса, бәрін де жеңеді екенсің. Дегенмен, жалғыз өзім алыс жақта болған соң, үйді, елді сағынасың, әрине. Қанаттар отбасында алты ағайынды. Біреулер Оңтүстікке күйеуге тисең, басыңа орамал тағып, үйге отырғызып қояды деп ойлайтын болса керек. Жоқ, олай емес. Мені алыстан келген келін деп енем еркелетіп ұстады. Орамалды тағатын жерде тақтым, тақпайтын жерде таққан жоқпын. Бәрінің де орны бар ғой. Басқа орамал тағу деген ол тазалық шындап келгенде. Әсіресе, әйел адамның ас әзірлегенде басына орамал таққаны жақсы. Басында Өскемен орыс жері, салт-дәстүрді көп білмейтін шығар деп ойлады мені. Бірақ мен туып-өскен Зайсан өңірі нағыз қазақы жер. Тіпті, кейін өзге өңірлермен салыстырып қарасам, мүлдем қазақи екен. Енемнің жақсылығы ғой «Қанатыңнан қалма, бірге жүріңдер» деді. Баламызды да бағып-қағып көмектесті. Өнерімді қолпаштап, қолдау көрсетті. Киелі жерге барып, келін болып түскендікі шығар, Қанат екеуіміз қол ұстасып, осындай деңгейге жеттік. Жалпы, Шығыстың бір қасиеті күйеубалаларын ерекше қастерлейді ғой. Менің ата-анам да, сіңлілерім мен бауырларым да Қанатқа ерекше қарайды. Себебі, бұл өнер адамы болғаннан кейін бе, жоқ әлде өзінің адамдарға деген қарым-қатынасы өзгеше ме, білмеймін, бәрі әйтеуір асты-үстіне түсіп, бәйек болады да қалады. Жалпы, адамды гүлдендіретін көркем мінез ғой. Бәлкім, сол мінезге байланысты да шығар деп ойлаймын.
Қанат: – Айткүлдің айтқаны рас. Қайынжұртыма барған кезде үнемі мені төрге шығарып, еркелетіп ұстайды. Кейінгі кезде «Пайғамбар да, наймандар да күйеубалаларын сыйлаған» деген сөз шығып жүр ғой. Сол рас.
Адалдығы ерекше ұнайды
– Айтыңызшы Айткүл апайымыздың қандай қасиетін қатты бағалайсыз?
Қанат: – Айткүлдің адалдығы, тазалығы қатты ұнайды. Бір айтса, турасын айтады. Сипақтап, астарлап сөйлеу деген Айткүлге жат. Кейде қатты айтады, кейде жұмсартып айтады, бірақ турасын айтады. Одан кейін өзім де ол турасын, расын айтып тұр ғой деп ойлаймын да көп үндемеймін. Әйтпесе, біз де еркекпіз ғой. Ол айқайлап жатса, бақанымызды алып біздің де шыға келуімізге болады. Бірақ оның тура айтып тұрғанын, шындықты, ақиқатты айтып тұрғанын біліп, мен ондайға бармаймын.
– Соңғы кездері дәстүрлі әндердің насихатталу деңгейіне көңілдеріңіз тола ма?
Айткүл: – Дәстүрлі әндер өте жақсы насихатталып жатыр. Дәстүрлі әншілер әсіресе радиодан жақсы беріледі. Ел ішінде жақсы айтылады. Қазір қаншама талантты, өте білімді дәстүрлі әншілер бар. Енді оларға көңілім толады. Бірақ енді телевидение таза эстрадаға бет бұрып кетті. Телевидениеде насихат жағы кемшіндеу. Оны мойындауымыз керек.
– Гастрольге шығу, ұзақ жол жүру шаршатпай ма?
Қанат: – Қазақ «Жазған құлда шаршау жоқ» дейді ғой. Өнер адамының шаршауға қақысы жоқ. Ел аралау, өнерді паш ету – біздің міндетіміз.
Айткүл: – Біз шығармашылықтың, салт-дәстүрдің басы болып жүрген адамбыз ғой. Сондықтан да бізге жүктелер жауапкершіліктің жүгі өте үлкен. Өнер адамы шаршаса, онда халықтың өнері, салт-дәстүрі құрдымға кетті дей беруге болатын шығар. Қанат екеуіміз өнер жолымызды ең бірінші Қарағанды филармониясындағы «Гәкку» ансамблінен бастағанбыз. Содан кейін еліміздің бетке ұстар ансамблі «Гүлдерге» шақырып алды. Осы «Гүлдермен» дүниежүзін араладық. Санасақ, 22 елге барыппыз. Алты құрлықтың төртеуінде болыппыз. Төрт мұхиттың үшеуін көріппіз. Қазір Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында еңбек етіп келеміз. Құрамында 200 адамы бар өте үлкен өнер ұжымы. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Сондықтан да біз халыққа қызмет етуден еш шаршамаймыз.
– Әйел адам болған соң, оның үстіне өнерде жүрген соң, өзіңе-өзің қарау маңызды ғой. Сұлулығыңыз бен сымбатыңызды қалай сақтайсыз?
Айткүл: – Менде алып бара жатқан керемет бір сұлулық жоқ. Тіпті, салондарға да бармаймын. Өйткені, ол – бизнес. Білетінім, адамның ішкі жан дүниесі таза болса, сұлу көрінеді. Ішкі жан-дүниесі лас болып, сыртың жылтырап тұрғаннан пайда не? Адамның өзіне тән әдемілігінен артық әдемілік болмайды деп ойлаймын.
– Қанша немереңіз бар? Қандай әжесіз?
Айткүл: – Қанат екеуіміз қанша жерден өнерде жүрсек те, ең бірінші отбасын алға қойған адамдармыз. Екеуміз үш ұл бір қызды тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Құдайға шүкір, бүгінде әрқайсысынан екіден, үштен немерелеріміз бар. Жаман әже емеспін. Немерелеріме білгенімді үйретемін, ойнатамын. Бір жаққа кетсек, «Ата, апа қашан келесің?» деп сағынып, қоңырау шалып жатады. «Сарқыт әкелдің бе?» деп сұрайды. Барған жерімізден немерелерімізге деп бірдеңе алып та жүреміз.
– Қанат жезде, Айткүл апамыз тамақты жақсы әзірлей ме? Қандай тағамын ерекше ұнатасыз?
– Шығыстың түшпарасын ерекше жақсы көремін. Сосын Айткүлдің асқан етіне жететін тамақ жоқ. Жалпы, мен еті бар тамақтарды жақсы көремін. Жапонияға барғанда менің «Мясо сан» деген атқа ие болғаным бар.
– Қазір қасиетті Рамазан айы ғой. Ораза ұстайсыздар ма?
Қанат: – Ораза ұстап келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Жыл сайын Рамазан айын асыға күтеміз. Ол енді салауатты да, сауапты өмір салтымыз ғой.
Айткүл: Оразаның пайдасы туралы көп айтылып, жазылып та жүр ғой. Оразадан кейін керемет жеңілденіп қаласың.
-Әңгімелеріңізге рахмет. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали