«Дидардың» қонағы

Қанат ИСЛАМ: – Кубалық Эрисланди Лара ұсынысымыздан екі рет бас тартты

Қанат ИСЛАМ:  – Кубалық Эрисланди Лара ұсынысымыздан екі рет бас тартты


Жуырда әлемге қазақ атын танытып жүрген мықты кәсіпқой боксшыларымыздың бірі Қанат Ислам Шығыс Қазақстанға келіп бірнеше кездесулер өткізді. Дарынды балаларға арналған спорт интернатында болашақ чемпиондармен кездесіп, ақыл-кеңесін айтты. Қонақты әуежайдан күтіп алған Өскеменнің іргесіндегі Шығыс кентінің азаматтары батырды ауылға шақырып, ат мінгізіп, шапан жапты. Ел ықыласына дән риза болған Қанат аталмыш ауылдың мектебіне боксқа қажетті құрал-жабдықтар сыйлады. Осы сапарда боксшымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Әкем мені молда қылмақшы болыпты

– Бала-шағыңыз туралы айта кетсеңіз. Кімге еліктеп өстіңіз?

– Мен туған өңір – Қытайдың Алтай аймағы, Қаба өңірі ежелден қарға тамыр қазақтың жері. Ағам спортты өте жақсы көрді. Мені 7-8 жастан бастап жаттықтырды. Менің боксшы болуым – ағам Ерланның арманы еді. Ол менің чемпион болуымды қатты армандады. Ал әкем болса мені молда қылмақшы болыпты. Бірақ тентектеу болып өстім де, спортқа кетіп қалдым. Ағам жігіт адам мынадай болу керек деп, ақылын аямай миыма құйып өсірді. Алғашқы бапкерім – Мұрат Бошай ұлы. Одан кейін қазақстандық Дамир Буданбеков, Нұрғали Сафиуллиннен, Ғалым Кенжебековтен тәлім алдым. Өзімді бақытты боксшымын деп есептеймін. Егер осы кісілер ұстаз болмағанда ауылда қарадомалақтардың бірі болып жүретін едім. 11 жасымнан бастап интернатта өстім. Арман-мақсаттарым көп болатын. Ең бастысы, қайтсем де Олимпиадаға бару – мен үшін армандарымның ең зоры еді. Кішкене кезімізден Қазақстанға көшу керек деген тәрбиемен өстік. Көп қазақтың бірі емес, бірегейі болып оралу керек деген шешімге келдім. Келіп жатқандар көп қой. Бірақ менде келгеннен кейін жақсы бір нәтижемен, дәрежемен келу керек деген мақсат болды.

Ең алғаш бокс залына келгенде жаттықтырушымыз бәрімізді қатарға тұрғызып, «Залға неге келдіңдер?» деген сұрақ қойды. Бәріміз бірауыздан «Чемпион болуға!» деп айғай салдық. Сонда жаттықтырушымыз «Маған чемпион керек емес. Чемпион болудың мән-мағынасын терең түсініңдер. Маған ең алдымен адам керек! Керек десеңдер, екінің бірін жеңімпаз дәрежесіне көтере аламын, бірақ чемпион атағын сақтап, адам болып қалғандарың мен үшін одан да қымбат. Чемпион болғандар көп, бірақ сондық салмақты көтере алмай қалғандар да жоқ емес. Сендер бір ұлттың уәкілі боласыңдар. Іні-қарындастарың сендерге қарап бой түзейді» деп жауап берді.

Сидней Олимпиадасында қазақтың туын көкке желбіреткен Бекзат, Ермахан ағаларымнан үлгі алдым. Олимпиада чемпиондары менің көз алдыма ертегідегі диюлар секілді көрінетін. Алдыңғы буын ағалардың өнерін тамашалап, көкейімізге арман ұялады.

– 29 қазан күнгі жекпе-жегіңізді көрдік. Жеңісіңіз бүкіл қазақтың қуанышы болды. Қазақ жерінде енді кездесу өткізесіз бе?

– Қазір келесі кездесу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Осы жекпе-жектен кейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мені қабылдады. Елбасымыз министрге «Қанаттың келесі жекпе-жегі ЭКСПО кезінде өткізілсін» деген тапсырма беріпті. Сол жекпе-жекті ЭКСПО кезінде өткізуге келісіп жатырмыз. Оған дейінгі жекпе-жегім Америкада өтеді деп жоспарлап отырмыз.

– Соңғы рет өткізген кездесуге қанша уақыт дайындалдыңыз?

– Соңғы кездесуге бес ай бойы үздіксіз жаттықтым. Дайындыққа 100 пайыз өзіңді арнағандықтан, туған-туыстың тойына, тілеуіне бара алмайсың. Өйткені, бір күндік жаттығуды үзу – күні ертең жеңілісіңе себеп болуы мүмкін. Бір сәтке босаңсуға қақың жоқ. Өз-өзіңді ұстасаң ғана жетістікке жетесің. Спорттың тізгінін ұстадың ба – сенің досың, сырласың, тіпті әке-шешең осы спорт болуы керек. Осы уақытқа дейін өткізген 22 жекпе-жегімнің бәріне де жатпай-тұрмай дайындалдым. Кейбір кездесулерім күрделі, кейбірі ойлағаннан әлдеқайда оңай өтті. Спорт сонысымен қызық.
Мигель Коттомен келісім жүргізіп жатырмыз

– Америка сізге не берді?

– Америкаға ең алғаш барған кезде жаттықтырушым Нельсон Лопес «Қанат, ең алдымен бокстан бұрын дұрыс тамақтануды үйрен» дегенін естіп, таңғалдым. Екі бірдей жазғы Олимпиадаға, екі Әлем чемпионатына, қаншама азия ойындарында бағымды сынаған спортшы ретінде жаттықтырушының ақыл-кеңесін қабылдай алмадым. Сөйтсем, үш раунд қана рингке шығатын боксшылар он екі раундтық кәсіби боксқа келгенде тез шаршап қалады екен. Неліктен? Сөйтсек, біз дұрыс тамақтанбайды екенбіз. Мен 2003 жылдан бері кока-кола, пепси секілді газдалған сусындарды ішпеймін. Нан, еттің қамырын жемегелі 4-5 жыл болды. Қазір Америкаға барып, боксты басқа қырынан танып келемін. Мен үшін әуесқой бокс кәсіпқой бокстың алдындағы бір мектеп болып қалды.

– Шаршы алаңда енді қанша жыл жүрем деп ойлайсыз? Өз салмағыңыздағы әлем мықтыларымен кездесуге асықпайсыз ба?

– Алдағы уақытта спортта қаншалықты жүретінімді бір Алла біледі. Әлі 5-6 жыл бағымызды сынап көретін шығармыз. Бізде ең биік шың – олимпиада, одан кейін бітті, құлайсың деген ұғым сіңіп қалған. Олимпиада чемпионы болған жігіттер өздерін жоғалтып жатады. Егер Ермахан, Мұхтархан ағаларымыз кәсіпқой боксқа бет бұрғанда, онда күллі әлем қазір қазақты бокстан мойындап отырар еді. Олардан жеңілген талай боксшы қазір кәсіпқой бокста атой салып жүр. Жасыңның 30-дан асқаны еш кедергі болмауы тиіс. Мен қазір 32-демін. Кезінде ата-бабаларымыз жауға шапқанда, қой 30-дан асып қалыппыз, енді сендер шабыңдар деген жоқ ғой. 70-ке дейін жекпе-жекке шыққандар болды. Шалмын десең отызыңда шал боласың. Америкада 50 жасқа дейін бокстаса береді. Бұл тәрбиенің қателігі. Бізде боксшылардың барлығы әуесқой боксқа қатты берілген. Қай жасқа келсең де бірқалыпты жағдайды ұстауға тырысу керек. Жігіт адам бір жеңіліспен жерге кіріп, бір жеңіспен аспанға шықпауы тиіс. Мен де чемпиондармен жұдырықтасқым келеді. Кейбір боксшылардың нокаутының өзі менің кездесуімнен көп. Қазіргі таңда WBO рейтингінде көрсеткішім жақсара түсті. Алла бұйырса, тек қана дайындыққа баса көңіл бөлу керек. Кедергілер көп. Кәсіпқой бокстың қыры мен сыры мол. Қазір менің промоутерлерім бұл жағында жұмыс істеп жатыр. Мигель Коттоның промоутерлерімен келісім жүргізіп жатырмыз. Бірінші орта салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы кубалық Эрисланди Лара екі рет ұсынымыздан бас тартты. Әлемдік ондыққа кіргеннен кейін чемпиондық атақтарға таласуға мүмкіндіктер туып отыр.

– Сіздің туған жеріңіз Қаба ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының ауасы бір, табиғаты ортақ. Яғни, мұнда келсеңіз туған жеріңізде жүргендей күй кешетінің шындық. Сұрайын дегенім, осы өңірден мектеп ашу ойыңызда бар ма?

– Шығыс Қазақстанда спорт мектептері өте аз. Болашақта спортзалдарын ашу, жастарды дайындау, спортты көтеру ойымда бар. Болашақтағы арманымыз – қазақтың спортын шыңға шығару. Шығыста мүмкіндік болып жатса, мектеп ашуға болады. Қаншама туған-туыстарым, нағашыларым осы өңірге көшіп келді. Туысшылап келіп тұрамын. Алда жоспарлар көп. Арық айтып, семіз шығайық. Бәрін ісіммен дәлелдегім келеді.

– Уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!

– Сіздерге де рақмет!

Қанат ИСЛАМ:  – Кубалық Эрисланди Лара ұсынысымыздан екі рет бас тартты

Сұхбат құрған – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button