Денсаулық сақтау

Ананың даусын естуден асқан бақыт жоқ

 Жаңа жыл құлағы мүлде естімейтін төрт жастағы Кира есімді бүлдіршін үшін керемет қуанышпен басталды. Мереке қарсаңында облыстық ана мен бала орталығында есту қабілеті бұзылған екі бүлдіршінге шетелдік маман келіп, ота жасаған еді. «Енді Кира үшін жаңа өмір басталды! Енді ол менің-анасының, жақындарының, достарының даусын ести алады! Бұдан артық бақыт жоқ шығар!» деп толғанады Кираның анасы Нина Сарсембаева.

Есту қабілеті бұзылған бүлдіршіндерге жасалған оталар олардың анасының даусын, табиғаттың тамаша үнін естуге мүмкіндік береді. Ал анасының даусы деген бала үшін керемет сиқырлы әуен. Бұл ойымызды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Илияс Мұхамеджан да қостады.

-Әрине,бала ана сезімін сезініп, жылы сөздерін естіп өссе, ұлы ақын-жазушыларымыздың керемет сөздерімен сусындаса, қазақтың әндері мен әсем күйлерін тыңдаса, бұл  үлкен ғанибет! Балақайдың қоғамға араласуы, тұлға болып қалыптасуы үшін қажетті дүниелер. Бүгін біз екі балаға осындай керемет тарту жасадық. Қазір олардың жағдайлары жақсы, алдағы үш аптада мамандар бақылауда ұстайды, үш аптадан кейін сурдологтар сөйлеу процессорын іске қосады, – деген болатын басқарма басшысы.

Мұндай оталар өңірімізде бұрын-соңды жасалып көрмеген. Сол себепті бүлдіршіндерді операцияға іріктеу барысында отадан бас тартқан ата-аналар да болыпты. Оларды түсінуге де болады. Ота жасау қашан да тәуекел, ешкім де естіп кететініне жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Операциялар күрделі, баланың ортаңғы құлағына имплант қойылады.

-Облыс әкімінің бағдарламасының шеңберінде Словакиядан келген ментор, профессор  Милан Профантпен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасы отоларингология бөлімшесінің меңгерушісі Арман Абилев шеберлік сыныбы барысында қалай ота жасауды көрсетіп қана қоймай, біздің дәрігерлерді оқытады. Менторлық бағдарлама өзіміздің мамандарды үйретуге, біліктіліктерін шыңдауға бағытталған, – деп тарқатып айтып берді Илияс Мұхамеджан.

Бағдарлама аясында шығысқазақстандық дәрігерлер Словакияға барып оқиды. Одан кейін шетелдік мамандар тағы да бізге келіп, олардың алған теориялық білімдерін тәжірибеде  қалай қолданатындарына жұмыс барысында  бақылау жасайтын болады.

-Бұрын шетелдіктер келіп, ота жасап, кете баратын. Енді олар оқып келген мамандарымыздың жұмысын кемінде бір жыл бақылап, кемшін тұстарын үйретеді.  Қажет кезде біздің дәрігерлер науқастардың ауру тарихын электронды поштамен жіберіп, емдеу тактикасынбірге таңдайды, кеңеседі. Бүгінгі таңда заманауи жоғары технологияларға нық қадам бастық,- деп түсіндірді ведомство басшысы.

Туа біткен кереңдік үлкен проблема

Бүлдіршіндерге ота жасаған Словакиядағы Братислав университетінің ЛОР клиникасының жетекшісі, отоларингологтардың Еуропалық қауымдастығының бас хатшысы, профессор Милан Профанттөрт жастағы Кираның құлағы бір-екі жасында мүлде естімей қалғанын айтады. Профессор бұл генетикалық ауытқушылықтан немесе екпенің салдарынан болуы мүмкін екенін жасырмады. Екінші бала туғаннан керең.Профессордың түсіндіруінше, кереңдіктің екі түрі болады: есту қабілеті кейін бұзылған немесе туа біткен кереңдік.  Доктор бізге осындай балақайларға қалай көмектесуге болатынын жан-жақты түсіндіріп берді.

-Есту органының дамуы бұзылған балалар болады, анатомиясы өте күрделі, сау адамдардікінен мүлде бөлек. Бұл жерде дыбысты ішкі құлақтың сүйек стимуляциясы арқылы беруге болады. Біз имплант орнатамыз, ол процессордан энергия қуатын бас сүйектің стимуляциясы арқылы ортаңғы құлаққа жібереді де, балалардың естуіне мүмкіндік береді. Ал туа біткен кереңдік үлкен проблема. Әлемдік статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  өмірге келген 1000 нәрестенің біреуі керең болып туады. Салыстырмалы түрде айтсақ, тілі шықпау 10 мың нәрестенің біреуінде кездеседі. Туа біткен кереңдікке отаны неғұрлым ерте,  бір-екі жасында жасаса, нәтижесі де ойдағыдай болмақ. Кейбір ересек балаларда да есту қабілетінің бұзылуы кездеседі. Бірақ олардың ішкі құлағы жақсы дамығандықтан, есту қабілетін қалпына келтіруге әбден болады. Ол үшін дыбысты  сүйек стимуляциясы арқылы беретін есту аппаратын ертерек қойған дұрыс. Есту аппараты тербеліс принципі бойынша энергияны ішкі құлаққа жібереді де, бала естиді.

Ота жасалған балаларды мүлде жазылып кетті деуге бола ма? Оларда мүгедектік сақтала ма?

-Құлан-таза жазылды деуге келмейді. Өйткені олардың есту қабілеті есту аппараттарына тікелей байланысты. Егер оның батарейкалары отырып қалса, бала қайтадан естімей қалады. Балақай аппаратқа өмір бойы тәуелді, бірақ ең бастысы – есту мүмкіндігі бар.

Біз жаңа құлақ қалқаны жоқ балаларды да көрдік. Бұл кемшілікті қалай түзеуге болады? Сіздер оған да ота жасайсыздар ма?

– Біз тек есту қабілетіне ғана ота жасаймыз. Құлақ жарғағының болмауы, бұл – алдымен  эстетикалық кемшілік, оған пластикалық  операция қажет. Бұл көбінде баланың ата-анасын алаңдатады, өйткені бүлдіршін өзін көрмейді. Мұндай жағдайда жасанды қалқан жасауға болады.

Өңірде есту қабілеті бұзылған 500 бала есепте тұр

Туа біткен кереңдіктің республикалық көрсеткіші әлемдік статистикадан өзгешелеу екен. Облыстықденсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс құлақ-мұрын дәрігері  Ержан Сапарғалиевтің айтуынша, елімізде 1000 нәрестенің екеуі керең болып туса, үш жасқа дейінгі 1000 бүлдіршіннің 2-3-уінде есту қабілеті бұзылады немесе мүлде жоғалып кетеді. Құлақтың естімеуі балақайдың әлеуметтенуіне, қоғамға сіңісуіне кедергі келтіреді, ол мылқау болып қалуы мүмкін.

-Облыста есту қабілеті бұзылған 500 бала есепте тұр. Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы бойынша кереңдікке ота жасау қолға алынған. Елімізде ота 2007 жылдан бері жасалып келе жатқанымен, бізде тұңғыш рет жасалды. Бұрын тек Алматыда жасайтын. Балақайлардың ота жасауға келетін, келмейтіні болады. Құлақ құрылысының туа біткен кемістігі, компьютерлік томография зерттеулерінің қорытындысы терең тексеріліп, ота жасауға келетіндері іріктелді. Отаның сай келетін түрі таңдап алынды, – дейді Ержан Сапарғалиев.

Маманның сөзіне қарағанда, ішкі құлақ, ортаңғы құлақ импланттары бар, сондықтан ота жасауға дайындық жан-жақты жүргізілген. Ержан Сапарғалиев операция қанша сәтті өткенімен, оның нәтижесі оңалту шараларына байланысты екенін жасырмайды.

-Бізде отадан кейінгі оңалту жағына жөнді көңіл бөлінбей келеді. Қосымша қаржы бөліп, сурдомұғалім сияқты мамандар даярлауымыз керек. Бүгін қойылған импланттардың құны 50-60 мың доллар, «Медел» деген өндірушінің өнімі. Алдымен ата-аналар  аппаратты қалай қосу керектігін меңгеруі тиіс. Ота жасалғанымен, бала бірден естіп кетпейді. Балақаймен мамандар жүйелі жұмыс істеуі керек. Күнделікті айналыспаса, дұрыс нәтиже болмайды, – дейді облыстың штаттан тыс құлақ-мұрын дәрігері.

Бұл жерде ата-аналар тарапынан көп түсінбеушіліктер де кездеседі. Олармен психологтар, сурдопедагогтар сөйлесіп, отаның бала үшін қандай мүмкіндіктер ашатынын түсіндіруі қажет. Баланың операциядан кейінгі оңалуы да ортақ күш-жігердің нәтижесі екенін де жеткізіп айтып бермесе, кейбір ата-аналар имплант қойса болды, есту қабілеті қалпына келді деп жаңсақ ойлайды екен.

«Енді Кира үшін жаңа өмір басталды! Сіздер нағыз Аяз атасыздар! Енді ол менің-анасының, жақындарының, достарының даусын ести алады! Бұдан артық бақыт жоқ шығар!» деп толғанады Кираның анасы Нина Сарсембаева.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button