Президент тапсырмасы

Ана мен бала денсаулығы – ұлт болашағы

Өткен жылдың он бір айында облыста 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші біршама төмендеді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім 18,1, қатерлі ісіктен болатын өлім 7, тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім 30,1 пайызға азайды. Ана (10,2%) мен нәресте өлімінің (11,4%) төмендегені қуантады.

Биыл Президенттің сайлауалды тұғырнамасын іске асыру басталды. Онда денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды жетілдіру, денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту, онкологиялық қызметті, босандыру және балалық шақ қызметін жаңғырту, денсаулық сақтауды цифрландыру сынды басым міндеттер айқындалды.

Облыста медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, кадр даярлау бойынша жоспарлы жұмыс жүруде.

Ана мен баланы қорғау – облыстық денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыты. Қолжетімді әрі сапалы акушерлік-гинекологиялық көмекті қамтамасыз ету үшін медициналық көмек көрсету қызметін дамытудың үш деңгейлі интеграцияланған моделі құрылды. Мәселен, бірінші деңгейде көмек асқынуы жоқ жүкті әйелдерге, екінші деңгейде жүктіліктің созылмалы аурулары мен асқынулары бар жүкті әйелдерге, үшінші деңгейде ауыр созылмалы аурулары бар жүкті әйелдерге, ана мен баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнгенде көрсетіледі.

Катонқарағай және Зайсан аудандық ауруханаларының перзентханалары күрделі жөнделіп, босану кезінде көмек көрсетудің екінші деңгейіне көшті.

Зайсан қаласы мен Үлкен Нарын ауылындағы жаңартылған перзентханалар болашақ аналарды қабылдауда. Бөлімшелер жүктіліктің 32-аптасында туған сәбилерді жетілдіруге арналған заманауи жабдықтармен жарақталған. Олар – жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйе, нәрестелерді оттегімен қамтуға арналған желдеткіш, кардиотокограф, ультрадыбыстық аппарат, трансформаторлық креслолар және басқалар.

Мысалы, Үлкен Нарын ауылындағы перзентханада тұрмыстық техникамен жабдықталған жеке палаталар бар. Сонымен қатар мекемеге жоғары технологиялық медициналық құралдар орнатылды.

Зайсан ауданының перзентхана бөлімшесі де жаңартылды, медициналық жабдықтар, жиһаз алынды.

Өскемендегі Ана мен бала орталығында консультативтік-диагностикалық бөлімше ашылды. Бұл жерде Vanadis тестілеу жүйесі пайдалануға берілді. Ол ұрықтың анеуплоидиясын анықтау үшін қолданылады. Бөлімшенің мақсаты – отбасын жоспарлау кезеңінен босанғаннан кейінгі кезеңге дейін білікті акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету. Енді облыс әйелдері отбасын жоспарлаудан бастап бір жерде медициналық қызметтердің толық циклін ала алады, жүктілік кезінде мамандар бақылауында болады. Осы жерден Ана мен бала орталығына босануға барады, ал босанғаннан кейін барлық оңалту қызметтері көрсетіледі.

Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге білікті медициналық көмек көрсету үшін Консультативтік-диагностикалық бөлімше базасында ұрықты қорғау орталығы құрылды. Өткен жылы ғылыми және республикалық клиникалардың мамандарымен бірлесіп, жүктілік және босану ағымы асқынған әйелдерге телемедицинаның 36 сессиясы өткізілді. Санитарлық авиация 23 рет ұшып шықты, бір әйелге ота жасалды, 23 әйел ауыр жағдайда облыс орталығына жеткізілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 31 әйел құтқарылды.

Биыл Ақжар және Күршім ауылдарындағы аудандық ауруханалардың босандыру бөлімшелерін екінші деңгейге ауыстыру жоспарлануда.

Денсаулық саласында атқарылып жатқан шаралар халықтың өмір сүру ұзақтығын 72,4-тен 73,3 жасқа дейін ұлғайтуға, қан айналымы жүйесі ауруларынан және қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтуға тиіс. Жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі 6,5 есе, мамандандырылған медициналық көмектің көлемі 2 есе артады.

 Шолпан Мақашева,

денсаулық сақтау басқармасы басшысының

ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары

Осы айдарда

Back to top button