Денсаулық сақтау

Ана болудан артық бақыт жоқ

Ана болудан артық бақыт жоқ


Әйел үшін мынау өмірге сәби әкелгеннен артық бақыт бар ма? Кіп-кішкентай періштені аман-есен босанып, бауырына басқан бір сәтте-ақ ана байғұс тоғыз ай тоғыз күн бойы көрген қиындығы мен азабын ұмытып сала береді. Құшағындағы балбыраған бақытқа ет-жүрегі елжірей, емірене қарағанының өзі ғажап қой, шіркін. Осы орайда біз оқырмандарымызға облысымызда қаншама әйелді өз қолымен аман-есен босандырып, көл-көсір қуаныш сыйлаған жан жайында әңгімелегіміз келеді. Ол – жоғарғы санатты дәрігер, акушер-гинеколог Сәуле Марксқызы Жақсылықова.

Әкесін үлгі тұтқан қыз

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сәуле Марксқызы Жарма ауданына қарасты Еспе деген кеніште дүниеге келіпті. Әкесі – кенші, анасы – өмір бойы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген қарапайым жандар. Сәуле Марксқызы өмірде қол жеткізген жетістіктерінің барлығын бала кезінде ата-анасы берген тәлім-тәрбиемен байланыстырады.

– Отбасында алты бала болдық. Әкем өзі керемет сауатты адам болмаса да, балаларының білімді болғанын жанымен қалады. Бәрімізге жоғары болсын, орта болсын білім беруге тырысты. Балаларының тәрбиелі де білімді адам болуы үшін ешқашан уақытын да, ақшасын да аяған емес. Өте еңбекқор жан еді. Шынымды айтсам, мен тіпті, өмірімде әкемнің бой жазып, тынығып жатқанын да көрмеппін. Бәлкім, анасынан ерте жетім қалып, жоқшылықты көргеннен соң да болар, тыным таппайтын еді. Дастарханның мол болып, балаларының киімінің бүтін болғанын қатты қадағалайтын. Ал қымбат жиһаз, дүние алуға жоқ еді. Кейіннен Ұлан ауданына қарасты Айыртау деген ауылға көшіп келдік. Бұл жерде де әкем мал ұстады, құс өсірді. Тіпті, өзі өсірген азын-аулақ малдың етін базарға апарып сатып, қаражатын бізге жіберетін.

Әлі есімде, бір күні менің қайным қаладағы базардан үйрек сатып тұрған әкемді көріп қалып, маған айтып келгені бар. Тіпті, «құдаға не жетпейді?» деп мысқылдап күлгендей де көрінді. Бұл менің жаныма қатты батып кетті. Әкеме қоңырау шалып: «Папа, неғып базарда жүрсің? Не жетпейді саған?» деп шамданғандай болдым. Сонда әкем салмақты үнмен: «Қызым, мен ешкімнен ұрлап алған жоқпын. Мен базарда тұрсам, өз еңбегімнің жемісін сатып тұрмын», – деді. Сонда өз қылығымның дұрыс емес екенін түсініп, қатты ұялдым. Әкем марқұм «Еден жусаң да, ұялма. Өйткені, ол – адал еңбекпен келген нан» деп жиі айтатын еді. Небәрі 57 жасында өмірден өтсе де, әкемнің айтқан осындай ақылы менің бүкіл өміріме азық болды, – дейді Сәуле Марксқызы.

Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары ауылды жерде мұғалім мен дәрігердің беделі керемет жоғары еді ғой. Мектепті бітірген түлектердің біразы пединститутқа, біразы мединститутқа, тағы біразы зооветинститутына құжаттарын тапсыратын. Сәуле де өзінің қатарластары секілді Семейдегі медицина институтын таңдайды. Жолы болып, жоғары оқу орнына түсіп кетеді. Ол кезде

акушер-гинекологтар дайындайтын топқа 30-ақ студент қана қабылдайтын болса, Сәулеге сол 30-дың біреуі болу бақыты бұйырыпты. Осы жерде оқып жүріп, ол өзінің болашақ жарын кездестіреді. Институтты бітірген соң, ерлі-зайыпты жас мамандар жолдамамен Катонқарағай ауданына дәрігер болып барады. Міне, Сәуле Жақсылықова осы Катонқарағай ауданында 1984 жылдан 2011 жылға дейін акушер-гинеколог болып еңбек етіп, сол жылы Үржар аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысады.

Жауапкершілік – бәрінен жоғары

– Акушер-гинеколог болу өте қиын. Бұл жерде акушер-гинеколог екі бірдей өмірге, ана мен баланың өміріне жауап береді. Кейде қатерлі топтағы жүкті әйелдерді де босандыруға тура келеді. Тіпті, табиғи жолмен, өздігінен босана алмайтын әйелдер де кездесіп жатады. Сондай кезде қолыңа қандауырыңды алып, кесарь тілігі дейтін акушерлік отаны да жасап тастаймыз. Ал іңгәлап нәресте дүниеге келгенде, бізден артық бақытты жанды таппайсыз. Анасымен бірге қуанып, төбеміз көкке жеткендей болады, – дейді Сәуле Марксқызы.

Біздің кейіпкеріміз гинеколог болғаннан кейін ол адам психолог та болуы керек деп санайды. Гинеколог жүкті әйел кабинетке келгеннен кейін онымен қалай сөйлесуді білуі қажет. Кейде олардың арасында баласын туғысы, өмірге әкелгісі келмейтін нәзік жандар да көптеп кездесіп жатады. Біреулері тұрмыстарының нашарлығын алға тартса, тағы бірі күйеуінің жоқтығын, аяғын шалыс басып адасқанын айтып, налып, іштегі баланы алдырғысы келеді. Сондай кезде акушер-гинеколог әйелді неғұрлым іштегі баланы алдыртпауға көндіруі тиіс. Ол үшін біріне жылы сөйлеп, ақыл айтса, тіпті, кейбіріне дауыс көтеріп, қатты сөйлеуге де тура келеді екен.

– Бала деген – Алланың ең үлкен сыйы ғой. Одан қалайша бас тартуға болады? Кейде оң босағада отырып, аяғы ауырлап қалған қыздарды кінәлағың да келмейді. «Жігітім үйленетін шығар» деп үміттеніп, ұзақ жүреді. Бірақ жігіті үйленбеген соң, қайтсін, кейде құрсақтағы сәбиін алдыртып тастауға немесе босана салып, перзентханаға тастап кетуге бекінеді. Сондайларды көргенде жүрегің ауырады. Бірақ отыз жылдан астам уақыт жұмыс тәжірибемде байқағаным, баласын бір рет еміреніп емізген әйел оны ешқашан тастамайды, – дейді Сәуле Марксқызы.

Тәжірибелі акушер-гинеколог бізге жұмыс барысында көңілін толқытып, жүрегін тебіренткен ерекше сәттері жайында да әңгімелеп берді. Бірде Үржар ауылындағы имамның әйелі жетінші баласын босаныпты. Сондағы отағасының қалай қуанғанын көрсеңіз! Әлгі отағасы әйелін перзентханадан шығарып алуға алты баласымен, туған-туыстарымен келген көрінеді.

– Ол бір тебіреніске толы сәт еді ғой. Әр баласының қолында бір-бір құшақ гүл, көздерінде қуаныш. Отағасы мен туыстарының да көңіл күйлері ерекше. Сонда қарап тұрып, біздің елдегі әр отбасы дүниеге келген әр перзентті осылай үлкен қуанышпен күтіп алса ғой, шіркін, – деп ойладым дейді ол.

Тағы бірде ауылда бір жас әйел перзентханаға түседі. Жас ананың дүниеге келер іштегі сәбиінен бөлек екі қызы бар екен. Екі қызы жас ананың құрсағын сипап, іштегі нәрестені «Балым» деп еркелететін көрінеді. Сонша қиналып, тауқымет тартса да, әйел аман-есен босанады. Кейін дүниеге келген сәбидің есімін «Балым» деп қойғанын естиді. Бұл оқиға да Сәулені керемет әсер етіп, толқытады.

Өкінішке қарай, қазіргі күні жаңа отау құрған жастардың арасында бедеулік деген белең алып бара жатыр. Бірақ акушер-гинеколог маман бедеулікті іштей мойындап, қол қусырып отыруға болмайтынын айтады. Өйткені, қазіргі медицина ғылымының жетістіктері ғаламат. Экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы да бала сүюге болады. Жатыр түтікшесіне пластик қою тәжірибесі де кеңінен енгізілуде. Сондай-ақ, бедеуліктің себебін анықтау мақсатымен ерлі-зайыптыларды тексеруге арналған арнайы бағдарламалар да бар.

Иә, қазір жүкті әйелдерді босандыру әдістеріне де жаңалықтар енгізіліп жатыр. Оны ғылым тілінде перинатальды технология деп те айтып жүр. Бұрын әйел босанған соң, баланы алып кететін болса, қазір бірден бауырына салады. Тоғыз ай тоғыз күн бойы анасының құрсағында болған сәбиді дүниеге келген соң да анасынан ажыратпайды. Тек баланың немесе анасының денсаулығы сыр беріп, нашарлағанда ғана анасының баурына салмайды.
Рас, жүкті әйелдің қандай жолмен босанатындығы жөніндегі шешімді акушер-гинеколог дәрігер қабылдайды, босану процесін қадағалайды. Десе де қанша жерден акушер-гинеколог дәрігер босану залындағы ең басты адам болғанымен, оның жалғыз өзінің қолынан ештеңе де келмейді. Бұл – ұжым болып атқаратын жұмыс. Іске команда болып атсалысқанда ғана, іс нәтижелі болады.

– Әйел аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алғанша, бізде тыным жоқ. Ананың немесе баланың денсаулығы нашарласа, кез келген уақытта санавиацияны шақыра аламыз. Кейде маған «Жұмыстарыңыз ауыр ғой. Қалай шыдайсыз?» деп сауал қоятындар да бар. Ойлап отырсам, сәтсіздіктерден мені өз жұмысымды шексіз жақсы көруім ғана құтқарып келген сияқты. Кәсібіңді сүймесең, акушер-гинеколог болып бір күн де жұмыс істеп керегі жоқ, өз-өзіңді іштей мүжімей, дер кезінде мамандығыңды өзгерткенің жөн. Кейде жұмыс, жұмыс деп, туған-туыстардың қуанышынан да қалып жатасың. Мейрам-мереке дегенді де ұмытасың. Өйткені, жауапкершілік – бәрінен жоғары. Бұрын ананың өміріне алаңдаушы едік, қазір баланың өміріне де мазасызданасың. Оның үстіне жұмысыңның мінсіз болуын прокуратура да бақылап отырады. Есеп бергенде, прокуратураға да есеп бересің. Бірақ осынау қиындығы мен қызығы мол мамандықты таңдағаныма ешқашан да өкінген емеспін. Мыңдаған баланың өмірге аман-есен келуіне себепші болдым. Мүмкін, өмірге қайта келсем, тағы да осы мамандықты таңдайтын болармын, – дейді Сәуле Марксқызы.

Сәуле өзінің құдай қосқан қосағынан 39 жасында айырылып қалады. Ол кезде үлкен қызы 12-де, ортаншы қызы он жаста, ал кенже ұлы небәрі 5 жаста болатын. Құдайға тәубе, бүгінде балаларының үшеуі де өсіп, қыздары қияға, ұлы ұяға қонды. Құдайдың қарасқаны болар, үшеуі де мемлекеттік грантта оқып, жоғары білім алды. Үлкен қызы заңгерлікті қаласа, кіші қызы – архитектор. Ал анасының жолын қуып, акушер-гинеколог мамандығын қалаған кенже ұлы бүгінде Астанадағы республикалық перинатальды орталықта қызмет істейді. Облысымыздағы жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер Сәуле Жақсылықова таяуда ғана зейнеткерлікке шығыпты.

– Шынымды айтсам, демалыс, бос уақыт дегеннің қадірін енді ғана біліп жатырмын. Туған-туыстарды аралап, қонаққа барудың өзі бір қызық дүние екен ғой, – деп жымияды Сәуле Марксқызы.

P.S. Кейде білетіндер адамның азан шақырып қойған есімінің алдағы өміріне де қатысы болатынын айтып жатады ғой. Бір сәт маған Сәуле Марксқызының есімінде де бір тылсым сыр жатқандай көрінді. Ол қаншама нәрестенің мынау тіршілікке аман-есен келуіне себепші болды. Жарық сәулеге талпынған әрбір сәби үшін күресті. Бұл да болсын өмірдің текке өтпегені ғой…

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button