Денсаулық сақтау

Қан орталығында бірегей құрылғы жұмыс істеп тұр

Қан орталығында бірегей құрылғы  жұмыс істеп тұр

Кеше Өскемендегі облыстық қан орталығында трансфузиологиялық қызметті дамытуға байланысты үлкен конференция өтті. Жаңа қан орталығының ашылуына арналған конференцияға облыс аудандары ауруханаларының бас дәрігерлері, медицина қызметкерлері қатысты.
Қан орталығы мамандары адамдардың денсаулығы үшін өте маңызды қызмет атқарады. Мұнда ерікті түрде донорлар белгілі мөлшерде қан тапсырып, қайырымдылық жасайды. Бір донордың тапсырған қаны біреудің өмірін құтқарып қалуы әбден мүмкін. Донор ретінде қан тапсырған адамның қаны да тексеріліп, гемоглабинін, қандағы инфекциясын, биохимиялық көрсеткіштерін анықтап бере алады. Қан тапсырушылар үшін қауіпсіздіктің барлық шаралары қарастырылған. Жылына қан орталығына мөлшермен 30 мың адам қан тапсыратын көрінеді. Бір жыл көлемінде 12 мың литр қан дайындалып, медициналық мекемелерге беріледі. Өскемендегі қан орталығы облыс аудандарының, қалаларының 26 медициналық ұйымдарына қызмет көрсетеді. Мамандардың айтуынша, қан көбінесе облыстық ауруханаға, қалалық №1 ауруханаға, онкологиялық диспансерге көп жөнелтіледі. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасына ұшыраған адамдарға қан көп керек болып жатады. Ал №1 қалалық аурухананың гемотологиялық бөлімшесіне өте көп мөлшерде тромбоцитті қажет етіп жатады. Химиялық терапия кезінде бір адамның өзіне ғана көп мөлшерде қан құйылатын көрінеді. Және де адамдар отбасылық медициналық амбулаториядан берілген жолдама арқылы полимеразды тізбектелген реакция және иммуноферментті талдаумен қандағы инфекцияны анықтай алады. Бұдан өзге, қан тобын анықтауға да мүмкіндік бар. Жолдама арқылы екіқабат әйелдердің денсаулықтарын бастан-аяқ тексере алады. Ал ақылы түрде өз еріктерімен барып та қаралуға болады.
Қан орталығы халықаралық стандарттарға сай соңғы үлгіде шығарылған жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған. Құрылғылар Жапониядан, Америкадан, Қытайдан, Ресейден әкелінді. Енді жаңа нысан тың серпінмен жұмыс істей бастайды. Қан орталығы толықтай автоматтандырылған үрдісте жұмыс істейтін болады. Мұнда қанның құрамын, қандағы вирусты автоматты түрде анықтайды. Сонымен қатар, қандағы эритроциттерді ультра төмен температурада 10 жыл мерзімге сақтауға болады. Қанды ұзақ уақытқа сақтау технологиясы облыста алғаш рет қолданылғалы отыр. Сондай-ақ, төтенше жағдайларда сирек кездесетін қан түрлерін сақтап қоюға да ыңғайлы.
– Қан алуға да, қан тапсырушы донарларға да жағдай жасауға дайынбыз. Мекемеде барлық мүмкіндіктер жасалған. Қазір үлкен карантинизация бөлімі бар. Бір жарым тоннадай қан жиналды. Негізінен, қан орталығының қуаттылығы жылына 24 мың литр қан өндіреді, – дейді қан орталығының директоры Хайролла Жігітаев.
Жаңа нысанның құрылысын аяқтауға 3 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалса, 1 млрд, 400 мың теңгеге жаңа құрылғылар сатып алынды. Ал 335 млн. теңгеге өте сирек кездесетін құрылғы сатып алынды. Бұл құрылғы тек қан орталықтарына ғана қойылады. Мысалы, осы құрылғыны пайдаланып зертханалық диагностика жасау үшін автоматты түрде қандағы вирусты, гепатитті, тағы басқа ауруларды анықтап, қанды талдайды. Процестің барлығын роботталған анализатор атқарып шығады.Қан арқылы әртүрлі ауруларды анықтайтын бірегей құрылғы облыстағы басқа емханаларда жоқ. Олардың барлығын қолдану үшін де білікті мамандар жұмылдырылып отыр. Олардың 93 пайызы жоғары медициналық санаты бар медицина қызметкерлері. Жеті қызметкер Израиль, Германия, Испания, Германия елдеріндегі қан орталықтарында білімдерін шыңдап келді. Олар шетелде заманауи технологиялар арқылы қан алып, оларды дайындауды үйренді. Бүгінде олар жоғары сапалы қан түрлерін дайындау үшін жұмыстар атқарып жатыр.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button