Денсаулық сақтау

Қамкөңіл жандар мұңаймасын

Қамкөңіл жандар мұңаймасын


Газетіміздің редакциясына 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі жаннан хат келіп түскен еді. Семейлік азамат мұқтаж жандардың көшеде, жалпы, қоғамдық орындарда жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмағанын, олар үшін денсаулығын түзейтін шипажайлар мен сауықтыру орындарына бару арман екенін, тіпті мүгедек жандарға дене бітімінің ерекшелігін ескере отырып, ыңғайлы электрлі арбалардың берілмейтінін қынжыла жазады.

Сөздің шыны керек, бүгінгі таңда қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарас бұрынғымен салыстырғанда біршама оңды өзгерген. Дегенмен, автордың сөзінің де жаны бар, кемшіліктер жеткілікті. Біз ерекше қажеттілігі бар жанның осы жанайқайын құзырлы орындарға жеткізіп, кедергісіз ортаға қашан толық қол жеткізетінімізді сұраған едік. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс бөлімінің басшысы Дина Байбудинова хаттың әр тармағы бойынша тарқатып айтып берді.

Кедергісіз орта дегеніміз – мүмкіндігі шектеулі жандардың ешкімнің көмегінсіз пәтерінен шыққан бойда барлық шаруасын өз бетімен бітіріп, үйіне ешқандай кедергісіз жетуі. Әрине, біздің қоғамда мұндай деңгейге жету үшін әлі талай тер төгіп, қыруар қаражат жұмсау керек. Дегенмен атқарылған жұмыстар да баршылық. Дина Каирканқызының сөзіне қарағанда, мұқтаж жандардың құқықтарын сақтап, олардың тұрмыстарының сапалы болуын қамтамасыз ету жұмыстары елімізде 2012 жылдан бері қолға алынған. Осыған орай қоғамдық орындарды, ғимараттарды, қоғамдық көліктерді ерекше жандардың қажеттілігіне сай жабдықтау жұмыстарының республикалық жоспары бекітілген. Облыста қолжетімді жағдайға бейімделуге тиіс 2643 нысан анықталып, олардың қайта жабдықтауға келетін-келмейтіні, жалпы техникалық жағдайы сарапталыпты.Бұл ғимараттардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, емдеу ұйымдары сияқты муниципалды мекемелердің, әлеуметтік, мәдени орындардың еншісінде. Олардың 1467-і қазіргі таңда ішінара бейімделген.
Нысандар толықтай қолжетімді болу үшін оларда жеделсаты, кіреберіс есіктерде зағип жандарға бағдар беретін сары түсті белгілер болу керек, арбадағы адамның еркін қозғалуына ешқандай кедергі болмауы тиіс. Алайда көптеген ғимараттар ескі болғандықтан, жеделсаты салуға олардың техникалық мүмкіндіктері сай емес, есік алдына пандус орнату да қиындық туғызады. Дегенмен жеделсаты орнату мүмкін болмаған кезде, электрлі көтергіш механизмімен жабдықтауға болады екен. Бұл механизм қабырғаға бекітіледі. Қолданылмайтын кезде, қабырғаға сүйеп, көтеріп қояды. Ал жеке кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің нысандары болған жағдайда, олардан ғимаратты кедергісіз ортаға сай жабдықтау талап етіледі.

Қамкөңіл жандар мұңаймасын

– Ғимараттардың мұқтаж жандардың ыңғайына қарай бейімделуіне үнемі қоғамдық бақылау жасалып отырады. Экспертті жұмыс комиссиясының құрамында құзырлы орындардың, «Нұр Отан» партиясының өкілдері бар. Біз комиссия жұмысына арбада отырған немесе тірек-қимыл аппараттарында ақауы бар, балдақпен жүретін белсенді жандарды да тартамыз. Өйткені нысанның қаншалықты қолайлы екенін олардан артық ешкім айтып бере алмайды, – дейді бөлім басшысы. – Комиссияның ескертулері мен нұсқаулықтарын орындамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады.

Мысалы, облыс орталығында салынған жол үсті өткеліне қатысты арыз-шағымдар түскенде, тағы да мұқтаж адамдардың ішінен қоғамбелсенділерін шақырып, өз көздерімен көріп қайтыпты. Кіреберіс дұрыс жабдықталмаған, пандустардың бұрышы тік орнатылған, ені де арбалардың дөңгелегіне сай келмейді. Сол жерде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары, жобалаушылар және мердігерлердің қатысуымен көшпелі мәжіліс ұйымдастырылып, мердігерлер барлық кемшіліктерді жоюға уәде етіпті. Жұмыстарды сапалы орындау үшін күннің жылынуын күту керек екен, өйткені еденнің төсенішін толықтай ауыстыру қажет.

Бір қызығы, осындай әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жобалау кезінде комиссияның құрамына тұрғындарды әлеуметтік қорғау құрылымының өкілдері кірмейді екен. Дина Каирканқызы құрылыс басқармасына бірнеше рет хат жазып, өздері белсенділік көрсеткендерімен, бұл мәселе заңда реттелмегендіктен, жобаны талқылауға шақырылмағандарын айтады. Шынында да, «ақылдасып пішкен тон келте болмас» демекші, мүдделі органдардың өкілдерімен бірлесе шешкенде, екі жұмыс атқармауға да болар еді. Қаржыға да үнем.

Бөлім басшысы облыс бойынша биыл 38 мектептің ғимаратын мүмкіндігі шектеулі балалардың кіріп-шығуына бейімдеу мақсатына облыстық бюджеттен 272,4 миллион теңге қаржы бөлінгенін айтады. Қазір қалалар мен аудандарда білім бөлімдері, мектеп директорлары бірлесіп, 100 пайыз қолжетімді етіп қайта жарақтандыруға болатын нысандарды іріктеуде. Өйткені кейде ғимараттың тым ескілігінен, не болмаса өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша бейімдеуге жарамайтындары болады.

-Инклюзивті білім беру, кедергісіз ортаны қалыптастыру жобасына сәйкес, ерекше бала өзі қалаған кез келген оқу мекемесінде білім алуға құқылы. Сол себепті қолжетімді ретінде бейімделетін білім шаңырақтары арнайы маманданған мектеп емес, кәдімгі мектеп болуы тиіс, – деп түсіндірді Дина Байбудинова.
– Бұл – бірінші кезең. Облыс орталығындағы көптеген мектептер қазірдің өзінде ішінара бейімделген, мысалы, пандустар орнатылған, шақыру түймесі бар. Жұмыс жалғаса береді.

Мұқтаж жандарға төрт шипажайда демалуға болады

Өңірдегі ерекше қажеттілігі бар адамдарға Алматы облысындағы «Спутник», Павлодар облысындағы «Мойылды», Көкшетаудағы «Бура» және Семейдегі «Қарағайлы» сауықтыру орындарына жылына бір рет барып, денсаулықтарын тегін түзеп келуге мүмкіндік бар. Дина Каирканқызының берген мәліметтеріне сүйенсек, облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандар шипажай емімен 100 пайыз қамтылған. Жыл сайын 700-ден астам шығысқазақстандық мұқтаж жан осы қызмет түрін пайдаланады. Демалыс орындарының ішіндегі ең сұранысқа ие – «Мойылды» шипажайы, өткен жылы демалған 338 адамның 100-і тірек-қимыл аппаратының ауруларынан зардап шегеді. «Бурада» 2018 жылы 170 ересек, 23 бала емделсе, 191 адам денсаулығын «Спутникте» оңалтуды қалапты.

Қамкөңіл жандар мұңаймасын

-Дәрігердің нұсқауы бойынша шипажай емі тағайындалған кез келген топтағы мүгедек жан жоғарыда аталған шипажайлардың біреуіне барып, денсаулығын түзетіп келе алады. Ол үшін біздің басқарманың жергілікті бөлімдеріне құжаттарымен барып, уақытын көрсетіп, өтініш жазса болғаны, – деді ол.
Алайда өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын 1-топтағы мүгедектердің қасына еріп жүрген жандарға тегін жолдама берілмейді, жолақысы да төленбейді.

-Біз әр адамның жағдайына түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз, – деп жалғастырды Дина Каирканқызы. – Шипажайда оңалту мүгедектерге арналған мемлекеттік қызмет түрі болғандықтан, заңда қасына еріп жүргендер туралы ештеңе жазылмаған. Мұндай жағдайда біз не істедік? Егер шипажай өзіміздің өңірде орналасса, біз байқаудың құжатына демалушыларды өздері алып кетіп, қайта әкелуі керек деген талапты көрсетеміз. Мысалы, «Мойылдыға» барғанда, қызмет түрін ұсынушылар біздің осы шартымызды орындады. «Спутник» пен «Бура» шипажайлары пойызға билетті өздері алып берді. Вокзалдан тосып алып-шығарып салуды да өз мойындарына алды. Ал еріп жүрген адамға жолдаманы демеушілердің көмегімен алып берген жағдайлар бар. Қалай десек те, біз өзіміздің қанатымыздың астындағы жандарды қолдап, қол ұшын беруге әзірміз.

Қолайлы арбаларға зәрулік байқалады

Мүгедек арбасына таңылып, төрт қабырғаға қамалып отырған жандар үшін ең қажетті құрал, ол – қолдануға қолайлы арба екені түсінікті. Бүгінгі таңда арбалардың түр-түрі де көп. Мысалы, электрлі арба кішкентай ғана пульттің көмегімен басқарылады. Бұл денесі нәзік, қолдарының күші аз жандарға арналған. Тетікпен басқарылатын құралдар ауыр, кез келген адамға жарай бермейді. Сал ауруымен туған балғындар үшін ең күрделі функцияларды атқара алатын көпфункционалды арба қажет. Ол баланың денесін толықтай ұстап тұруға, тасымалдауға да қолайлы болуы шарт. Далада қыдыруға арналған арба төрт жылға, ал үй ішінде жүруге арналған құрал жеті жылға беріледі.

-Біз, негізінен, Ресейдің «Армед», «Артоника» сияқты арбаларын сатып аламыз. Тапсырыс бергенде, кепілдік мерзімі болуына, бір жыл көлемінде техникалық қызмет көрсетуіне мән беріледі, – дейді Дина Байбудинова.- Былтыр 71 арба сатып алдық. Мұқтаж жандарды оңалту бағдарламасында оған арбаның дәл қандай түрі қажет екені жазылмайды. Тек сал ауруына ұшыраған балаларда ғана көрсетіледі. 2018 жылы осындай балаларға арнап жеті арба сатып алдық.

Бөлім басшысының түсіндіруінше, бұдан басқа спортпен айналысатын балаларға да ерекше арбалар қажет екен. Аналары оларды оңалту үшін басқа қалаларға апаруы мүмкін, сол себепті олар тез жиналатын, салмағы жеңіл болуы керек. Мұндай арнайы құралдардың бағасы миллион теңгеге де жетіп қалады. Әрине, мұндай қымбат арбамен мұқтаж жандардың бәрін қамтамасыз ету мүмкін емес.

-Алайда бізге осындай қажеттілік туралы өтініш түсіп жатса, тапсырысты облыстық бюджетке жолдаймыз. Қосымша қаржы көзін іздеп, жеке адамның өтінішін қалай да қанағаттандыруға тырысамыз, – деп түйіндеді сөзін Дина Каирканқызы.

Бөлім басшысының сөзіне сенсек, өңірде мүгедек арбасына зәру мұқтаж жандар жоқ.

Біз мақаламызда лауазымды тұлғаның берген жауаптарын сөзбе-сөз беруге тырыстық. Келтірілген мәліметтерге күмәнданбасақ та, хат авторы сияқты көрсетілген қызмет сапасына көңілдері толмайтындар да жоқ емес шығар. «Көш жүре түзеледі» демекші, қоғамда ерекше жандарға деген қамқорлық күннен-күнге арта береді деп сенеміз. Бастысы, қамкөңіл жандар мұңаймасын.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button