Ауыл шаруашылығы

Ақмаралда бұғы мүйізін кесіп жатыр

Ақмаралда бұғы мүйізін кесіп жатыр

Катонқарағай ауданында орналасқан он бір марал шаруашылығындағы тоғыз пантымен емдеу орнының бірі және бірегейі – Ақмарал ауылында. Бірегейі деп отырғанымыз, мұндағы «Катонқарағай бұғы паркі» шаруа қожалығында өсірілетін теңбіл бұғы ауданды қойып, еліміздің өзге өңірлерінде де жоқ екен.

– Жеті жүз теңбіл бұғымыз бар, оның екі жүзі – мүйізі кесілетіндері, оған қоса төрт жүзге жуық маралымыз бар, оның ішінде мүйізі кесілетіндері – жүз бас. Бүгін мүйіздері піскен оншақты теңбіл бұғының мүйіздерін кескелі жатырмыз, – деген бөлімше басқарушысы Болат Ихсанов бізге қоршау ішінде үркіп, бұрыштан бұрышқа орғып жүрген жануарларды нұсқады. Мүйіз кесуді көруге осындағы емдеу-демалыс орнына келіп жатқан демалушылар арнайы шақырылады екен. Олар жиналғанша біз бөлімше басқарушысын әңгімеге тарттық.

– Бұрын «Парки» деп аталған Ақмаралда қырық бес үй бар, халқының негізгі тірлігі осы шаруа қожалығымен тығыз байланысты. Кезінде атақты панты қайнатушы болған, қазір бри-гадирлік қызметтегі Темірхан Дүзбаев, өз істерін жетік білетін бесаспап маралшы-бұғышылар Серікболат Байбатыров, Аманбай Сатимов, Серікбол Абдрахманов сынды азаматтарды осы қожалықтың тірегі деп айтуға әбден болады. Трактор-егіс бригадасының жігіттері 200 гектар жерге егілетін жем-шөпті баптап, сүрлемге салып, малдың қысқы азығын дайындаумен айналысады, екі жүз елудей жылқыны бағып-қағумен жылқышылар бригадасы шұғылданады. Аға панты қайнатушы Зумрат Абдрахманова өзінің көмекшісі Райгүл Сатимовамен бірге панты қайнатып, оны кептіріп, консервациялаумен айналысады.

Дегенмен, қазіргі жұмысшы-лардың көпшілігі зейнет жасына таяп қалғандар, жастардың ауылда қалғысы жоқ, ертең бұлардың орнын кімнің басары белгісіз. Міне, сұраған проблемаңыздың бірі – осы. Екіншісі – жол. Тіпті, алыстығын айтпағанның өзінде, көктемгі тасқын кезінде ұзақ уақыт орталықтан мүлде бөлініп қалатынымыз жанды қинайды. Аты «Тихой» болғанымен, өзен көктемде арнасынан асып, арнаға сыймай, өткел бермей, көпірдің үстіне жайылып кетеді…

– Ал, әне, мүйіз кесу басталды, соны көріңіздер, – деп Болат әңгімесін кілт үзіп, бізді арнайы орынға қарай бастады.

Бұғыларды бір-бірлеп тар қоршаумен айдап, айналасы жабылатын дүңгіршек-қондыр-ғыға кіргізіп, бұғының кеуделік кермелерін тартып тұрып, еденін төмен түсіріп жіберді. Тияна-ғынан айырылған жануардың түкті мүйізін түбінен қол арамен сыр-р-р еткізіп, әріректегі таразыға жөнелтеді екен.

– Мұның піскен-піспегенін қалай айырасыздар? – деп бір әредікте мүйіз кесіп тұрған Серікболат Байбатыровқа сауал тастадым.

– Мүйіздің ең ұшы бір-екі сантиметрдей жарылып тұрса, піскені. Біз алдын ала «рогачтарды» аралап, кесуге болатындарын бөлектеп аламыз. Барлығы біркелкі піспейді. Мүйіз кесу науқанының маусымның басынан тамыздың 5-10-на дейін созылатыны сондықтан. Және мүйіздің түбіндегі кесетін жерін дәл таппасаң, келесі жылы мүйіз нашар шығатын болады, – деген Серікболат өзінің салалы саусақтарымен дүңгіршекке айдап тығылған келесі теңбіл бұғының мүйізін уыстады.

– Отыз адамға арналған емдеу орны жазда екі жарым ай жұмыс істейді. Емделушілер панты ванналарын қабылдайды, термокабина, термобөшкелерде пантылық процедуралар жасалады. Төрт мезгіл тамағы бар, атпен серуендеу, балық аулау, аңға шығу сияқты демалыстар ұйымдастырылады. Алдын ала жазылып қоймаса, бізде орын бола бермейді. Міне, осы маусымда Ақтау, Ақтөбе, Астана, Атырау, Шымкент, Хромтау, Павлодар өңірлерінен келіп жатыр, – дейді демалушыларды осы араға бастап әкелген пантымен емдеу орнының әкімшісі Мейіз Тоқтарова.

Мейіздің сөзін ақтаулық мұнайшы Жәнібек Айтбаев дәлелдей түскендей:

– Мен таныстарымнан естіп, отбасымды алып, бірінші рет келдім. Өте ұнады. Қайтарда келесі жылға да жазылып кетпекпін.

– Мынадай биік таулар, ну орман мен мөлдір сулы табиғаттың саф ауасының өзі жанға шипа ғой. Мен отбасыммен, достарыммен бірге осы Ақма-ралға дем алуға келдім, – дейді астаналық құрылыс инженері Ілияс Кәрібаев.

Ауылдан аттанар кезде шаруа қожалығы директорының орынбасары Сәбит Тоқтаровқа жолығып, тілдескен едік.

– Қожалықта жиырма бес адам жұмыс істейді, жазда шаруа көбірек болғандықтан, қосымша жұмыс күштерін тартамыз. Астанада, Бурабайда, Өскемен маңында пантымен емдейтін филиалдарымыз бар.

«Проблемалар дейсіз бе?» деп, сауалымызды бір қайталап алған Сәкең олардың басты-бастыларына қысқа ғана тоқ-талып өтті.

– Мүйіздің нарықтағы бағасы төмендеп кетті. Біз негізінен Оңтүстік Кореяға өткіземіз. Саты-қоршауды жаңалау қажет, оған қыруар қаржы керек. Тағы бір қиындық – қазіргі мамандардың орнын басатын жастардың болмауы. Проблеманың ең үлкені жол мен көпір болып тұр. Туризмді дамыту қажет деп жатырмыз ғой, менің білуімше, жолды жөндеуге де, анау Тихой өзеніне көпір салуға да ақша бөлінген. Алайда, міне жаз өтіп барады, аудан басшылығы әлі үнсіз, ал ондай шаруа өз қолымыздан келмейді. Біздің бүгінгі мақсат – қолда бар бұғы мен маралдың басын сақтап қалу. Ол үшін біздің салаға облыстық бюджеттен субсидия бөлініп тұрады. Ауданымыздың, облыстың мақтаны саналатын марал шаруашылығын ақсатып алмау жолында шағын ұжымымыз өзінің барлық күш-жігерін жұмсап келеді, – деді ол.

Керек дерек
Теңбіл бұғы ежелде Қытайдың солтүстік-шығысын, Тайвань аралдарын, Вьетнамды, Корея мен Жапонияны мекендеген. Алтай өлкесіне 1930 жылдары Приморье жақтан әкелінген. Мүйіздерінің ұзындығы 80 сантиметрден аспай-ды. Өсіп-жетілген мүйіздерін сәуір айында тастап, шілдеге қарай мүйізінің екі-үш саласы шығып қояды.

Айтмұхамбет Қасымов
Катонқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button