«Дидардың» қонағы

Амангелді БАХТИНОВ, «Дариға-ай» театрының директоры, режиссёр: – Еңбегі сіңген адамдар ескерусіз қалмайды

  Уақыт шіркін жүрдек-ақ… Кеше ғана дүниеге келген Семейдегі «Дариға-ай» жастар театры биыл 20-ға толып жатыр. Алғашқы уақытта аяғынан тәй-тәй басып, өнер атты өлкенің табалдырығынан имене аттаған өнер ұжымы бұл күндері жан-жақты жетіліп, жыл өткен сайын тәжірибелерін толықтырып, күн өткен сайын қалың көрерменнің көңілін жаулауда.

Семейде болған сапарымызда осы бір өнер ұжымының хал-ахуалымен танысып, театрдың тыныс-тіршілігінен оқырмандарымыз да құлағдар бола жүрсін деген оймен ұжым басшысы Амангелді Бахтиновқа жолығып пікір алмасқан едік.

– Бала күнімнен актер болсам деген арманым болып еді деп жалған сөйлемей-ақ қояйын. Дегенмен, оқушы кезімізден мектептегі ұйымдастырылып тұратын мәдени шаралардың барлығына дерлік бір кісідей қатысып жүрдік. Былайша айтқанда, өнердің ауылынан тым алыс болғамыз жоқ, – дейді Амангелді Талғатбекұлы. – Туып-өскен жерім – Көкпекті ауданының Биғаш совхозы. Сол жердің шаңына аунап, суына шомылып өстік. Мектеп бітіргесін Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы өнер колледжінің актерлік бөліміне оқуға түстім. Бұл 1998 жыл болатын.

Жақсының өзі өлсе де, ісі өлмейді

 – Театрдың дүниеге келуіне кімдер немесе нендей жағдай түрткі болды?

– Бұл идея, негізі, біз әлі мектеп бітірмей тұрған кезде туындаған көрінеді. 1996 жылы Алматыдан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Тұранқұлова Дариға апайымыз бастаған бір топ ұстаздар келіп, Семейдегі оқушылар мен студенттер арасында Абай мен Шәкәрім өлеңдерін мәнерлеп оқудан кішігірім байқау ұйымдастырады.

Бұл келістің түпкі мақсаты – Семейден жастар театрын ашу екен. Дариға Тұранқұлқызының «Семейден жастар театрын ашсақ» деген ұсынысын ел ақсақалы Төкен аға Ибрагимов бастаған семейлік зиялы қауым қуана құптайды.

«Ол үшін көп кешіктірмей М.Төлебаев колледжінен актерлерді әзірлейтін арнайы бөлім ашу керек» деген ұйғарымға тоқталады. «Дариға-ай» жастар театрының дүниеге келуі, қысқаша, осылай басталған көрінеді. Осылайша, 1996 жылы бір топ, 1998 жылы тағы бір топ жасақталып, сол топтарда оқыған студенттердің шып-шырғасын шығармай 1999 жылы осы театр ашылады. Біз – сол колледжден ашылған актер бөлімінің алғашқы түлектеріміз.

Театрдың іргетасын қалауға өзіміздің ағамыз, қазақ өнерінің жанашыры Төкен Ибрагимов, профессор Майра Омарбаева, білікті ұстаз Мейрамгүл Алперова, талантты режиссер Акбарәлі Айтибаев сынды театр саласының айтулы мамандары мен бүгінгі күні аталған театрда қызмет етіп жүрген аға буын актерлер айтарлықтай еңбек сіңірді.

– Театрға басшылық еткеніңізге біраз уақыт болып қалды ма?

– Негізі, бұл театрға ашылған күннен бастап жетекшілік еткен, театрдың тәй-тәй басқан алғашқы қадамдарын қалыптастырған – елімізге кеңінен танымал режиссер Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздың әрі шәкірті, әрі ізбасар інісі Акбарәлі Айтибаев деген азамат. Таза профессионал режиссер еді. Өкінішке қарай, Акбарәлі ағамыз 2008 жылы қайтыс боп кетті де, біраз уақыт басшысыз қалдық. Содан осы ұжымдағылар ақылдаса келе, басшылыққа менің кандидатурамды ұсынды. Сөйтіп, ұжымның ұсынысымен,  басқарманың қолдауымен 2010 жылы директор болып тағайындалып, шама-шарқымызша жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

«Жақсының өзі өлсе де, айтқан сөзі, атқарған ісі өлмейді» демей ме. Жақында қазақ сахнасының саңлағы, әйгілі киножұлдыз Әмина Өмірзақова апамыздың 100 жылдық құрметіне өткізілген театрлар фестивалі аясында «Дариға-ай» театрының 20 жылдық мерейтойы да аталып өтті. Осы шара барысында театрымыздың тұңғыш режиссері, тума талант Акбарәлі Айтибаевтың кеуде мүсінінің ашылу салтанаты болып, оған белгілі театр-кино тарландары Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, театрымыздың іргетасын қалаушы, профессор Дариға Тұранқұлқызы және басқа да мәртебелі меймандар қатысты.

– «Дариға-ай» ашылған күннен бастап осы Абай театрының ғимаратында ма?

– Жоқ, бұл ғимаратқа 2014 жылдың қараша айында ғана қоныстандық. Оған дейін біраз қиындықтарды басымыздан өткердік. Ол кезде қалалық мәдениет үйінің алақандай ғана бір бұрышын арендаға жалдап тұрамыз. Солардың сахнасын пайдаланамыз. Ол жер әуелден театрға бейімделмегендіктен, сахнаны әзірлеуде де, костюмдерді тіктіріп, спектакльдерге дайындалуда да, қыл аяғы актерлердің гримделулерінде де көптеген қолайсыздықтар болды. Кейін Абай атамыздың қарашаңырағына көшіп кеп көзіміз ашылып, өзімізді-өзіміз, шынымен де, театр актерлері сезіне бастадық қой.

Жаңа қоныс шарболаттай шыңдапты

 – Қоныс ауыстырудың театр шығармашылығына септігі тиді ме?

– Тигенде қандай. Бұл – нағыз театр ғой. Басқасын айтпағанда, ішкі мүмкіндіктерінің өзі қандай. Айталық, тігін цехы, ағаш, темір, сурет цехтары бар мұнда. Осы цехтар, тағысын-тағылардың барлығы тек театр үшін жұмыс істейді. Ал қалалық мәдениет үйінде жүргенімізде мұның бірі болған жоқ. Тек қана актерлік штат болды. Сондықтан ол жердегі сахнаның декорациясын жасаушы да, жарығын беруші де, тігіншісі мен суретшісі де, тіпті спектакльден соң сахнаны жуып-жинайтын да актерлердің өздері болатын.

Мұнда көшуіміз театрдың уақыт өткен сайын шыңдалып, шығармашылық жетістіктерге қол жеткізуіне жол ашты. Осында келгесін көп ұзамай екі жылда бір рет (Қазан қаласында) түркі тілдес халықтар арасында өткізіліп тұратын халықаралық фестивальда сәтті өнер көрсетіп, жоғары баға алып қайттық. Одан келе сала театр сыншысы Әшірбек Сығай атындағы республикалық театр фестиваліне (2017 жылы) қатысып, гран-при жүлдесін жеңіп әкелдік. Биыл да олжасыз емеспіз. Әмина апамыздың 100 жылдығына арналған театр фестивалінде облыс әкімінің арнайы сыйлығына ие болдық.

– Кадр мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?

– Бір қуанарлығы, өзіміздің М.Төлебаев атындағы өнер колледжінен ашылған актер бөлімі біздерді де, осындағы басқа театрларды да бұл мәселеден құтқарып тұр десем болады. Біз өзге өңірлер секілді Алматының, Астананың түлектеріне зәру емеспіз. Білім алып жатқан жергілікті жастарымыз практикаларын өзімізден өтеді де, оқуларын бітіре салысымен осында келеді. Қазірдің өзінде ол жерде үш курс актерлер дайындалып жатыр.

– Бұл жақсы үрдіс екен. Дегенмен, актерлер де адам баласы ғой. Қазір оқу бітіріп келгенімен, ертең олар да үйленіп, үйлі-баранды боп, баспанаға деген зәруліктер туындамай ма?

– Бұл заңдылық қой. Біріншіден, әлгінде айттым, мұндағы мамандардың барлығы дерлік жергілікті азаматтар болғасын, барлығының болмаса да, біразының осы тұрғыдағы мәселелері өйтіп-бүйтіп өз күштерімен шешім тауып жатыр. Ішінара шешім таппағандарына әкімдік арқылы хат жазып, өтініш айтып дегендей ықпал етеміз. Осы жылдың басында отбасылы екі актеріміз қалалық әкімдіктің бөлінген үйінен баспаналы болды. Тағы екі актеріміздің баспана мәселесі әкімдіктің күн тәртібінде тұр. Байқап отырғаныңыздай, бізде еңбегі сіңген адам ескерусіз қалмайды. Сосын, театрға келмей жатып «Маған үй бер!» деген болмайды ғой. Жас актерлердің қай-қайсысы болмасын, жоқ дегенде төрт-бес жыл жұмыс істеп, театрға еңбектері сіңулері керек емес пе…

– «Дариға-ай» жастар театры шаңырақ көтерген 20 жылда көрермендерін қандай шығармашылық жетістіктерімен қуанта білді?

– Театр репертуарының классикалық бағытын дамыту мақсатында осы уақытқа дейін У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» пьесасы, Р.Кунидің «Еркек, әйел, терезе, мәйіт» комедиясы, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» спектаклі, Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Бостандық таңы атты» сахналық қойылымы және бүлдіршіндерге арналған ертегілер дайындалды. Жалпы, біздің театр репертуары шетелдік классикадан бастап, қазіргі драматургияға дейін қамтыған. Әзірге жалғыз минусымыз бар, ол – қазақ классикасын әлі қойған жоқпыз. Дегенмен, алдымызда Абай атамыздың үлкен тойы келе жатыр. Осы мерейтойға М.Әуезовтен бе, әлде Абайдың өзінен бе, әйтеуір, бір классикалық қомақты қойылым әзірлеу парызымыз деп білем. Осы уақытқа дейін қойылып келген Абай трагедияларының барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-ші жылдары, сол кездегі кеңестік идеологияға бейімделіп сахналанған. Бүгінгі көрермен талабы ол қойылымдарды қабылдай алмайды. Сондықтан, шамамыз келгенше жаңа форматта беруге тырысамыз.

– Бір жылдары «Дариға-ай» жастар театрын Өскеменге көшіру керек» деген де сөз шықты-ау деймін.

– Иә, бұл әңгіме 2014 жылы көтерілген. Оған мұндағы актерлеріміздің көпшілігі үйлі-баранды, әркім өз шама-шарқынша қоныс теуіп, балаларын оқытып дегендей орнығып қалған. Жекелеген бірді-екілі адамдар болса бір сәрі. Өскеменге барса, олардың барлығына баспана беру керек, бала-шағаларын балабақша, мектептерге орналастыру керек, анау керек, мынау керек деген керектер көбейіп кететін болды.

– Мәселе, бір қаладан бір қалаға қоныс аударуда емес шығар. Ең бастысы, шығармашылық табыстарға жетіп, істеріңіз сәтті болсын!

 Сұхбаттасқан – Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button