Тылсым дүние

Алыстан қол бұлғап, аян берген Ақ Баян

Алыстан қол бұлғап, аян берген Ақ Баян
Басымнан өткеніне талай жыл болса да, бұл оқиғаны ешбір адамға тіс жарып, айтпаған едім.
Қазақтың қадірлі қызы, бұлбұл әншісі, тіпті, «Қазақтың Ақ Баяны» атанып кеткен Мәдина Ералиева өмірден өтер кезінде түсіме кірді. «Осы бір жұмбақ дүниені ішіме сақтағанда қайтемін?» деген оймен «Дидар» газетінің «Тылсым дүние» айдарына жолдағанды жөн көрдім. Қашанда сырыңды сыртқа шығарсаң жеңілдеп қалатының рас қой.
Сол бір күрең күздің сұрғылттау күндерінің бір түнінде сыңғырлаған күміс көмей әнші Мәдина апайымыздың дауысы құлағыма жетіп, аппақ киімі мен сәукелесі басына ерекше жарасып, аппақ нұрға шомылып, қолын жоғары көтере, ән ырғағымен айнала жүріп: «Келеді, көресің» деді де, жалт беріп, көз ұшында сағымға айналып, кете барды…
Оянып кеттім. «Әлде теледидар өшірілмеген бе?» деп, басымды көтерсем, айналам мүлгіген тыныштық. Терезеден тысқа көз салып едім ай сүттей жарық, даланы соншама бір аппақ нұрға бөлеп, жапалақтай қар жауып тұр екен. Уақыт мөлшері түнгі екілерден асқан болар деп ойладым. Бұл қараша айы болса да қар ерте түсіп, біраз қалыңдап қалған шақ болатын.
Жадымда Мәдинаның үні. Кім келеді, кімді көремін? Аң-таңмын. Ешкімге ұқсамайтын, әні де, сәні де жараса, сахнаға жарқырай шыға келетін сүйікті әнші апайымыз түсіме неге кірді? Неге аян берді? Осы сұрақтардың жетегінде жатып, қайта ұйықтап кетіппін.
Содан арада қанша күн өткені есімде жоқ, бірде кешкілік теледидарды қоссам, Мәдинаны еске алу концерттік бағдарламасы жүріп жатыр. Жүрегім аяғымның ұшына жеткендей, отыра кеткенім есімде. Дәл сол күнге дейін оның жол-көлік апатынан қайтыс болғанын естімеппін. Арамызды қаншама шақырым бөліп жатса да, қайтыс болар кезде неге менің түсіме кірді екен?! Өте жұмбақ…
«Келеді, көресің…». Осы екі сөз санамда сақталып қалды. Әншінің жалғыз ұлы Арсен біздің ауылдасымыз-
дың қызына үйленгенде мен оның түсімде аян берген осынау сөздерінің шешімін тапқандай болдым. Ғазиз
ана жүрегі ұлының болашақ тағдырын сезіп, оған алаңдаумен дүниеден өткен екен ғой деп ойладым. Әлі күнге дейін жанымда жүрмесе де, Арсенге ел ардақтысы болған анасының жасамаған жасын беріп, ол баласының, немере-шөбересінің қызығына кенеліп, қосағымен қоса ағарса екен деумен жүремін.
Арада табаны күректей 14 жыл өтсе де, Мәдинаның ару бейнесі мен сыңғыр күлкісі, бейне күміс сынды үні мен үшін ешқашан ұмытылмақ емес. Қазақтың құдіретке толы тамаша әндерін сүйетін барша қауым үшін де солай болар деп ойлаймын. Жаның жәннатта, мәңгілік мекенің бейіштен болсын! Сен сырлысың, түпсіз тұңғиықсың, тылсым дүниесің, Ақ Баян!

Қамар Тоқтарова

Құйған ауылы,
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button