Ел ішіндегі ерекше бала

Алып нәресте дүниеге келді

Айна Ескенқызы

 Облыстық ана мен бала орталығында салмағы алты келі, бойы 56 саниметр алып нәресте дүниеге келді. Жаңа туған бөпенің анасы  Нәзигүл Мұратхан Күршім ауданы Сарыөлең ауылының тұрғыны. Нәресте отбасындағы алтыншы бала.

Бөбектің салмағы қалыпты нормадан артық болғанына қарамастан анасы оны уақытында және ешқандай медициналық араласусыз дүниеге әкелді. Қазір бақытты ана мен сәби перзентханадан шығуға дайындалып жатыр. Оларды үйде отбасы мүшелері асыға күтуде, – дейді орталықтың акушерлік және гинекология бөлімшесінің басшысы Серікбол Куркумбаев.

Бөлімше басшысының айтуынша, іштегі шарананың салмағы төрт келіден артық болса, ондай аналар міндетті түрде осы акушерлік және гинекология бөлімшесінде босанады. Айта кету керек, орталықтың дәрігерлері үшін салмағы бес келіден асатын нәрестелер таңсық емес екен. Өткен жылы осы блокта 951 нәресте өмір есігін ашыпты. Олардың ішінде салмағы бес келіден асқан он алты нәресте бар. Жаңа туған алып нәресте биыл туған алғашқы ірі бала екен.

-Былтыр ана мен бала орталығында барлығы  7 994 бөпе дүниеге келді. Орталық босандырудың үшінші деңгейлі қызметін көрсететіндіктен, өңір бойынша патологиясы бар барлық болашақ аналар бізге жеткізіліп, осы жерде босанады, – деп қосты Серікбол Куркумбаев.

 

Back to top button