Ел ішіндегі ерекше балаҚоғам

Бірнеше тілді меңгерген сарбаз

Біздің елде білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді жетік меңгерген адамдар аз емес. Солардың бірі – Аягөз гарнизорында әскери қызметін атқарып жүрген қатардағы жауынгер Бейбарыс Ислам. Ол қазақ және орыс тілдерінен бөлек ағылшын, түрік және араб тілдерінде еркін сөйлейді. Талапты жас қол жеткізген бұл жетістігімен тоқтап қалмақ емес.

Қазіргі уақытта бес тілді білетін полиглот сарбаз «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Аягөз гарнизонының артиллериялық әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүр.

Ол бірнеше тілді меңгерудің артықшылығы жан-жақты ойлау мен ой-өрісін кеңейту мүмкіндігі деп санайды. Сонымен қатар Бейбарыс өзінің лингвистикалық білімін қарулас жолдастарына қуана-қуана үйретуге дайын. Сарбаз ата-анасының үмітін ақтау үшін өзінің әскери міндетін абыроймен атқарып жүр, келешекте оннан астам шет тілін үйренуді өзіне мақсат етіп қойған.

– «Қанша тілді білсең, сонша адамсың» деген дана сөз бар, – дейді Бейбарыс Ислам. – Мен еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше шет тілін меңгергеніне қатты таңғаламын, ол кісі еліміздің жастары үшін нағыз үлгі боларлық тұлға.

Қатардағы жауынгер Бейбарыс тілді білу басқа халықтардың мәдениетімен, дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретініне сенімді. Мұндай адамның бойында бүкіл әлемге және өзі өмір сүріп жатқан қоғамға деген көзқарас қалыптасады. Ондай адамның ұстанымы мен принциптері де, өмірлік құндылықтары да нақты болады әрі бұлжымайды.

Сонымен қатар бірнеше тілді меңгеру адамның бәсекеге қабілетті маман ретінде дамуына үлкен ықпал етеді. Тіл білудің арқасында әлемді тануға көптеген мүмкіндік ашылады. Алайда «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, басқа тілдерді біле отырып адам әрқашан өзінің ана тіліне ерекше құрмет көрсетуге тиіс.

– Мен көптілді ортада өскеніме бақыттымын, сондықтан тіл үйрену оңайырақ болды, – дейді Бейбарыс. – Тіл – бұл  қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар мінез-құлық. Біз оны психолингвистика деп атаймыз. Ал ана тіліңді ұмытып, тек өзгенің тілінде сөйлегенде ұлттық болмысыңды, ұлттық кодыңды жоғалтасың.

Ол шет тілдерді білу әскер қатарында да өзекті екенін айтады. Бүгінгі таңда әскери қызметшілер де тіл меңгеруге үлкен қызығушылық танытуда.

Мысалы, ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас тілі болып саналады. Әскери ортада Шығыс және Батыс Еуропа елдерімен және АҚШ-пен ынтымақтастық желісі бойынша белсенді қолданылады. Әскери-саяси жағдайды ескерсек, шет тілді үйрену қазір өте өзекті. Ал түрік тілі дүниежүзінде 85 миллионнан астам адамның туған тілі болып саналады. Тағы 15 миллионға жуық адам оны өзінің екінші, күнделікті қолданатын тілі деп қабылдайды. Таралуы бойынша әлемде 15-ші орында тұрған түрік тілі басқа да түркітілдес тілдерді меңгеруге жол ашады деуге болады.

– Алайда Қазақстан Қарулы Күштерінде араб тілі бойынша мамандар (арабистер) сұранысқа ие болғанына қарамастан өте аз. Араб тілі әлемдегі ең көп таралған бес тілдің қатарына кіреді, шамамен 250 миллионға жуық адам осы тілде сөйлейді және 50 миллион адам оны екінші тілі ретінде қолданады. Ол БҰҰ-ның алты ресми тіліне кіреді, әлемдік саяси аренада энергетика және қауіпсіздік жөніндегі келіссөздер аясында да өзекті, – дейді Бейбарыс Ислам.

Ерік Абитов

Аягөз ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button