Экология

Алып қарағай аяласа ғана өседі

Осыдан он шақты жыл бұрын ел азаматтары Семей орманының оталып, өртеліп жатқанын көріп, жасыл желекті сақтау үшін қалың көпшілікке табиғатқа қорған болу керектігін айтып, насихат жүргізген еді. 2003 жылы «Семей орманы» табиғи орман резерваты құрылып, жағдай біршама оңала бастады.

Алып қарағай аяласа ғана өседіРезерват оңтүстіктен солтүстікке қарай 540 шақырымды, ал батыстан шығысқа қарай 400 шақырымды құрайды. Бүгінде орманшылар сонау 1997-1998 жылдары аяусыз оталып кеткен орманды қалпына келтіру үшін еңбек етуде. Бұл игі іске қала халқы да жұмылдырылған. Резерват көшеттіктерінде жұмыс қызу қолға алынған. Соның бірі – Озерка ауылдық округіндегі көшеттік, бұл жерде 6 адам жұмыс істейді. Жұмыс сапасын қадағалап отыратын зертхана да бар. Зертхананың қызметкері Елена Борисенконың айтуынша, қыс мезгілінде негізінен тұқым өсірумен айналысуға болады. Қарағай тұқымдарының сапасы тексеріліп, фитоқорытынды шығарылады.

Сәуір айынан бастап тұқым өскінін отырғызу жұмыстары басталады. Қосымша орманның түрлі сырқаттары мен оларды тудырушы жәндіктер жайы да тексеріледі. Орманды түрлі ауру-сырқаттан тексеру мәселесі бұрын қолға алынбаған шаруа болғандықтан бұл бағытта атқарылар жұмыстар жетерлік. Ауа райына сәйкес өсірілген көшеттердің 50 пайызы ғана орман жағдайына бейімделіп кетеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Озерка көшеттігінде ағаштың 15 түрі өсірілуде. Үйеңкі, арша, шырша, қараған да бар. Елена Борисенко біздің ауа райына мүлде келмесе де анардың көшетін отырғызыпты. Нағыз еңбекқорлық деп осыны айтуға болады.

– Бұл негізінен бөлме өсімдігі, – дейді ол, – бес жыл бойы үйімде өсті. Оған күн көзі және самал жел керек. Жел соққанда ол тозаңданып, анарлары жеміс байлай бастайды. Олар пісіп жетілген кезде кәдімгі анар болып шығады, тек көлемі сәл кішірек. Бұған құрт-құмырсқа сияқты жәндіктер жиірек келеді. Озерка орман көшеттігі 3 жыл бұрын салынған. Аз уақыт өтсе де атқарылған шаруа шаш етектен. Осы уақыт аралығында 150 мың көшет өсірілген.

Еленаның айтуынша, дәннен толыққанды ағаш шығару үлкен төзімді талап етеді. Көктемнің суық, лайсаң күндері, жаздың аптап ыстығында отырғызған көшеттен бір елі кетпей баптап, күтіп отыруың қажет. Бір жерден мүлт кетсең, бүкіл еңбегің құрдымға кетті дей бер. Қазірде облыс орманшылары Елена Борисенконың тәжірибесіне арқа сүйеп, осы кісіден ақыл-кеңес алады. Ол кісі отырғызған көшеттер облыста ғана емес, республикада да сұранысқа ие. Тапсырыс өте көп. Әрине, бәріне бірдей үлгеру мүмкін емес. Сондықтан Еленаға бұл ретте жастар көмекке келеді.

Солардың бірі – №34 орта мектептің 8-сынып оқушысы Айзия Бибекова. Айта кету керек, Айзия Өскемендегі жас экологтардың республикалық форумына облыс атынан топ мүшесі ретінде қатысқан. «Кәдімгі қарағайды өсіру» тақырыбында ғылыми жобасын қорғап, 3-дәрежелі диплом алды. Жобаның кеңесшісі – Елена Борисенко, жетекшісі – №34 мектептің мұғалімі Шұғыла Қалиханова. Айзия қарағай тұқымын өз қолымен егіп, өніп-өсуін қадағалап, күнделік жүргізген екен. Бұл шаруасын қазір де жалғастырып отыр.

Жас баланың бұл қадамы ағашты отап, ақша жасайтындар үшін үлгі болуы керек. Бүгінде Семейдің маңын мекен еткен елді мекен тұрғындары мен Бородулиха, Бесқарағай аудандарының халқы орманды қорғау жолында аянып жүрген жоқ. Соның арқасында ағашты отау соңғы кезде 20 пайызға азайған. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің міндеті – Ертіс маңы орманын қалпына келтіру.

Шыны керек, осыдан біраз жыл бұрын питомниктерге оқушыларды жұмысқа тартуға рұқсат етілмеген, бүгінде бұл талап өзгерді. Себебі, орманды оңалту үшін қыруар шаруа атқару қажет. Сәуір айынан қыркүйекке дейін көшеттіктерде ауыл адамдары да еңбек етеді. Осылайша жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешілген. Көшеттің дер кезінде көктеп шығуын әйел адамдар өз мойнына алған. Олар әр көшетке өз балаларындай қамқорлық танытып күн сәулесінен, түрлі сырқаттардан, зиянкестерден қорғап, нәзік қолдарымен тазалап отырады. Көшет отырғызу маусымында резерват тракторларды жалға алады. Көктемде көшет егу үшін 600 адам және 89 трактор жұмылдырылды. Орманшылар шынжыр табан тракторлар мен арнайы көшет отырғызатын көліктеріміз болса деп армандайды. Себебі, бұл техника арқылы жұмыс көлемін арттыруға болады.

«Семей орманы» резерватының бас директоры Мақсат Елемесовтің айтуынша, орманды өрттен сақтау жолында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Салыстырсақ, егер 2003 жылы 106 гектар орман отқа оранса, былтыр өртке 1 гектар жер ғана шалынды. Осы ретте Семей орманына қарасты барлық бөлімдердің материалдық-техникалық базасының жаңартылғанын да айта кетейік. Оларда 28 өрттен сақтау станциясы, 113 трактор, 65 өрт сөндіру көлігі, өртті бақылайтын 34 мұнара, су тартатын 47 ұңғыма және су сақтайтын 67 ыдыс бар.

Мақсат Елемесовтің айтуынша, орманды сақтауға байланысты халықаралық жобаның мақсатына сәйкес ТМД елдерінде тұңғыш рет Семей орманында тың жоба қолға алынған. Бұл – «Fire Watch» атты арнайы ақпараттық жүйе. Бейнебақылау арқылы орманшылар орманның қай жерінде өрт тұтанғанын дереу байқап, оны бірден өшіріп тастайды. Орман өртімен күрестің бұл жүйесі Аустралияда, Еуропа елдерінде қолға алынған.

Осылайша Семейдің жас-кәрісі аялы алақандарымен болашақ алып қарағайларды күтіп-баптауда. Орман оңалысымен кезінде сескеніп қашқан жануарлары да қайта оралса екен деп тілейді халық.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button