Алтын белгі иегерлері емтихан тапсырмайды
Біздің елде білім алам деген адамға берілетін мүмкіндік жыл сайын артып келеді. Кезекті мүмкіндік алтын белгі иегерлеріне берілмек. Олар енді қорытынды емтихан тапсыруға мүмкіндік алып отыр. Озат болсаң, осындай жеңілдіктер баршылық.
Қазақстанның білім саласы игілікті реформалармен алға жылжып келе жатқаны жұртқа белгілі. Бұл жолы оқуда озат оқушыларға мүмкіндік беру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі «Алтын белгі» беру туралы қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер енгізуге бастама жасады.
Ең басты жеңілдік емтиханнан босау болып тұр. Алайда бұл мүмкіндік екінің бірінің бақытына бұйыра бермейтін сынды. Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы оқу жылынан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша үздік оқушылар қорытынды емтихан тапсырмайды. Сонымен қатар соңғы үш жыл бойы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер де бұл мүмкіндікке ие болмақ.
Сондай-ақ 11-сынып түлектері халықаралық олимпиадаларға дайындалу үшін оқу-жаттығу жиындарына қатысқан жағдайда да қорытынды аттестациядан босатылуы мүмкін. Білімге құштар жандар үшін бұл таптырмайтын жеңілдік болары сөзсіз.
– Бұған дейін «Алтын белгіге» үміткер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары қорытынды аттестация кезінде жазғы оқу-жаттығу жиындарында болып, халықаралық олимпиадалар мен жарыстарға дайындалып, емтихан тапсыра алмаса, автоматты түрде «Алтын белгі» белгісінен айырылатын. Енді түлектер оны ала алады. Ол үшін «үздік» деген баға болуы керек. Қазір дарынды балаларды қолдау мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл өзгеріс те балалардың мүддесі үшін қабылданды, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Жалпы, соңғы жылдары оқуда озат оқушылар көптеген қолдауға ие болып келеді. Соның бір дәлелі – биыл Президенттің тапсырмасымен халықаралық пәндік олимпиадалардың 27 жеңімпазы алғаш рет 76 млн теңгеден астам сыйақы алған. Алтын медаль алған оқушы 1 500 АЕК, күміс медаль 1 000 АЕК, қола медаль 500 АЕК көлемінде сыйақы алған. Оқушыларды олимпиадаға дайындаған тәлімгер ұстаздар да бірреттік сыйақыға ие болды. Ақшалай сыйлықпен қатар озат шыққан оқушылар жергілікті жоғары оқу орындарынан грант ұтып алды.
Алтай Ғали-Асқар