Абаттандыру

Алтайдың көшелері жарықтандырылып жатыр

Алтай қаласында осыған дейін басталған көше жарықтарын қайта жаңғыртуға байланысты жобалар алдағы екі жыл көлемінде толық аяқталады.

Аудан орталығындағы көше шамдарын жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайын баяндаған Алтай қаласының әкімі Игорь Оконешников бүгінде бірқатар көшедегі осындай жұмыстардың толық аяқталғанын атап өтті.

– Қалада көше жарықтарын модернизациялау жұмыстары жалғасып жатыр, – дейді Игорь Оконешников. – Қазіргі уақытта осындай жұмыстар Астана, Стаханов, Спортивная, Рабочая, Тәуелсіздік, Комаров, Тоқтаров, Космонавтар көшелерінде аяқталып, басқа жобалар ары қарай жалғасын тапты.

Қала басшысының айтуынша, қайта жаңғырту жұмыстарын облыс орталығынан келген мердігер ұйым жүргізіп жатыр. Алдағы екі жыл көлемінде басталған барлық жобаның толық аяқталатынын алға тартқан ол назарға алынбай қалған кейбір учаскелердегі жұмыстарды аяқтауға қосымша қаражат бөлінетінін айтты. Атап айтсақ, олардың қатарына бүгінде қайта қалпына келтіру жұмыстарын тілеп тұрған Бочарников көшесі, хоккей корттары, №9 мектептің аллеясы жатады.

Кейбір жол учаскелерінде тұратын тұрғындар өз аумақтарында жарықтың әлі де болса іске қосылмағанын айтып шағымдануда. Алдағы уақытта аталған аумақтарда да көше шамдарының жанатынын айтқан қала әкімі мердігер ұйымның кейбір жерлерде жұмыстарды аяқтап үлгере алмай жатқанын тілге тиек етті. Дей тұрғанмен, барлық жұмыстардың халықтың қалауы бойынша істелетініне сендірді.

– Жарық шамдарын, электр кабельдерін ауыстыру керек болса, барлық алмастыру жұмыстары атқарылатын болады. Сонымен қатар биыл Ломоносов көшесінде жергілікті мердігер көшер жарығы жүйесін толық жаңартып, отыз жыл бойы жарығы болмаған көшеге заманауи жарық шамдарын орнатты. Бұдан бөлек, алдағы үш жыл ішінде біз Бажов, Зырянов және Партизан көшелерінде осындай жұмыстар жүргізбекпіз, – деді Игорь Оконешников.

Айзере Сұлтан

Осы айдарда

Back to top button