АбаттандыруЖаңалықтар

Өскеменде жаңа скейт-парк салынады

Өскеменде өзгеріс көп. Өңірдің бас шаһары күн өткен сайын түлеп, түрлене түскендей.

Сенбі күні Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралап, жөндеу жұмысының уақтылы әрі сапалы орындалуын қадағалады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған «Металлург» саябағында абаттандыру жұмысы аяқталуға жақын. Осыған дейін түрлі мерекелік шаралар өтетін шағын сахнасы бар ескі алаңның орнына жаңа скейт-парк салынатын болды.

Жалпы саябақтағы жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Содан бері саябақтың кіре берісіндегі және ішіндегі жолдар жаңартылып, түрлі түсті плиталар төселді. Жаңадан 49 жарық бағанасы мен урналар орнатылып, орындықтар ретке келтіріліп, боялды.

Қала әкімінің айтуынша, концерттер өтетін сахна тұрған алаңның орнында  скейт-паркін салу туралы шешім қабылданды, өйткені ескі сахна ғимараты апатты жағдайда болған. Қазір аталған алаңның негіздемесін дайындау жүріп жатыр, одан кейін балалардың скейтборд тебуіне арналған спорттық жабдықтар орнатылатындығы айтылды.

– Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін балалары мен немерелерін ойнатуға, демалуға жиі келеді. Сондықтан жасалып жатқан жұмыстардың сапасына аса мән беру керек. Оның барлығы жұмысты қабылдау барысында да мұқият тексеріледі. Абаттандыру жұмыстарын шілденің ортасына дейін аяқтау керек. Сонымен қатар, жуықта тұрғындардың өтініші бойынша күндіз саябаққа «Восток» стадионы жағынан кіретін қақпаны ашу жоспарланып отыр,- деді мердігерлермен кездескен қала әкімі Жақсылық Омар.

Сондай-ақ, қала әкімі саябақта кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлермен ескірген аттракциондарды жаңарту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Айта кетсек, бұл саябақ 26 жылдан бері жөндеу көрмей, тозып тұрған еді. Себебі, демалыс орны 1996 жылы жеке компанияға берілген соң, мұнда абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Тек 2021 жылы сот шешімімен саябақ жергілікті әкімдіктің балансына берілген болатын. Содан бастап саябақты жаңғырту жұмыстары қолға алынып, екі кезеңмен жүргізілді. Биылғы абаттандыру жұмыстарын 15 шілдеде аяқтау тапсырылды.

 

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button