Тарих

Алтай теңізі болғаны рас па?

Алтай теңізі болғаны рас па?
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тархан геологиялық разрезі» табиғи-ландшафтық мұражай-қорықшасын құруды көздеп отыр.
ШҚМУ проректоры, биология ғылымының докторы Анар Мырзағалиева әзірлеп жатқан жобаның мақсаты – 2018-2019 жылдар ішінде «Тархан геологиялық разрезі» мұражай-қорықшасын құру арқылы тарихи-табиғи мұраны сақтау, қолдану және насихаттау.
– Өскеменнен 26 шақырым жерде, Глубокое ауданы Тарханка ауылының маңында табиғаттың палеонтологиялық ескерткіші – Тархан геологиялық разрезі бар. Разрез аумағын табиғи қорықша ретінде танып, онда ашық аспан астындағы мұражай ашу қажет, – дейді ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінде.
Тархан геологиялық разрезі айрықша ғылыми құндылыққа ие, өйткені ол тасқа айналған байырғы ағзаларды зерттеуге, олардың жасын анықтауға мүмкіндік береді, органикалық өмірдің даму кезеңін көрсетеді, өлке тарихын ашады.
Ғалымдардың пайымынша, миллиондаған жыл бұрын Үлбі өзені болмаған, бұл алқапты Алтай теңізі алып жатқан, осы жерде теңіздің болғанына нақ осы Тархан разрезі дәлел. Ол шамамен осыдан 300-400 миллион жыл бұрынғы Девон және Карбон дәуірлерінің шөгінді қатпарларынан тұрады.
– Разрездің түрлі қатпарларында көне теңіз ағзаларының тасқа айналған қалдықтары бар, олар бірнеше жүз миллион жыл бұрын жасалған өзіндік тас «суреттер» іспетті. Разрез екі геологиялық кезеңнің – Девон мен Карбонның шекарасын көрсетеді, – дейді ғалымдар.
Атап өтерлігі, әлемде осындай тек бір ғана геологиялық разрез бар, ол Арденн (Бельгия) тауларында орналасқан. Алайда, тасқа айналған ағзалар байлығы бойынша Тархан разрезі одан бірнеше есе асып түседі.

Ержан ӘБІШ

Осы айдарда

Back to top button