Ауыл шаруашылығы

Алтай маралының артықшылығы неде?

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Шығыс өңірінің ерекше кәсібіне айналған марал шаруашылығы бір кездері құлдырау кезеңін бастан өткеріп, кейін қайта түлегені белгілі. Дей тұрғанмен жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде бүгінде біздің өңір бұл жануардың санын сегіз мыңға таятқан. Бұл жерде өңірдегі марал өсірушілердің еңбегі ерен. Облыс аумағында тіркелген 21 шаруашылықтың ісін ілгерілеткен өңір үшін панты өнімдерін өндіріп, кәдеге жарату, медициналық туризмді дамыту бірінші кезектегі мәселе.

Құрып кете жаздаған кәсіп

Адамзаттың бұғы шаруашылығын меңгергеніне бірнеше дәуір болған. Дегенмен маралды қолға үйретіп, жартылай үй, жартылай түз тағысына айналдырмас бұрын адамның оған істеген қиянаты аз болмаған. Солтүстіктегі халықтар бұғыны бірлі-жарымды ғана үй шаруашылығына қолданса, негізінен жабайы жануарды қынадай қырып, одан түскен шикізатты Қытайға сан мың тонналап өткізіп келген.

Қытай және кәріс жазбаларына сенсек, марал мүйізінің емдік қасиетін адамдар осыдан төрт мың жыл бұрын анықтаған. ХVIII ғасырдың 60-шы жылдары ескі діни көзқарастағы кержақтар қытайлық әскерилердің марал мүйіздерін жапа-тармағай сатып алып жатқанын білген. Ол кезде бір келі марал мүйізі бір келі күміске пара-пар болған. Осының әсерінен мол пайда табудың кесірі марал басының күрт азаюына әсер етті.

Мұны өткен ғасырларда Оңтүстік Сібір өлкесін зерттеген зерттеушілер де растайды. Қытайлық көпестер марал мүйізі мен «лу-тайды» (буаз маралдың жетіле қоймаған құрсақтағы бұзауы) көптеп сатып алған. Маралды әлі қолға үйрете қоймаған адамдар кәсіпті аңшылық арқылы жүзеге асырды. Жаз басында орман-тауды кезген аңшылар бұғыны шалмалап, орға, тұзаққа түсіріп ұстап, мүйізін кесіп алған соң жараны тазартып, таңбастан қоя берген. Қансыраған марал орманда өлетін. Осылайша жыл сайын 150 мың бас марал ауланып, Алтайдың жануарлар әлеміне орасан зор шығын келтірілді.

Бұғы өсіру Катонқарағайда басталған

Маралды аяусыз қырып-жоюдың кері әсері байқалмай қалған жоқ. Қытай нарығы пантыға, «лу-тайға», бұғының құйрығы мен сіңірлеріне, терісіне деген сұранысты үсті-үстіне арттыра берді. Бұқтырма өзенінің маңын жайлаған аңшылар Ресейдің Алтай өлкесіне қарай шамамен 400 шақырым қашықтыққа дейін алыстап, марал іздегенімен еш нәтиже болмаған. Міне, осы кезден бастап маралды қолға үйретуге алғашқы талпыныстар басталды. Өйткені марал басын сақтап, панты өнімін одан әрі дамытудың бір ғана жолы осы еді.

Маралды қолға үйретуді алғаш рет ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары қазіргі Катонқарағай ауданының аумағындағы Фыкалка (қазіргі Бекалқа) ауылының тұрғыны қолға алған. Савелий Ушаков есімді азамат Бұқтырма өзенінің маңынан аталық бұғыны ұстап, қолда біраз ұстаған соң Авдей Шарапов есімді адамға сатады. Бұғыларды арнайы қоршауда баққан Авдей Шарапов кейін бірнеше маралды Язевая ауылындағы қайын атасы Егор Лубягинге сатқан. Осылайша маралды қолға үйрету Өр Алтайда бастау алады.

Кеңестік кезеңде Катонқарағай ауданында марал асырауға машықтанған бірнеше кеңшар құрылды. Бүгінде Ресей, Қазақстан, Канада, Қытай және Жаңа Зеландия сияқты бес мемлекет осы шаруашылықтың тамырына қан жүгіртіп отыр. Дегенмен әлемдік нарықта Ресей мен Қазақстанның Алтай тауларын жайлаған маралдың өнімдері ерекше бағаланады. Оның басты құпиясы осы өңірде ғана өсетін маралтамыр өсімдігімен байланысты. Бұл өсімдік Алтайдан басқа жерде өспейді. Тіптен еліміздің Көкше және Алатау өңірлерінде соңғы уақытта қолға алынып, өсірілген марал Алтайда өсірілген кербұғының қасиетіне жете алмайды. Десек те өз тауарының сапасыздығын білген қытайлық және жаңа зеландиялық шаруалар марал өнімдерінің халықаралық нарықтағы бағасын төмендетіп, арзанға сататын көрінеді. Осы себепті отандық шаруалар өндірген өнімді негізінен өзімізде қолданып, күш-жігерді медициналық туризмді дамытуға бағыттаған.

Бұған қоса, жабайы табиғаттағы марал басы да екі мыңнан асты. 1996 жылы экологтар жабайы маралдан 200 бас қана қалғанын айтып дабыл қаққан. Бұл көрсеткіштің өсуіне де марал өсірушілер септігін тигізді.

Сапаға ерекше мән берілген

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта өңірімізде жұмыс істеп тұрған 21 марал шаруашылығында 7 644 марал бар көрінеді. Марал шаруашылықтары негізінен Катонқарағай ауданында шоғырланса, Алтай, Зайсан, Самар, Күршім, Ұлан, Глубокое аудандары мен Риддер қаласында да осындай шаруашылықтар құрылған. Осы іске мықтап ден қойған шаруалар бас-аяғы он екі жылда Күршімде марал басын – 216-ға, Зайсанда – 461-ге, Алтайда – 492-ге, Самарда – 667-ге, Ұланда – 1133-ке  жеткізсе, катонқарағайлық марал өсірушілер бұғы санын 4629-ға дейін көбейткен. Сондай-ақ соңғы екі жыл көлемінде Глубокое ауданы мен Риддер қаласында да бір-бірден марал шаруашылықтары құрылып, кербұғының санын біртіндеп көбейте бастаған.

Бүгінгі таңда марал шаруашылығы бойынша кооператив құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шаруашылықтар кооперативтерге бірігуі арқасында біріншіден, мемлекеттік қолдауға қол жеткізсе, екіншіден, өнімділік артып, өнімдерін экспорттауға мүмкіндік ашылады.

Шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірумен қатар облыстық басқарма марал басын асылдандыру ісіне де көңіл аударып отыр. Атап айтсақ, бұл іс бұғы басын субсидиялау арқылы жүзеге асырылуда. 2016 жылы еліміздегі марал өсірушілер Республикалық марал өсірушілер палатасына біріккен болатын. Осы жылы аталмыш бағыт «Ауыл шаруашылығы кешенін дамыту» жобасының басым бағыттарының бірі болып белгіленді. 2017 жылдан бастап алғаш рет марал басын асылдандыруға субсидия бөліне бастады. Құзырлы мекеме өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта өңірімізде 14 шаруашылық асыл тұқымды маралдармен селекциялық жұмыс жүргізіп, қолдан ұрықтандыру арқылы төл алудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізіп отырған көрінеді.

– Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы еліміздің ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, марал өсірушілер жергілікті бюджет қаражаты есебінен маралдардың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізгені үшін әр аналық басқа 10 мың теңгеден субсидиялау қарастырылған, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов.

Оның айтуынша, субсидия алу үшін үміткерге қойылатын белгілі бір талаптар бар. Атап айтсақ, өтінім берген сәтте марал басы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қорында және маралдардың Республикалық палатасында тіркеуде болуы керек. Сонымен қатар аталық маралдың жасы сол жылдың қыркүйек айында 36 айдан кем болмауы тиіс және отыз аналық басқа кемінде бір тұқымдық аталық болуы керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, соңғы жылдары марал мүйізінен алынатын панты өнімдеріне деген сұраныс коронавирус шектеулері кесірінен біраз азайғаны белгілі. Біраз жыл көрші елдердің нарығындағы сұранысты қанағаттандырып келген жергілікті марал өсірушілер кейінгі жылдары өз өнімімізді өзімізде қолданудың әдісін шындап меңгере бастады. Осының арқасында, соңғы уақытта Шығысқа келіп, марал мүйізінің сорпасына түсіп, мың түрлі дертінен айығуды қалайтындар қарасы да көбейіп, ауыл туризмінің тынысы ашылды. Осы ретте пантымен емдеу орталықтарының базасын кеңейтіп, көрсетілетін қызмет түрін көбейту міндеті пайда болды.

Облыстың аудан, қалаларындағы марал саны

Осы айдарда

Back to top button