Экология

Алтай бағында 3600-ден астам өсімдік түрі бар

Алдағы жылы Риддер қаласындағы Алтай ботаникалық бағының құрылғанына 80 жыл толмақ. Елімізде алғаш құрылған бұл ботаникалық бақтың ғылымда алар орны ерекше. Шығыстың сәніне айналған бұл бақта білікті мамандар жемісті еңбек етіп жүр.

Алтай бағында 3600-ден астам өсімдік түрі барТабиғаты тамылжыған, қарағайы мен шыршасы, қайыңы мен терегі самсап тұрған өлкеде тұрып жатқанымызбен, мұндай ботаникалық бақты көп кездестірмеппіз. Риддер қаласындағы бұл ботаникалық бақ 154 гектар жерді алып жатыр. Мұнда келген адамның иранбаққа кіріп кеткендей әсерге бөленетіні сөзсіз. Мекеменің кіреберісінде Алтай ботаникалық бағында өсірілетін жеміс-жидек пен өсімдіктер әлемі, «Қызыл кітапқа» енген гүлдер мен дендрология жайында көп мағлұматтар беретін тақталар қойылған екен.

– Ботаникалық бақта 3600-ден астам өсімдік пен ағаш түрі бар. Оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген Алтай сібірі ағашы, Сиверс алмасы, Алтай рауағашын ерекше атап айтуға болады. Қазіргі күні ботаникалық бақта табиғат сақтау, өсімдік зерттеу, дендрология, гүл және жеміс-жидекке арналған төрт бөлім бар, – дейді ботаникалық бақтың бас директоры Әбдірахман Сүлейменов.

Жалпы, қазіргі таңда елімізде төрт ғана ботаникалық бақ бар болса, риддерлік бағбандар Маңғышлақ, Жезқазған, Іле ботаникалық бақтарымен тығыз байланыста. Әрине, әр өлкенің өзіндік ерекшеліктері бар, ендеше тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдай түскенге не жетсін.

Бас директор Әбдірахман Нұршанұлының айтуынша, ботаникалық бақта қызмет істейтін 43 адам өз білімдері мен біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Іске қажетті қондырғылар мен жабдықтар да мекемеге сатып алынған.

– Табиғат пен өсімдік әлемі егіз ұғым. Қарапайым ғана өсіп тұрған шөпті немесе гүлді алайықшы, оның емдік қасиеттерін зерттеп, адам ағзасына тигізер пайдасын зерделей білсек, ұтарымыз анық, – дейді Әбдірахман Нұршанұлы.

Осы Алтай бағында жарты ғасырдан астам уақыт бойы шығармашылықпен қызмет етіп келе жатқан биология ғылымдарының кандидаты Ю.Котуховты еліміздегі ғана емес, шетел мамандары да танып, мойындаған. Ол 50-ден астам өсімдік түрін зерттеген үлкен ғалым. Дәрілік қасиеттері мол түрлі шөптердің, гүлдердің «тілін» жетік білетін ғалымның Ольга Ануфриева, Алевтина Данилова, Андрей Винокуров, Тамара Немцева сынды шәкірттерін де атап айтқан жөн.

Биология ғылымдарының кандидаты Татьяна Вдовина елімізде теңдесі жоқ жеміс беретін өсімдіктің жаңа түрін ойлап тауыпты. Сондай-ақ, инженер-көгалдандырушы Дәметкен Жаңатайқызы, бақ инженері Вера Панова да Алтай ботаникалық бағының ыстығы мен суығына бірдей төзген тәжірибелі мамандар. Жас мамандар Нина Каданцева мен Анастасия Немцева да өз білімдерін үнемі жетілдіріп отырады.

Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарайтын Алтай ботаникалық бағының қызметкерлері алдағы уақытта да шығармашылық ізденісте бола бермек. Келер жылы сексеннің сеңгіріне шығатын ұйымшыл ұжымның алар асулары алда.

Өкен Есімбек

Риддер.

Осы айдарда

Back to top button