Ауыл шаруашылығы

«Алтай балына» құда түсушілер көп

«Алтай балына» құда түсушілер көп

Өскеменде 1500 омарташыны бір тудың астына біріктірген кооператив жұмыс істеп тұр. Оған Шығыс Қазақстаннан бөлек Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақтөбе облысының шаруалары да енген.

«Алтай балы» деген атпен құрылған өндірістік кооператив өз жұмысын осыдан тура бір жыл бұрын бастапты. Осыншама адамның бір ұжымға бірігуі мәжбүрліктен туған оқиға деуге де болады. Облыстағы бүкіл білім және тәрбие ошақтарын балмен қамтып, сол арқылы нәпақасын айырып отырған омарташылар өндірген балын өткізетін жер таппай қатты қысылған. Сыртқа өткізейін десе, стандартқа сай қаптап, сан түрлі сертификаттар алуға көбінің технологиялық мүмкіндігі мен қаржылық әлеуеті жетпеді.

Ал «Пасека» шаруа қожалығы бал өндірісіне көңіл бөліне қалған тұста-ақ әуелі технологиялық жағынан жетілуге күш салған болатын. Сол әрекеттерінің жемісін қиналған шақта көрді. Барлық стандарттарға сай қапталған «Пасеканың» өнімі тіпті мұхит аса бастады. Алайда, алып нарыққа тұрақты түрен салу үшін өндіріс қуатын арттыру қажет еді. Осы мақсатпен қожалық жетекшісі Валерий Қасымбаев бал өңдейтін өндірістік желі орнатуға бекінген. Жобасын қағазға түсіріп, сызбасын толық дайындаған соң оны іске асыруға қомақты қаржы қажет болды. Басында бұл жобаға инвестицияны мемлекеттен тарту көзделгенімен, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Бұл тұста ара шаруашылығына көрсетіліп келген қолдау да саябырсып қалған болатын. «Пасека» шаруа қожалығына әлгі жобаны кейінге ысыра тұруға тура келді. Өзіне келген тапсырыстарды қанағаттандыру үшін енді олар өзге омарташылардан бал қабылдай бастады. Қоймасында тонналап бал жиналып қалған омарташыларға да керегі осы болатын. Кейбірі өнімін қолма-қол ақшаға өткізсе, кейбірі шаруашылыққа қажет ыдыс пен құралдарға айырбастады. Осылайша, «Пасека» шаруа қожалығы өңірдегі бал өндірісінің серкесіне айналып шыға келді.

Бүгінде қожалық ара шаруашылығына қажет құрал-жабдықтардың бәрін саудалап отыр. Оның басым бөлігін өздері шығарады. «Пасека» дүкендерінде Шығыс балының барлық түрі бар. Өйткені, омарташылар өңірдің барлық түкпірінен осында бал өткізеді.
– Біз соңғы үш жылдың көлемінде кооперативтік жүйеде жұмыс істеп келдік. Тек соны құжат жүзінде тіркеу ғана қажет болатын.

Мемлекет басшысы 2015 жылдың қазанында кооперативтендіруге қатысты алғашқы құжатқа қол қойған тұста-ақ біз өз жүйемізді заңдастыруға кіріскенбіз. Сондықтан кооперативтендіру шарттарын орындау біздің ұжымға аса қиын болған жоқ, – дейді Валерий Қасымбаев.
Кооператив мүшелері өздеріне басшы етіп Геннадий Калерді сайлаған екен. Ол да омарташылықты бес саусағындай білетін кәнігі маманның бірі. Бүгінде ұжымның барлық құжаттарын осы азамат ресімдеп жүр.

Бес облыстың омарташыларын қанатының астына алған кооперативтің жұмысы жаз туа жанданбақ. Өйткені, әзірге тек оңтүстік өңірлерде ғана ара «ұйқысынан оянған». Негізі оңтүстіктің арашылары біздің ормарталарға ара басын дайындап берумен шұғылданады екен. Өйткені, аталмыш өңір араның көбеюіне және жан-жақты жетілуіне әлдеқайда қолайлы болса керек. Осы сияқты әрбір өңір өз ерекшеліктері бойынша кооперативтің дамуына үлес қосуда. Ұжымға соңғы болып ақтөбеліктер кіріпті. Климаттың өзгешелегіне қарамастан олар да өз өңірінде ара шаруашылығын қолға алмақшы. Елдегі ара шаруашылығының жағдайын зерделей келе, олар да «Алтай балымен» қанаттасып жұмыс істеуді жөн деп тауыпты.

Валерий Қасымбаев пен Геннадий Калер бізді «Пасека» шаруа қожалығының өндірістік аумағымен таныстырды. Өйткені, кооперативтің барлық өнімі осы қожалық базасында өңделіп, қапталып, саудаға жол тартады. Өндірістік базаны бізбен бірге «Ауылшаруашылық өнімдерді экспорттаушылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің делегациясы да аралады. «Алтай балының» экспорттық әлеуетін зерделеу үшін Алматыдан арнайы келген топ Қытай нарығына бал өткізуде серіктес болу жөнінде ұсыныс айта келіпті.

-Осыдан 30-40 жыл бұрын бір ғана Шығыс Қазақстанның омарташылары жылына 50 мың тонна бал өндіріп тұрған екен. Ал қазіргі көрсеткіш 5000-10000 тонна аралығында. Демек, балға сұраныс аз деген сөз. Қытайға жол ашылса, сұраныс еселеп артады. Сол қажеттілікті толтыруға мұндағы омарталардың әлеуеті жете ме деген сауалға жауап іздеп келген болатынбыз. Кооператив басшыларының айтуынша бір жылдың өзінде бал өндірісін жеті мың тоннадан 15-20 мың тоннаға жеткізуге болады екен. Тек ол үшін кооперативке мүше омарташылардың барлығына тапсырысты тоғыз ай бұрын беріп қою керек, – дейді бірлестік төрағасы Бауыржан Бакшилов.

«Алтай балы» кооперативі жылына жеті мың тоннаның көлемінде бал өндірсе, соның 53 пайызы ел ішінде керекке жаратылады екен. Ал экспорттың басым бөлігі Ресей мен Қытайға кетуде. Солтүстіктегі көршіміздің Орал-Сібір өңірлеріне Алтай балының 18 пайызы кетсе, Қытайға 25 пайызы саудаланып отыр. Мұнда бал негізінен халықаралық жәрмеңкелер мен жергілікті сауда орталықтары арқылы жетуде. Ал ресми рұқсат алынғанда экспорт көлемі еселеп артады деген болжам бар. Бұлардан кейін АҚШ пен Өзбекстан нарығына жылдық өнімнің төрт пайызы сатылып отыр.

Өндірістік әлеуеті мен қамтыған аумағының, технологиялық сапаның арқасында «Пасека» шаруа қожалығы Кедендік Одақ пен «Самұрық Қазына» АҚ кәсіпорындарының тізіміне енген. Соның арқасында «Алтай балы» кооперативіне енген барлық омарташылар аталмыш нарықтарға өнімін саудалауға мүмкіндік алып отыр.

Валерий Қасымбаев өзінің бал өндірісіне арналған технологиялық желі құру жобасын кооперативтің күшімен орнатуға да күш салуда. Ол үшін 500 млн. теңгеге жуық қаражат керек. Ал әзірге бір кооперативке 50 млн. теңгеден артық несие берілмейді.
– Бұл жоба жүзеге асса, біз тек облыс көлемінде емес, Орта Азия аумағында ең ірі бал экспорттаушыға айналар едік, – дейді кәсіпкер.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button