Мәдениет

Алматыдан бас жүлдемен оралды

  Алматыдан бас жүлдемен оралды

«Таланттар академиясы» оқу-кеңес орталығы мен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматыда өткен «Нұрлы әз-Наурыз» атты I республикалық оқушылар фестивалінде аягөздік өрендер бас жүлдені жеңіп алды.
Еліміздің әр өңірінен кіл мықтыларды жинаған байқауда Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы орта мектептің 9-сыныбында оқитын бес оқушы поэзия жанры бойынша бақтарын сынаған-ды. Алатаудың ақиығы Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерінен құралған әдеби монтажды және талантты жерлес ақын Қалқаман Саринның шығармаларынан таңдап тарту еткен олардың өнері қазылар алқасының тарапынан жоғары бағаланған.
– Бүкіл республика оқушылары сынға түскен осындай үлкен өнер сайысында шәкірттерімнің бас жүлдеге ие болуы зор жетістік, әрине. Осы балаларды бесінші сыныптан бері жеке тәрбиелеп, әдебиетке баулыған еңбегім өзінің жемісін берді, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, оқушылардың жетекшісі Рауан Қосылханұлы.
Өнер бәсекесінде облыс намысын абыроймен қорғаған аягөздік жеңімпаздар мұнымен шектеліп қалмақ емес, мүмкіндік туып жатса, келешекте басқа да фестивальдерге қатысып, топ жару ойларында бар.
Айтпақшы, ұйымдастырушылар бас жүлде иегерлерін жаз маусымының ортасына қарай Ыстықкөл жағалауында өтетін халықаралық байқауға шақырыпты. Қаражат табылып, қолдау көрсетіліп жатса, ол биікті де бағындыруға балалардың қарым-қабілеті жеткілікті екенін айтады жетекшісі.

Серік Әбілхан

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button