Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, ақын: «Көк тудың желбірегені» халықтық әнге айналды
Соңғы кездері сахнада көп шырқалып жүрген патриоттық әндердің бірі – «Көк тудың желбірегені» әні. Сағымды сағынышқа толы, жанды тебірентіп, рухты оятатын бұл әннің сөзін жазған ақынның өзі де атамекенге ыстық сағынышын арқалап, елжандылықпен оралған жанның бірі болатын. Тарихи Отанына жете алмай жүрген қазақ бауырлардың жүрегінің лүпіліндей естілетін әннің сөзін жазған ақын, Қытайдан елге оралған қандасымыз Алмас Ахметбекұлымен Тарбағатай өңірінде кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Майра Мұхамедқызы алғаш рет орындады
– Алмас Ахметбекұлы, «Көк тудың желбірегені» – жаңа заманның тынысын дөп басқан, иісі қазақтың ауызынан түспейтін ән болды ғой. Әннің сөзін сіз атамекенге оралғанда жол үстінде жазыпты деп естиміз?
– Тағдырдың тәлкегімен тоз-тоз болып, кер заманның тұсында атамекенге оралуға зар болып жүрген ұрпақтың бірі біз едік. Балалық шағымыз Тарбағатайдың күнгейі Сауыр-Сайханның бауырындағы Шаған көл ауылында өтті. Сондағы орта мектепті бітіріп, Іле педагогикалық институтының қазақ әдебиеті факультетін тәмамдадым. Бірақ қиыр жайлап, шет қонған қазақтың қай баласын алсаңыз да, аңсары атамекенге ауып тұратын. Әлі есімде, 1992 жылдың 22 мамыры болатын. Алматыда Тәуелсіз елдің көк туын қабылдау рәсімі өтті. Бұл шара әлемнің барлық телеарналарынан тікелей эфирде көрсетілді. Шәуешектегі бір топ бауырлармен жиналып тамашаладық. Елбасы көк байрақты тізерлеп отырып сүйгенде, көз жасыма ерік бердім. Құдай-ау, осыдан артық бақыт бар ма? «Қазақстан азат болды. Жырақта бір күнде қалмаймыз» деп, Алтайдың аржағында жүрген достарымызбен сол күні серттесіп, атамекенге оралуға бекем бел буған алғашқылардың бірі болдық.
1993 жылдың ақпаны еді. Жанұяммен салқар көшімді Шәуешектен атамекенге бұрдым. «Қорғас» бекетіне келдік. Ол уақытта Қорғас шағын ауыл болатын. Бекеттің төбесіндегі самал желмен желбіреп тұрған көк байрақ көзіме оттай басылды. Елімнің туын тұңғыш көріп, жүрегім елжіреп, бойымды ерекше сезім билеп, «Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары ойыма оралды. Сондағы жол үстінде, пойызда отырып жазған алғашқы шумақтар мынау еді:
Көк тудың желбірегені-
Бақыттың елжірегені.
Қиырда қалған қазақтың,
Көзінің мөлдірегені.
Кейіннен Алматыға келген соң, өлеңнің қалған жолдарын жаздым, әннің сөзі осылай туған еді.
– «Көк тудың желбірегеніне» әуен жазуға біраз сазгерлерге ұсыныс жасапсыз. Бірақ бәрі бірдей көңіліңізден шықпаған көрінеді.
– Оныңыз рас. Өзім білетін талантты сазгерлердің бәрі өлеңімді алып, саз жазғанымен, көңілімнен шықпады. Бірде ақын-сазгер, аса талантты бауырымыз, опера әншісі Ермұрат Зейіпханұлына барып өлеңіме ән жазып бер деп қолқа салдым. Қытайдан елге бірге оралғанбыз, тағдырымыз ұқсас қой. Ермұрат әннің екі нұсқасын жазып әкелді. Екеуін де тыңдап, ұнаған нұсқасын таңдап алдық. Алғаш рет сахнаға «Көк тудың желбірегені» әнін отандық опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы орындап шықты. Бұл 2000 жылдың күзі болатын. Көрермен жылы қабылдады. Осы жылдарда ән бірнеше дауыста опералық бағытта жазылып, қазақ радиосынан жиі берілетін болды. Ермұрат Зейіпханұлы менің тағы бірнеше өлеңіме ән шығарды. Өзі де ақын болатын, өкінішке қарай талантты бауырымыз 2011 жылы дүниеден қайтты.
Әннің бағын ашқан – Ибрагим
-Соңғы жылдары көрермендер «Көк тудың желбірегенін» жас әнші Ибрагим Ескендірдің әні екен деп те айтып жүр.
¬- Ашығын айту керек, әннің бағын ашқан Ибрагим Ескендір бауырымыз ғой. Бұл әнді Ибрагим әу бастан домбыраға салып айтып жүрген екен. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» ұлттық арнасының қолдауымен ән эстрада жанрына лайықталып өңделіп, бейнебаян түсірілді. Осыдан кейін-ақ ән күллі әлемді шарлап кетті. Шет елдердегі қандастарымыз, әсіресе, Еуропадағы, Ауған мен Ирандағы қазақтар бұл әнді әнұран деп қабылдапты. Лондон Олимпиадасында спортшыларымыздың намысын қайрап, рухын оятқан да осы ән болатын. Қазір телеарналардың бәрінде Ибрагимнің бейнебаянын, радиодан Ибрагим бауырымыздың үнін естисіз. Әр қазақтың қолындағы ұялы телефонында осы әуен сайрап тұрады. «Көк тудың желбірегені» халықтық әнге айналды ғой.
-Қазір жаңа заманның хитына айналған осындай бір ән шыға қалса, қайсыбір авторлар пайданың көзіне айналдырады. Ал мынадай халықтық әннен де пұл табуға болады ғой?
-Өз басым ондайды ойлаған да емеспін. Әннің авторы марқұм Ермұрат Зейіпхан да осылай істер еді ғой. Ал Ибрагим Ескендір бауырымыз өзінің концерттік бағдарламасының бәрінде «Көк тудың желбірегені» әнін сахнадан орындамай кеткен емес. Бұл оның кәсібі ғой. Ибрагим бауырымыз шет елдерге шақырумен жиі барады. Әлемнің талай елінде болып, осы әнді шырқапты. Тек сол Қытай еліне концерттік сапармен барғанда, Ибрагим Ескендірге саяси мағынасына байланысты «Көк тудың желбірегенін» айтуға мүлде тыйым салыпты. Естуімше, қандастарымыз көп шоғырланған аймақтардағы жергілікті орындаушыларға қатаң бақылау жасайтын көрінеді. Қазақ мектептерінің де қатары азайған екен. Біздің бала күнімізде Қытайда 733 қазақ мектебі болатын, қазір соның жартысы аралас мектепке айналыпты. Осылай бола берсе, болашақта шеттегі қандастарымыздың ұрпақтары таза қытай тілінде оқитын болар. Мен осы бір өлеңіммен Тәуелсіздіктің сағынышын жеткіздім. Елге, жерге деген сағыныштан жұдырықтай жүректі жарып шыққан алты шумақ өлеңім алты алашқа тарады. Қандай әнші болсын, кім орындаса да, әйтеуір ән ғұмырының ұзақ боларына кәміл сенемін.
Жетіаралым – жер жәннаты ғой
-Алмас Ахметбекұлы, шығармашылықпен шұғылданып жүрген боларсыз, Алматыдағы кәсібіңіз қандай, отбасыңыз жайында айтсаңыз?
-Ақын болған соң қаламымды тастаған жоқпын, шығармашылықпен әлі айналысамын. 3-4 кітабым жарық көрді. Биыл «Көк тудың желбірегені» деген жыр жинақтарым шықты. Жүзден астам әнге өлең жаздым, соның оншақтысы қазақ жерінде жазылды. Оларды белгілі өнер жұлдыздары орындап жүр, оған да тәубе деймін. Туризм бағытында шағын кәсібіміз бар. Менің отбасымның барлығы музыкант. Үлкен қызым Зере – Қазақстан ұлттық арнасында дыбыс режиссері. Егіз қыздарым Зіңкәр мен Зүрият та өнерлі жандар. Екеуі де халықаралық байқаудың жеңімпаздары. Италия, Германия, АҚШ-та өнер көрсетті. Кенже ұлым математика саласында, аздап өлең жазатыны бар. Бәрінің де рухы биік, ойлы азаматтар болып өсіп келе жатыр. Шаңырақтың отанасы Жеңісгүл Нығыметқызы екеуміз Алланың берген үш қыз, бір ұлын тәрбиелеп келеміз, үш немереміз бар.
-Тарбағатай өңіріне жиі келесіз. Тіпті, жарты жылда бір келесіз-ау деймін?
-Бала күнімде әкем үнемі мына бір әнді әсте аузынан тастамайтын. «Жетіарал жерім-ай, сауықшылай елім-ай» деп әндетіп отыратын еді.
Сол Жетіарал ауылы – біздің ата-бабамыздың туған жері. Мен үшін Жетіаралым жер жаннаты ғой. Бәйжігіт бабаның ұрпағымыз. Өткенде Ақжар ауылында Бәйжігіт бабамыз бен Мақта анамыздың ескерткішінің ашылуына келдім. Бабамыздың ескерткішін көріп рухтанып қалдым. Қолым тисе жылына бірнеше рет келем, балаларым да бабаларының басында жиі болады. Қазақ жерінде өмір сүруден, еңбек етуден, ой-санамен жұмыс істегеннен артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Әр қазақтың өсіп-өнген топырағы туған ауылы болады. Менің туған жерім – Жетіарал. Жақында жерлестерім Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді. Бұл марапат кеудемді мақтаныш сезіміне толтырып, шабытымды шалқытты. Алматыға оралған соң, туған ауылым туралы толғаудың туатыны сөзсіз деймін.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Қадырбек Кәкімұлы