Технология

Алма теретін көлік

Ынтымақ ТОЛҚЫН

Tevel Aerobotics компаниясы шаруашылыққа арналған озық техниканың жаңа түрін ұсынды. Алып машинаның жасалуына алма бақтарындағы жұмыс күшінің тапшылығы себеп болған.

Күз келіп, жемістер піскенде шаруалардың жұмысы қыза түседі. Кейде адам жетіспей, жұмыс тұралап қалады. Осы мәселенің шешімі ретінде израильдік компания жаңа технологиямен жабдықталған көлік жасап шығарған.

Tevel Aerobotics компаниясының жасаған машинасы жеміс жинауға арналған.

FAR (Flying Autonomous robots) жүйелерінің әрқайсысы жеміс ағаштарының қатарымен қозғалатын дөңгелекті көлікке орнатылған 4 дроннан тұрады. Сонымен қатар өздері бекітілген көлікті энергия көзі ретінде пайдаланады. Аталмыш машина жоғары сапада көруге арналған камералардың және дрондарға орнатылған компьютерлік бағдарламаның арқасында жемістерді үлкен-кішілігіне, түрі мен түсіне және қаншалықты деңгейде піскеніне қарай сұрыптай алады. Жеміс бақтарына арналған ақылды көлік күн-түн демей жұмыс атқаруға қауқарлы. Тек электр қуатымен қамтамасыз етсеңіз болғаны.

Аталмыш компания шаруаларға көлікті жалға да бермекші. Ол үшін компанияға алдын ала өтініш қалдыруыңыз керек. Жеміс жинайтын көлік бағбандардың жұмысын жеңілдетіп, жұмыс күшінің тапшылығын да азайтады.

Tevel Aerobotics компаниясының тың бастамасы осы жылы Испания, АҚШ және Италиядағы алма бақтарындағы пилоттық жобаларда қолданылмақ.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button