Ауыл шаруашылығы

«Қалихан» қыруар іс тындырып жатыр

Марат Қалиханұлы Семей қаласындағы радиотехника және байланыс колледжін тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын мамандығы бойынша туған ауылынан бастапты. Кейіннен Бесқарағай ауданына көшіп келіп, кәсібін өзгертіп, ауылшаруашылығына толықтай бет бұрады.

«Қалихан» қыруар іс тындырып жатырСөйтіп, 2009 жылы Бесқарағай ауданына қарасты Глуховка ауылдық округіндегі Стек-лянка ауылында әкесінің атымен «Қалихан» шаруа қожалығын ашады. Алты баланың ортасында, қарапайым отбасында тәрбиеленіп, ата-анасының бағыт-бағдары мен тәлім-тәрбиесінің арқасында еңбекқор болып өскен Марат бүгінде Бесқарағай ауданының бетке ұстар, беделді азаматы болып отыр. Жұбайы Толқынмен үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған адал жар, ардақты әке.

Оның жетекшілігіндегі «Қалихан» шаруа қожалығы – жылдан-жылға өсіп-өніп, ауданымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып отырған ірі қожалықтардың бірі. Аталған қожалық 17 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруа қожалығы қажетті техникалармен жабдықталған. Глуховка ауылына жолымыз түсіп барғанымызда қожалық басшысы Марат Қалиханұлы өз жұмысшыларының еңбектерін жоғары бағалап, ескерусіз қалдыр-майтындығына куә болдық. Шаруашылықтың тасын өрге домалатып, табысын еселеп жатқан олардың бәріне сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді.

Шаруа қожалығының негізгі бағыты сауын малының санын арттырып, алынған өнімді қайта өңдеп, қажеттілікке жарату болғандықтан 2010 жылы Стеклянка ауылында Марат сүт өңдейтін шағын цех ашқан болатын. Бүгінгі күні цехта сүт, айран, ірімшік, қаймақ әзірленіп, арнайы пакеттермен, құтылармен Семей қаласының сауда орындарына тапсырыс бойынша жөнелтіліп жатыр. Аталған шаруа қожалығы мал тұқымын асылдандыру мақсатында Ресейден 97 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкеліп, қолдан ұрықтандыру үстінде.

– Өткен жылдары шаруа қожалығымдағы ірі қара малдың әр басына және өндірілген ет өнімдеріне белгіленген мөлшермен субсидия ретінде қомақты қаржы алдым. Бұл малдың жемшөбін сатып алуыма едәуір септігін тигізді. Шаруа қожалығымда өндірілген сүт және ет өнімдеріне де субсидия берілмек. Осындай көмектер көрсетіліп жатқанда жұмысымыз да бір орында тоқтап тұрмас, – дейді Марат Қалиханұлы.

Шындығында, халқымыз «еңбекпен тапқан нан тәтті» деп бекер айтпаса керек-ті.

Әсел Қасымғожина
Бесқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button