Мереке

Алғыс айту күніне орай жүзге жуық іс-шара өтеді

1 наурыз Алғыс айту күніне орай облыста жүзге жуық  іс-шара өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте  облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанат Мекеева мәлім етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың бастамасымен Алғыс айту күнін мерекелеудің мәні мен мағынасы артып, барлық іс-шаралар ұлттық бірлікті, қазақстандық патриотизмді, халықтың бір-біріне деген өзара құрметі мен сенімін, мейірімі мен достығын нығайтуға бағытталады, – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша Алғыс айту күнін мерекелеу аясында өңірде этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдары, азаматтық қоғам институттары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, аға буын өкілдерінің қатысуымен барлығы 96 іс-шара жоспарланған.  Әртүрлі салада  адал қызмет етіп, ел дамуына үлес қосып, белсенді азаматтық ұстанымын танытып жүрген жерлестерімізге алғыс айтылып, құрмет көрсетілетін болады.

Жалпы 2016 жылдан бастап аталып өтіп келе жатқан осынау мерекенің жыл сайын мән-маңызы артпаса, кеміген емес. Алғыс айту күнінің қарсаңында өңіріміздегі  қалалар мен аудандардағы Достық үйлері өтетін шаралардың тізімін әзірлеп, дайындық жұмыстарын әлдеқашан бастап та кетіпті. Акциялар, концерттер, челлендждермен бірге білім беру ұйымдарында да түрлі шаралар өтпек. Әсіресе, бұл жолы қайырымдылық акцияларын өткізуге ерекше мән беріліп отырған көрінеді. Облыс бойынша өтетін ондай акциялар «Қамқорлық», «Забота», «Қарттарды ардақтайық!», «Алғыс айту – парызым» ұранын ту етпек.

Сондай-ақ облыстың экономикасы мен мәдени-рухани дамуына үлес қосқан, биік адамгершілік пен ерен еңбектің үлгісін көрсеткен түрлі сала өкілдері мен кәсіп иелеріне де  ерекше құрмет көрсетілетін болады.

22 ақпаннан бастап әлеуметтік желілерде  «Алғысымыз шексіз» және «Герои среди нас» атты челлендж  бастау алған болатын. Мұндай форматтағы шара қазақстандықтардың  еңбек, көмек, азаматтық жауапкершілік секілді құндылықтардың қадірін біліп, құрметтеуге үйретеді.

Сонымен қатар 1 наурыз – Қазақстан халықтары Ассамблеясының да құрылған күні. Осынау қоғамдық институттың  басты мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтау.

Басқарма басшысы шығысқазақстандықтарды Алғыс айту күніне орайластырылған барлық шараға белсене  қатысуға, көктемді көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға шақырды.

Біздің ең басты құндылығымыз – тәуелсіздік, тұрақтылық және татулық. Сондықтан елдегі береке-бірлік пен ынтымақты көздің қарашығындай сақтап, қадірлей білейік, – деп аяқтады өз сөзін басқарма басшысы.

Мейрам Екпін

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button