Ауыл шаруашылығы

“Алғабастың” асуы әлі алда

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ауыл шаруашылығына айтарлықтай назар аударып, жердің шетелдіктерге сатылмайтынын, ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізіп, халық игілігіне жарату маңызды мәселе екенін баса айтты.

Осыған орай, аймаққа танымал, тұрғындар арасында абыройлы кәсіпкер Мәулетбек Қалиевке жолығып, иелігіндегі «Алғабас» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

2003 жылы құрылған «Алғабас» кейінгі жылдары айтарлықтай дамып, аудан экономикасының алға басуына қомақты үлес қосып келеді.

– Шаруа қожалығын құрған кезімде 35 гектар егістік, 200 гектар жайылым, 15 ірі қара мен 30 қой ғана болған. Содан бері тынымсыз еңбектің арқасында егістік алқабы 3317 гектарға, шабындық 798 гектарға, жайылым 18279 гектарға ұлғайды, – дейді шаруашылық иесі.

Қазір шаруашылықта 2277 бас асыл тұқымды «Байыс» қойы, 270 жылқы, 1413 бас ірі қара бар. Осылардың ішінде асыл тұқымды «Әулиекөл» сиыры 109 басқа, 2011 жылы Франциядан әкелінген «Шароле» сиыры 425 басқа, 2013 жылы Аустралиядан әкелінген «Ангус» сиыры 726-ға басқа жетті. Осы уақытқа дейін бұлардан өндірілген сапалы ет 375 тоннаны құрады. Қожалықта 46 адам жұмыс істейді, олар еңбекақыларын уақытында алып тұрады.

– Туған жерім – аудан орталығының іргесіндегі Бұрған ауылы. Сонда 1987 жылы мектеп бітірдім. Әскери парызымды Түрікменстанда өтедім. Одан соң 1993 жылға дейін ішкі істер органында қызмет атқардым. 1991 жылы үйленіп, отау құрдым. Жұбайым Бақытгүл – Зайсан ауданының тумасы. Екі бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкенім Арайлым 2014 жылы Еуразия университетін қаржы мамандығы бойынша үздік аяқтады, қазір тұрмыста. Кіші қызым Айкүміс мектепте оқиды, – деді Мәулетбек Құсманұлы өзі жайында сұрағанымызда.

Қожалықтың дамуына мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп келеді. Шаруашылық 1500 басқа арналған мал бордақылау аланын іске қосқан. Сондай-ақ, аудан орталығында тұрғындарға ет сататын әмбебап дүкен ашып, ол қазір жергілікті елді сапалы өніммен қамтамасыз етуде. Бүгінде асыл тұқымды малды көбейтуге күш салынып отыр.

– Өткен жылы Аграрлық несие корпорациясының қаржысына 500 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, көмек ретінде аудандағы шаруа қожалықтарына ірі қара малды селекциялау үшін тегін жалға тараттық. Бұл арқылы көптеген қожалықтар асыл тұқымды бұқалар сатып алуға қаржы жұмсамай, малдарын асылдандырып алды. Қазір қожалығымыздағы

бұқашықтарды бордақылау алаңдарына өткізіп жатырмыз. Жыл соңына дейін 3 мың басқа жеткізу жоспарланып отыр, – дейді кәсіпкер азамат.

Үржар ауылында кейінгі жылдары мал және егін шаруашылығы айтарлықтай дамып, өзге округтермен салыстырғанда алдан көрініп келеді. Округте 186 шаруа қожалығы бар. Оның 75-і егін, қалғаны мал шаруашылығымен шұғылданады. Соның бірі және берегейі – «Алғабас» өзіндегі мал басын асылдандырумен тұрақты айналысуда. Шаруа қожалығы 2007 жылы асыл тұқымды мал фермасы мәртебесін алған.

Мәкеңнің өзіне келер болсақ, 2011 жылы ол Алматы аграрлық колледжін бітіріп, қаржыгер мамандығын алып шықты. Кейін Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдап, «Экономика және бизнес» бакалавры дәрежесін алды. 2013 жылы аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. «Ерен еңбегі үшін», ел Үкіметінің «Ауыл шаруашылығының үздігі» медальдарын иеленіп, бірнеше рет ауыл шаруашылығы министрінің грамоталарын алған.

Біз «Алғабас» шаруа қожалығы мен оның иесі Мәулетбек Қалиевке алдағы уақытта да табыстарың артып, биіктен көріне беріңіздер дегіміз келеді.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button