«Дидардың» қонағы

Альфия Каримова: Ұлымның есімін Елбасының құрметіне қойдым

Альфия Каримова: Ұлымның есімін Елбасының құрметіне қойдым


Башқұртстанның Еңбегі сіңген артисі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Альфия Каримованың есімі опера өнерін жоғары бағалайтын өскемендіктерге халықаралық «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестивалі арқылы жақсы таныс. Биыл үшінші рет өткен халықаралық деңгейдегі фестивальге әнші тағы да қатысып, өскемендіктер мен қала қонақтары алдында өнер көрсетті. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, АҚШ, Италия, Канада, Нидерланды, Бельгия секілді елдердің театры сахнасында ән шырқап жүрген опера әншісі бұл жолы «Дидар» газетінің оқырмандары үшін арнайы сұхбат берді. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Өскеменге қуана келемін

– Альфия, байқауымызша, сіз Өскеменге жиі келесіз? Халықаралық «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестиваліне де жылда қатысасыз? Өскемен сізге ұнай ма?

– Иә, дұрыс байқағансыз, Өскеменге осымен үшінші, әлде төртінші рет келіп отырмын. Нақты айтсам, төртінші рет ғой деймін. Алғаш рет бұл қалаға танымал пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Орманчиевпен келген едім. Осы қалада Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне арнап «Времен связующая нить» атты қайырымдылық концертін өткізгенбіз. Содан кейін жыл сайын халықаралық «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестиваліне қатысып келемін. Биыл бұл фестиваль үшінші рет өтіп отыр. Жалпы, Өскеменге шақырып жатса, мүмкіндігім болса, қуана-қуана келемін. Мүмкіндігім болса дейтінім, менің жұмыс кестем алдын ала жасалып, әр күнім жоспарланып қояды. Әйтеуір осы фестивальге келуге уақыт таптым. Ұшаққа мінер алдында Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық байқаудың бірінші турына қатыстым. Ол байқауда мен әділқазы мүшесімін. Енді қазір екі сағаттан соң, қайтадан Астанаға ұшып кетемін. Ертең байқаудың финалы, соған үлгеруім керек. Өскемен өзіндік өрнегі бар өте әдемі қала. Оның үстіне бұл қалада «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестиваліндей үлкен шараның өтуі, оған Айман Мұсақожаева, Шахимардан Әбілов секілді классикалық музыка майталмандарының қатысуы деңгейін одан сайын биіктете түседі. Өте керемет фестиваль. Тыңдаушылар ғана емес, біз, әншілер де бір рахаттанып қаламыз.

Сіз башқұрт қызы екенсіз ғой. Қазақстанға қалай тап болып жүрсіз? Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Музыкамен кішкентай кезіңізден айналысасыз ба?

– Ой, ол ұзақ әңгіме ғой. Мен Уфада музыка мектебін бітіргенмін. Бала кезінде адамның арманы көп болады ғой. Анау да, мынау да болғың келеді. Алғашында менің биші болғым келген. Анам хореографиялық училищеге апарды. Ондағы педагогтар да менің биге икемім бар екенін байқап, ұнатып еді. Бірақ биші болсам деген арманымнан тез бас тарттым. Енді музыкалық училищеге барғым келді. Анам жетелеп музыкалық училищеге де апарды. Сөйтіп, онда жеті жыл оқып, пианист болып шықтым. Кейін музыкалық білімімді Уфадағы мемлекеттік өнер институтында жалғастырдым. Негізі анам өзі музыкант болмаса да, менің өнер адамы болғанымды қатты қалады. Мамандығы филолог болғанымен, жас кезінде театр және кино әртісі болуды армандапты. Ал Қазақстанға қалай келдіңіз дейсіз бе? Мені Қазақстанға әкелген – Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші әншісі, Мемлекеттік сыйлыќтың лауреаты Шахимардан Әбілов. Ол кісімен Қазандағы байқауда танысқан едім. Мен сол байқауға қатыстым да, Шахимардан Хайдарұлы әділқазы мүшесі болды. Дауысымды ұнатты ма, әйтеуір сол кісінің маған ерекше мейірімі түсті. Мені Павлодар қаласында өтетін өзінің «Шахимардан достарын шақырады» атты халықаралық классикалық музыка өнері фестиваліне шақырды. Мен келіп, қатыстым. Бұл 2004 жыл болатын. Осылайша менің қазақ жеріндегі «эпопеям» басталды. Содан Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында әнші болдым. Осы театрдың солисі Болат Жомартовқа тұрмысқа шықтым. Төрт жыл бұрын ғана «Астана Опера» театрына ауыстым. Қазір астаналықпын. Астана қаласы маған қатты ұнайды. Рас, табиғаты қаталдау болғанымен, адамдарының жүрегі жұмсақ. Аурасы, энергетикасы тамаша. Ал Башқұртстанда менің анам тұрады. Жиі баруға тырысамын. Онда да менің өнерімді жоғары бағалайтын тыңдармандарым бар. Негізі қазақтар мен башқұрттар өте ұқсас халық қой. Тілдері де, салт-дәстүрлері де қатты ұқсайды. Қазақстанда өмір сүру мен үшін қиын емес.

– Партияларыңыздың ішінде жаныңызға ерекше жақыны қайсы?

– Жаныммен, жүрегіммен беріліп айтатын болған соң ба, бәрін де жақсы көремін. «Риголеттадағы» Джильда, «Травиатадағы» Виолетта болсын, «Фаустағы» Маргарита да – бәрі, бәрі жаныма жақын.

Өнер – менің өмірім

– Әнші ретінде талай биіктерді бағындырып, біраз жетістікке жеткеніңізді білеміз. Ол да болсын үлкен бақыт. Ал әйел ретінде бақыттысыз ба?

¬- Дәл қазір бақыттымын деп айта аламын. Өйткені, жақсы көретін, сүйетін адамым бар. Мен ғашықпын. Әзірге тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған жоқ. Ең бастысы, мен оны таптым. Білесіз бе, менің өмірімде де жаным жабырқаған, жылаған кездер болды. Күйеуіммен ажырастым. Ажырасу туралы шешімді қабылдау маған да, балама да оңай соққан жоқ. Жалғыздықты да бастан кешірдім. Бәрі өтті, кетті. Десе де, мен бұрынғы күйеуіме керемет ұл сыйлағаны үшін ризамын. Қазір ұлым менің ақылшым, көмекшім, сүйенер тірегім. Күйеуімді жолықтырған тағдырыма да алғысым шексіз. Бәрін де кешірдім. Жаным қиналып, күйзелсем де сынбадым. Өйткені, қиын кезде маған қайрат берген, күш берген жақындарым мен сүйікті жұмысым болды. Жұмысты беріліп істеген кезде жаман ой саған жоламайды. Жалпы, өнер – менің өмірім, менің тынысым. Сосын аффирмациялар да жақсы көмектеседі. Жұлдызнама бойынша мергенмін, сондықтан да болар бір орнымда тұрып қалу мен үшін азап. Менің үнемі қозғалыста болуым керек. Ол мен үшін өте маңызды. Жаңа репертуар іздеу, таспаларды тыңдау, нота табу, көйлек тігу – бәрі, бәрі тынымсыз еңбекті талап етеді.

Альфия Каримова: Ұлымның есімін Елбасының құрметіне қойдым

Ал өткен өмірімнің бәрі мен үшін үлкен сабақ. Тіпті, қуаныш пен қайғының бәрін өз жүрегімнен өткізген соң ба, кейіпкерлерімнің де жәй-күйін жақсы түсініп, партияларымды да ерекше сезіммен орындаймын.

– Ұлыңыздың есімі Нұрсұлтан екен. Өзіңіз қойдыңыз ба?

– Өзім қойдым. Ұлымның есімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қойылды. Шынымды айтсам, мен адамның есімі – тағдырына әсер етеді деп ойлайтын адаммын. Сондықтан да баланың есімін қалай болса солай қоя салмау керек. Есім қоярда жақсылап ойланған абзал. Халыққа еңбегі сіңген, жақсылығы мол, нұрлы адамдардың есімін қойған дұрыс. Нұрсұлтан деген орыс тілінде «нұр сәулелі патша» дегенді білдіреді ғой.

– Құдайға сенесіз бе?

– Әрине, сенемін. Мұсылманмын. Жалпы мен құдай адамның жүрегінде болуы керек деп санаймын.

– Халықтың алдында жүрген соң, сыртқы сымбатты да ұмытпау керек дегендей. Өзіңізді қалай сақтайсыз? Спортпен айналысасыз ба?

– Спортпен айналысамын. Штанганы, боксты жақсы көремін. Шығыс биін билегенді ұнатамын. Бассейнге барамын, иогамен де айналысамын. Жалпы, адам өзін жақсы көру керек. Сен өзіңді жақсы көрмесең, мені жақсы көрмеді деп біреуге өкпелеудің жөні бар ма?

– Қанша тіл білесіз?

– Башқұрт, татар, ағылшын, итальян, француз, орыс тілдерін білемін. Қазақша да жақсы түсінемін. Мен тілді тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектепте оқығанмын. Онда ағылшын, француз тілдерін оқыдық. Сондықтан да әкем менің аудармашы болуымды, ал анам өмірімді өнермен байланыстырғанымды қалады. Тілді білуімнің кейін көп пайдасы тиді. Кәсібімізге байланысты шетелдік режиссерлермен, әншілермен көп араласамыз. Сондай кезде еш қиналмаймын. Білетін тілдерімді ұмытып қалмас үшін үнемі ұштап отырамын.

– Арманыңыз қандай?

– Ұлым жақсы адам болса деймін. Өмірде маман ретінде де, адам ретінде де жетістікке жетсе екен деп құдайдан тілеймін. Сосын бір қыз бала дүниеге әкелсем деймін.

– Әңгімеңізге рақмет. Сізге шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button