Тарих

Александр Матросовтың ерлігі туралы шындық

 Александр Матросовтың ерлігі туралы шындық


Соғыста ерлік жасау – өмір зандылығы. Солардың ішінде күллі әлемге әйгілі болған Александр Матросовтың ерлігі туралы ақиқат пен аңыздың аражігін ажыратуды алдымызға мақсат етіп қойдық.

Ол үшін, ең алдымен, бұл ерліктің мән-жайы туралы соңғы уақытқа дейін көпшілікке белгілі ресми деректерге кезек берелік. Ұлы Отан соғысына арналған энциклопедияда төмендегідей мәліметтер бар. «Матросов Александр Матвеевич (1924-1943 ж.ж.) – Кеңес Одағының Батыры (1943, марқұм), қатардағы жауынгер. 1942 жылдан БЛКЖО-ның мүшесі, 1942 жылдан Кеңес Армиясы қатарында. Ата-анасынан айырылған соң, балалар үйінде, кейін Уфадағы балалардың еңбек колониясында тәрбиеленген. 1942 жылдың қазан айынан Краснохолмскінің жаяу әскер училищесінің курсанты. 1942 жылдың қарашасынан 254-ші гвардиялық атқыштар полкінің 56-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының (Калинин майданы) құрамында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыстарға қатысты. 1943 жылдың 23 ақпанында Чернушки деревнясы (Псков облысы) үшін болған шайқаста бөлімшенің алға жылжуына бөгет болған жау дзотының амбразурасын өз денесімен жапты. Ленин орденімен марапатталған (қайтыс болған соң). 1943 жылдың 8 қыркүйегінде 254-ші полкке Матросовтың есімі беріліп, осы полктің 1-ші ротасының тізіміне марқұмның аты мәңгілікке жазылды. Уфада оған ескерткіш орнатылды. Ол жерленген Великие Луки қаласында ескерткіш пен мемориалдық тақта қойылды. Оған әдеби шығармалар, бейнелеу өнерінің туындылары, фильмдер арналды».

Шындығында, фашистік Германиямен жан алып, жан беріскен қиян-кескі соғыста ұлы бетбұрысқа әлі жете қоймаған кезеңде жасалған теңдесі жоқ осынау бір көзсіз ерлік туралы ұғым біздің санамызға берік орнығып, соғыс тақырыбына жазылған шығармаларға, оқу құралдарына да осы қалпында еніп қалған еді. Мұның өзі көпұлтты кеңес халқының, оның ішінде ең алдымен, ұлы орыс ұлтының айбынын дүниежүзіне әйгілеп, мерейін асқақтатқандай әсер қалдыратын.

Осыған ұқсас «жанқиярлық ерлік көрсеткен» кеңес сарбаздарының келбетін сомдау үшін коммунистік идеологияға шұғыл түрде «өзін-өзі құрбандыққа шалған» қаһарман ауадай қажет еді. Сол мақсатпен адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін ерліктің алуан «үлгілері» жасалды. Әңгімеге арқау боп отырған Матросовтың жау пулеметінің оқ боратқан амбразурасын кеудесімен жауып, жан тапсыруы керек екен. Қызыл әскердің танк шынжырының табаны астында басылып, езілгені жеткіліксіз. Ол бір буда гранатты беліне байлап, не қолына ұстап темір тажалды жарғаны жөн.
Тек осындай «көпшілік қатысқан ерлік» социалистік мемлекетті абыройсыздықтан сақтайды деп есептелген болса керек. Қайткен күнде де, кеңестік патриотизмнің ерен үлгісі деп танылған қатардағы жауынгер Александр Матросовтың ерлігін фашистермен кескілескен ұрыстарда қайталаушылар көп болғанын Ұлы Отан соғысы тарихынан жақсы білеміз.

Одан бұрын Боран Нысанбаев ерлік жасаған

Ендігі сөз Жеңіс жолында өз өмірін пида етіп, Матросовтай ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер жайлы болмақ. Әңгімені атаулы ерлікті Матросовтан да бұрын жасаған қазақтан шыққан қаһарманнан бастасам деймін. 771-ші атқыштар полкінің бірінші батальоны 1943 жылдың ақпанында сәтті шабуыл жасай отырып, Орлов облысы Пакров ауданының Лески деревнясына жақын келді. 6 ақпанда ертемен деревняны азат ету үшін шайқас басталды. Фашистердің село ортасындағы кірпіш үйге орналасқан взвод пулеметі оқты қарша боратып, біздің жауынгерлердің алға басуына кедергі жасады. Батальонда шығын көбейді. Дұшпанның дзотын жоюға минометші Боран Нысанбаев өз еркімен тілек білдірді.

Өн бойына гранаталар байлаған ол ойпатпен еңбектеп келеді. Боран дзотқа бірнеше рет жақындап, граната лақтырды. Алайда мықтап бекінген фашистер оқ жаудыруын тоқтатпайды. Боранның гранаталары таусылды. Артына қараған ол өз серіктерінің еріксіз бас көтере алмай жатқанын көрді. Жауға деген өшпенділік, майдандастарының төгілген қаны Боранның жүрегін жаралады. Ұрыс тағдырын дұшпанның ажал оғын төпеп тұрған нысананың жойылуы шешетінін бірден түсінген Нысанбаев алға қарай ұмтылып, апанның аузын өз денесімен жапты. Қызыл әскерлер шапшаң шабуылға көтеріліп, фашистерді талқандады.

Қазақтың ержүрек ұлы Боран Нысанбаев өз ерлігін Александр Матросовтан 17 күн бұрын жасап, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры деген атаққа (өлген соң) ие болды. Сонда кім кімнің ерлігін қайталаған болып шығады?

Ленинград майданында батыр атанғандар қатарында қазақ халқының ержүрек ұлы, коммунист Сұлтан Баймағамбетов А.Матросовтың ерлігін қайталады.
Ленинград майданының Синяевско-Мгинск учаскесінде Сұлтан Баймағамбетов қызмет ететін бөлім шабуыл жасауға бұйрық алады. Фашистер дзотқа орнатылған пулеметтен бората оқ жаудырады. 43-ші атқыштар дивизиясы 147-ші атқыштар полкінің бөлімше командирі, аға сержант Сұлтан Баймағамбетов қолайлы сәтті пайдаланып, дзотқа жақындайды. Оны байқап қалған фашистер пулеметтен оқ жаудырады. Нысанға 20-25 метрдей таяп келіп Сұлтан бірнеше гранат тастап, пулеметтің үнін өшіреді. Осы сәтті пайдаланып шабуылға көтерілген біздің жауынгерлерге қарсы немістердің мұқият жасырынған екінші пулеметі оқ ата бастайды. Оны анық көріп тұрған С.Баймағамбетовтің гранаты таусылып қалған-ды. Автоматтан оқ жаудырғанымен, ол еш нәтиже бермейді. Біздің жауынгерлер бас көтере алмай жатып қалады. Ендігі жағдайда шайқас тағдырының тек өз қолында екенін Сұлтан айқын сезді. Дзотқа қарай жылдам еңбектеген ол жақындағанда тік көтеріліп, «Отан үшін!» деп айқайлады да алға ұмтылып, өз денесімен амбразураны жапты. «Біздің Сұлтан үшін!» деп ашына шабуылға көтерілген сарбаздар жаудың маңызды тірек қорғанысын басып алды.

1944 жылдың 24 ақпанында Сұлтан Баймағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (марқұм). Оның есімі Ұлы Отан соғысының, Ленинградты қаһармандықпен қорғау тарихына алтын әріптермен жазылды.

Дәл осындай жанқиярлық ерлікті жас жауынгер Ақәділ Сухамбаев поляк жерінде жасады. «Жаяу әскер Ақәділ Сухамбаев, – деп жазды майдандық «Жауға қарсы аттан» газеті 1944 жылдың 3 қазанындағы санында. Ақәділ өмірді сүйгендіктен де өлімнен қорыққан жоқ. Ол жауынгердің қасиетті қазасымен жеңіске жол салды». Осы ерлігі үшін Беларусь майданының жауынгері Ақәділ Сухамбаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ақәділ Сухамбаевтың жеке қаруы Мәскеуде ТМД Қарулы Күштері мұражайына қойылған. Ерлігі Қазақстанда ғана емес, Ресейде, Белорусияда, Литвада ерекше қадірленіп келеді. 2005 жылы Тараз қаласында ерлік жасап тұрған сәті бейнеленген ескерткішінің ашылу салтанатына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйлеген. Аудан орталығы Сарыкемерде де батыр ескерткіші тұрғызылған.

Матросовшылардың қатарында риддерлік Максим де бар

Матросовшылардың қатарында риддерлік Максим Южаковтың барлығымен шығысқазақстандықтар да мақтанады. Ол теңдесі жоқ ерлікті Ленинградты қорғауда жасады.

Бұған дейін М.Южаков екі жыл бойы басқыншылармен шайқасқа қатысып, «Майдандағы ерлігі үшін» және «Батылдығы үшін» медальдарымен марапатталған болатын. 1944 жылғы ақпандағы бір ғана ұрыста шығысқазақстандық жауынгер пулеметпен 20 немістің көзін жойды. Бірақ атқыштар ротасының шабуылды ары қарай жалғастыруына жау дзоты бөгет жасады. Оны жоюға М.Южаков сұранды. Дзотқа байқалмай еңбектеп келіп бірінен кейін бірі үш гранатты лақтырды. Жау пулеметінің үні өшіп, біздің жауынгерлер алға ұмтылды. Алайда қас қағым уақыттан соң қайтадан пулемет сарнап қоя берді. Максимнің гранатасы таусылған болатын. «Гвардияшылар, Отан үшін алға!» деді де, дзотқа оқша атылып, амбразураны кеудесімен жапты. Пулеметтің үні күрт өшті. Жанын қиып, өзін құрбандыққа шалған ұланның көзсіз ерлігіне жігерленген жауынгерлер де дереу шабуылға шығып, нысананы басып алды.
Жанқиярлық ерлігі үшін Максим Платонович Южаков бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Тізе берсек, А.Матросовтай ерлік жасағандар аз емес. Жоғарыда ерліктері айтылғандардан басқа қазақ жауынгерлері арасында мұндай ерлік жасағандар қатарында Жанғазы Молдағалиев, Сабалақ Оразалинов, Сүндетқали Есқалиев, Жұман Қарақұлов та бар. Біз білмейтін батырлар болуы да мүмкін.
Матросовтың шын тегі – Мухамедиянов, аты – Шакирян

Енді «Александр Матросов кім болған?» деген сұраққа жауап берудің реті келген тәрізді. Ол үшін жоғарыда энциклопедиядан алынған деректерге қайшы келетін жаңа ақпараттарға назар аударайық.

2006 жылдың 29 қарашасында Ресейдің «Россия» телеарнасы Александр Матросов туралы арнайы хабар берді. Сонда бұрын-соңды естімеген, бізге беймәлім бірқатар соны айғақ-деректерге қанық бола отырып, көпе-көрнеу орын алған қайшылықтарға таңғалдық. Телехабарда келтірілген деректерге сай ерлік жасаушының фамилиясы Матросов емес – Мухамедиянов та, аты –Шакирян екен. Туып-өскен жері – Башқұртстанның Қонақбай ауылы. Ұлты – орыс емес, башқұрт. Бұл мағлұматтарды телехабарға оның туған-туыстары, білетін жерлестері беріп отыр. Көрер көз, естір құлаққа әу баста сенімсіздеу болғанымен, оған қоса басқа айғақтарымен нақтыланған бұлтартпас дәлел-дәйектер шынайы ақиқаттың қалай салтанат құратынына лажсыз иландырды.
Башқұрт журналисі Рауф Насыров көп жылдар бойы А.Матросов өмірін зерттеп, оның ешқандай орыс емес, башқұрт екендігін дәлелдеп, «Башқұртстан» газетінде мақалалар жариялаған. Ең қызығы – Александр Матросов атанып кеткен Шакирян Мухамедияновтың башқұрт ұлтының табын руынан екендігі. Бұл елдің ұлттық батыры Салауат Юлаев та табын руынан еді. Миасс қаласынан 100 шақырым жердегі Қонақбай ауылында дүниеге келген Шакирянның шешесі ерте қайтыс болып кетеді де, зағип әкесі екінші рет үйленеді. Өгей шешеге жақпаған Шакирянның кіндік қаны тамып, туып-өскен жерінен буыны қатпаған шағында жылыстап кетуіне де себеп осыдан болса керек.

Үйінен безіп, қаңғыбастыққа салынып жүріп, кездейсоқ кездескен қамқоршы жандардың көмегімен Уфадағы балалар үйіне барып тұрақтайды. Артынан жүріс-тұрысы күдік туғызып, балалардың еңбекпен түзету колониясына ауыстырылады.

Бірде туған ауылына келгенде, жерлестерінің «Шакирян келді», «Шакирянды қараңдар, өсіп қалыпты» деп даурығысуын естігенде: «Шакирян емеспін, менің қазіргі атым – Саша, Александрмын», – деп байбалам салғаны бар. Оның үстіне, матрос жейдесін киіп, теңіз флоты әскеріне барамын деп үнемі айтып жүргендіктен, ол «Матрос» атанып кеткен. Артында іздеушісі, қолында ешқандай құжаты жоқ, өз бетімен жүрген жетімді Александр Матросов деп жазып жіберген ғой.

Ал оның майдан даласындағы іс-әрекеттері былай қалыптасқан. Фашистермен қиян-кескі шайқастың әбден қызған, атақты ерлік жасалатын сәтте дұшпанның үш бірдей пулемет дзоты оқты үсті-үстіне бората жаудырып, кеңес жауынгерлеріне бас көтертпей тұрып алады. Ажал оғын сепкен нысандарды жою Шәріпов, Ғалымов және Огурцов деген қызыл әскерлерге жүктеледі. Шәріпов нысанды жерге жетіп, дзоттың үнін өшіреді. Қаруын тастай қашқан жендеттің қаруын ала салып, артынан оқ жаудырады. Ғалымов болса тапсырманы орындап қана қоймай, 30 шақты фашисті жер жастандырып, көзге түседі. Ал Огурцов дзотқа жете алмай, жараланып қалады. Үні өшпей қалған жаудың соңғы дзоты болса, ажал оғын үдете боратып тұрып алады. Міне, осы қысылшаң сәтте Огурцовтың орнына сұранып Александр Матросов (Шакирян Мухамедиянов) шығады.

А.Матросов фашистердің дзотына еңбектеп жетеді, дзотты кеудесімен жауып, үнін өшіреді. Бүкіл Ұлы Отан соғыс жылдарында кеңес жауынгерлерін жігерлендіріп үлгі болған, саналы түрде өлімге басын тіккен даңқы өшпес ерлік осылай жасалады.

Псков облысының Чернушки деревнясының маңында болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Шәріпов жауынгерлік медальмен, Ғалымов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады, ал Александр Матросовқа (марқұм) Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Ерлік жасалысымен «Правда» газетінде гвардияшы қызыл әскер Александр Матросовтың суреті мен Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы шығады. Майдан мен тылдағы кеңес адамдарын елең еткізген теңдесі жоқ жанқиярлық бұл ерлік туралы құлағдар болған, батырдың фотосуретін көрген Қонақбай ауылының адамдары: «Ой, мынау біздің Шакирян ғой, дәл соның өзі емес пе!» десіп, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты.

Осы хабардан кейін әуесқой өлкетанушылар қаһарман жерлесінің өмір жолын жетік зерттеуді қолға алып, біршама шындықтың бетін ашады. Соғыс аяқталғаннан соң, жарық көрген әдеби шығармалардағы, ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы ресми деректерге сүйенсек, Александр Матросов ұлты –орыс, жұмысшы табының өкілі, украиналық болып шыққан. Ерлігін 23 ақпанда – Қызыл Армия күні жасаған делінген. Негізінде ол 27 ақпанда қаза болған. Әскери басшылық батырды марапаттау қағазын толтырғанда, ақиқатты белінен басып, деректерді осылай «кеңес қоғамының саяси талабына сай етіп» жымдастырған. Соңғы зерттеулердің нәтижесінде қазір бұл ойдан құрастырылған мағлұматтардың қып-қызыл өтірік екендігі дәлелденіп отыр.

Мұрағаттық құжаттардан белгілі болғандай, мұндай ерлікті ең алғашқы болып 28-ші танк дивизиясының құрамына енетін 125-ші танк полкіне қарасты танк ротасының саяси жетекшісі Александр Панкратов 1941жылы 24 тамызда Новгород түбіндегі Кирилл шіркеуі үшін шайқаста жасаған. Одан кейін соғыстың алғашқы жарты жылында осындай ерлікті жасаушылар қатарында тағы төрт жауынгердің есімдері аталады. Олар: қатардағы жауынгерлер Я.Падерин мен Н.Сосновский, сержант В.Васильковский, кіші лейтенант Н.Шевляков. 1942 жылы олардың саны тағы да 26 қаһарманмен толықтырылады. Ал 1943 жылдың басынан 27 ақпанына дейін матросовшылардың саны тағы 13 жауынгерге артқан. Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында Александр Матросовтың ерлігін қайталаушылар 300-ден асып кеткен, олардың 133-іне Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Александр Матросовтың ерлігі кең байтақ Кеңес Одағының көпұлтты халқы үшін, бір жағынан, патриотизмнің теңдесі жоқ үлгісіне айналғанын, екінші жағынан, интернационалдық сипат алғанын атасақ, шынайы ақиқаттың мәнін бүгінгі ұрпақтың түсінері хақ.

Бұл тұрғыдан алғанда, Отанды қорғау жолында саналы түрде дәл осындай ерлікпен өзін құрбандыққа шалған қырғыз жігіті Шолпанбай Тілеубердиев, өзбек Тойшы Ержігітов, орыс Александр Васильев, украин Павел Козуб, 15 жасар Анатолий Комар, удмурд Куликов, эстон Лаар және қыршын кеткен басқа да боздақтарды тағы бір еске алып, олардың асқақ рухын жаңғырту замандастарымыздың азаматтық парызы емес пе?!

Марат Мағзұмов,
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік
университетінің құрметті профессоры

Осы айдарда

Back to top button