«Дидардың» қонағы

Александр КАРЕЛИН: – Маған қымыздан гөрі шұбат ұнайды

Александр КАРЕЛИН:  - Маған қымыздан гөрі шұбат ұнайды

Орыс классиктерінің туындыларын сүйіп оқитын, әйгілі Иван Поддубныйдың жеңістерін әрқашан насихаттап жүретін, жас кезінде спорттың шаңғы, ауыр атлетика, бокс түрлерімен айналысып көрген, жалқаулыққа жаны қас аңыз-адам Александр Карелинмен Өскеменге келгенде сұхбаттасудың орайы туған еді. Әңгіме арасында даңқты балуан қазақтың дәстүр-салтын жетік білетінін, қымыз бен шұбаттың дәмін айнытпай ажырата алатынын аңғартты, жапондық дүлей күш иесімен қалай төбелескенінен бастап спорттық ғұмырнамасының басқа да қызықты сәттерінен сыр тарқатты.

Маған қымыздан гөрі шұбат ұнайды

Қымыздың да, шұбаттың да дәмін біледі

– Ұлыстың ұлы күнінде өңірімізге құрметті қонақ болып келген екенсіз, Наурыз мейрамы туралы не білесіз? Жалпы, қазақтың дәстүрінен, тұрмыс-салтынан хабарыңыз бар ма?

– Әрине, мен сіздердің елмен кешегі кеңестік дәуірден жақсы таныспын. Оның бәрін баяғыда өз ұлтының маңдайына біткен перзенті, мықты балуан, менің жақын досым Дәулет Тұрлыханов айтып берген. Азия құрлығындағы бүкіл мұсылман мемлекеттері тойлайтын Наурыз мерекесін, оның ішінде наурыз көже пісіру, киіз үй тігу, ат спорты ойындары сияқты салттардан хабарым бар.

– Наурыз көжеден дәм татып көрдіңіз бе?

– Көрдім, өте дәмді, құнарлы тағам. Сол сияқты қазақтың қымызы мен шұбатын да ішкенбіз. Өзіме дәмі қышқылдау қымыздан гөрі тіл үйірер шұбат ұнайды. Қымыз биенің, шұбат түйенің сүті, оны да білемін.

– Өзіңізден кейінгі буын спортшылардың пір тұтып жүрген Александр Карелин болудың құпиясы неде?

– Ешқандай құпиясы жоқ және болмайды да. Бүгінгі дәрежеге жету үшін мен жастық шағымда түрлі ойын-сауықтар мен көңіл көтеру отырыстарын, би кештерін, айлы түндегі қыдырыстарды құрбан еттім. Есесіне, бос уақытымды өзімді тәрбиелеуге жұмсадым. Ерінбей спортпен айналыстым, кітап оқыдым, сабағымды қарадым. Нәтижесін өздеріңіз білесіздер. Олай болса, менің жетістікке жетудегі құпиям: төзімділік, еңбекқорлық және жақсы тәлімгер.

– Бір сөзіңізде кітап оқимын дедіңіз. Қандай кітаптарды ұнатасыз, көркем әдебиет пе?

– Иә, дәл солай. Маған Ф.Достоевский, А.Куприн, И.Бунин сынды орыс классиктерінің шығармалары ұнайды. Жалпы, көркем әдебиетті көңіл күйім және уақыт болған кезде көп оқимын.

– Спорттағы дайындықтарыңыз қарапайым өмірде қажетіңізге жарады ма? Мәселен, қиын-қыстау жағдайлар туғанда көмектесті ме?

– Көп көмектеседі. Ұдайы жаттығулар маған бүгінгідей алашапқын заманда өмірдің ырғағынан қалмауға септігін тигізеді. Спортпен шұғылданатын адам кез келген күйзеліске төтеп беріп, басқа түскен қиындықтарды жеңуге қауқарлы. Денені шынықтыру жаттығулары адамның ағзасында қуаныш гармондарын туғызады. Қашан да сергек жүруге, мидың тынығуына, проблеманы салқынқанды қабылдауға көмектеседі.

– Грек-рим күресіне қалай келдіңіз?

– 14 жасымда келдім. Туған қалам Новосібірдегі №19 мектепте оқитынмын. Сабақ арасындағы үзілісте ұлдар бір-бірімізбен күресіп жүргенбіз. Қасымыздан өтіп бара жатқан Виктор Кузнецов дейтін бапкер бізді залға шақырды. Сөйтіп, грек-рим күресіндегі алғашқы қадамым басталды.
Айтпақшы, оның алдында спорттың шаңғымен жүгіру, ауыр атлетика, бокс түрлерімен де айналыстым. Бірақ классикалық күрестің жаныма жақындығын түсінгендіктен және талай чемпионды тәрбиелеген білікті бапкер Виктор Кузнецовтан тәлім алғандықтан осы спортқа тұрақтадым.

– Қол жеткізген жеңістеріңіз бен жетістіктеріңіз аз емес екенін білеміз. Солардың ішіндегі Сіз үшін ең бағалысы қайсысы?

– Сеулде өткен Олимпиада ойындарында мойныма таққан алғашқы алтын медалім. Ол кезде мен 21 жастамын. Жастығыма қарамастан Кеңес құрамасының туын ұстап жүру құрметі маған тапсырылды. Ондай үлкен жауапкершіліктің артылуы мені нашар өнер көрсетпеуге міндеттеді. Нәтижесінде чемпион атандым. Кейінгі екі Олимпиадада да ту ұстадым және тағы да екі мәрте алтын жүлдені иелендім. Ал төртіншісінде туды басқа спортшы алып шықты, сол жолы қырсыққанда Сидней Олимпиадасының күміс медалін қанағат тұттым. Қысқасы, ту ұстап шыққан дүбірлі додалардың ешбірінде ұтылған емеспін.

«Жеңілмейтін» жапонды жер қаптырдым

– Жалпақ жұрт Сізді грек-рим күресінің хас шебері ретінде жақсы танығанмен, жекпе-жек өнерінің қыр-сырын меңгерген қасиетіңізді біле бермейді. Олай болса, оқырмандарға ережесіз жекпе-жектің сайыпқыраны Акира Маеда есімді жапонды қалай сұлатқаныңыз туралы айтып берсеңіз.

– Тым көтермелеп жібердіңіз-ау. Мен жекпе-жек өнерімен жете таныс емеспін. Дегенмен, тарихта қалған сол оқиға жайында айтып берейін.
1999 жылы өзіміздің спортшылармен бірге Жапонияда жаттығу жасадым. Жапондар ірі денелі адамдарды қатты құрметтейді екен. Қалай да олардың көзіне түсіп қалсам керек, мені «жеңілмейтін» Акира Маеда дейтін ережесіз жекпе-жектің шебері кездесуге шақырды. Ойымда бөтен ештеңе жоқ бардым. Екеуіміз кездестік, ол маған жапонша бірдеңелерді айтты. Тілін білмегендіктен түк түсінбей басымды изей бердім. Сөйтсем, әлгі мықты мені жекпе-жекке шақырыпты. Содан келісім беріп қойған соң шегінетін емес, намысқа тырысып шықтым ұрысқа. Бұрын жұдырықтасып көрмеген адамға жекпе-жек қиын соғады екен. Төрешінің ысқырығы шалынысымен-ақ жапон жігіті алға ұмтылды. Аяқпен теуіп, жұдырықпен ұрып тыным бермеді. Шегіне ұрыс сала ыңғайлы сәтті күтіп мен де жүрдім. Қашанғы алпарыссын, ақыры қолыма түсті. Күрестегі әдіске салып қылғындырып жатып алдым. Қарсыласымның шипасы бітті. Сөйтіп жеңіске жеттім.

– Бозкілемде талайдың құтын қашырған, жауырынын жерге жапсырған Сіздей балуанды қорқыту қиын шығар. Қорқынышты жеңуге қандай кеңес берер едіңіз?

– Адам баласының бойында табиғатынан қорқыныш сезімі болады. Ештеңеден қорықпаймын дегендердікі бос сөз. Алайда, кейбір адамдар бар экстремалды жағдайлар туғанда бойындағы күш-жігерін, қайратын қорқынышын тізгіндеуге бағыттай алатын. Өз басым әрбір белдесуге шығар алдында толқынысты күй кешетінмін. Мұны қорқыныш деуге келмейтін шығар, бірақ ішімде бір буырқаныстың, ширығудың болатыны анық. Себебі, ондай сәтте мен маған сенім артып, жанкүйерлік танытқан дүйім жұрттың үмітін ақтай алмай қалмасам екен деген ойдан туатын толқыныс үстінде тұратынмын. Кез келген сайысқа жақсы дайындықпен келетінім сондықтан еді. Ұлы адамдардың бірі айтыпты ғой: «Жұмыс – қорқынышты жеңудің таптырмас дәрісі» деп. Бұл пікірмен мен толық келісемін.

– Осы сапарыңызда Жарма ауданының орталығы Қалбатауда болдыңыз, «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында досыңыз Дәулет Тұрлыхановтың жерлестеріне сыйға тартқан спорт кешенінің ашылу салтанатына қатыстыңыз. Грек-рим күресінен Новосібір қаласы мен шығысқазақстандық балуандардың белдесулерін көрдіңіз. Алған әсеріңіз, беретін бағаңыз қандай?

– Өте жақсы! Сіздердің қашан да қонақжай пейілдеріңізге риза боламын. Жоғары құрмет көрсетті, алғысым зор. Ал енді Дәулет досым салып берген тамаша кешенге келсем, ауыл баласына нағыз керек дүние. Мықты спортшылардың бәрі түкпірдегі ауылдардан шыққан ғой. Заманауи үлгіде, барлық стандарттарға сай келетін бұл нысаннан әлі талай чемпион өседі деп ойлаймын.
Сондай-ақ, екі аймақтың арасындағы 1997-1998 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы белдесулер өте тартысты өтті. Новосібірлік балалар жергілікті спортшыларға 6:4 есебімен ұтылды. Бұл жолдастық кездесуде болашағы бар біраз жастар көзге түсті. Оларды ары қарай дамыту қолға алынатын болады.

Қазақ балаларының қарымы мықты

– Қазақ балаларының қалай күресетінін көзіңізбен көрдіңіз. Соған қарап біздің елдегі грек-рим күресінің келешегі жайында не айтар едіңіз?

– Қазақ классиктері (грек-рим күресінің балуандары авт.) қай заманда да мықтылардың қатарынан саналған. Оған дәлел Дәулет Тұрлыхановты айтсақ та жетіп жатыр. Ресейлік спортшылар қазақстандық әріптестеріне құрметпен қарайды және кілемде қарсылас атанғанмен, екі елдің өкілдері өмірде жақын достар. Адал бәсекелестік шеңберінен біздер ешқашан шеттеген емеспіз.
Қалбатаулық балуандардың қарқынын көріп, келешекте Жақсылық, Шәміл, Дәулеттердің салған ізін өшірмей, жеңісті жолдарын жалғастыратын ұрпақтың өсіп келе жатқанына көзім бек жетті.

– Спортты биік белестерге көтеретін жаңа буын өсіп келеді дедіңіз. Сол жастарға өз елінің патриоттары болу үшін қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Менің түсінігімде патриотизм деген ол – өзің және отбасың үшін, содан кейін туған жерің үшін адал еңбек ету, аянбай тер төгу. Патриот болу үшін керемет ерлік істеудің қажеті шамалы, бәрі кішкентай нәрседен басталады. Бір мысал келтірейін. Новосібір қаласына 120 жыл толғанда жерлестеріме құттықтау хат жолдадым. Хатта: «Новосібірді құрметтесең, қағазды көшеге шашпа, жерге түкірме. Карелин.» деп жаздым. Көпшілік жұрт сонда: «Сіз депутатсыз ғой, жолдар, мектептер туралы неге жазбағансыз…» деді. Мен оларға: «Тоқтаңыздар! Бір адам қағазды жерге лақтырмаса, екінші біреу оны сыпырып, жинамайды. Ал үшіншісі оған бюджеттен ақша бөлмейді, төртінші адам осының бәрін бақылап әуре болмайды» дедім. Міне, кішкентай ғана дүниеден қаншама еңбек, ақша, уақыт үнемделеді. Ал осыларға кеткен энергия, шығындар басқа қажеттіліктерге жұмсалса, елдің дамуына қосқан үлестің үлкені, патриотизмнің нағыз өзі емес пе?! Демек, әрбір жеткіншек осы ұстанымды есте ұстаса ұтылмайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button