Денсаулық сақтау

Алдын алған ауру асқынбайды

Әлем жұртшылығын ерекше алаңдатып қана қоймай, дүниежүзіндегі дәрігер біткен дәрменсіздік танытып отырған қатерлі ісік ауруы жыл өткен сайын бәсеңдеудің орнына қарқын алып бара жатқан сыңайлы. Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісік ауруынан шамамен 17 мың адам қайтыс болса, оның 42 пайызы қол-аяқтары сау, еңбекке жарамды тұлғалар екен.

Алдын алған ауру асқынбайдыӨскемендегі ұлттық баспасөз клубында «Шығыс Қазақстан облысы бойынша скринингтік (алдын ала дәрігерге тексерілу) тексерудің қорытындысы және аймақтағы онкологиялық дерттің қазіргі жағдайы» тақырыбында баспасөз мәжілісі өтті. Оған қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу-алдын алу жұмыстары бөлімінің бастығы Әлия Бегалина, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Жомарт Кенжалин, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Альмира Тұрғұнбаева журналистерге өңіріміздегі қатерлі ісік ауруының бүгінгі таңдағы хал-ахуалы, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қандай алдын алу шаралары ұйымдастырылуда, тұрғындардың өз денсаулықтарын тексерту шараларының қалай жүргізіліп жатқандығы жайында және басқа да мәселелер төңірегінде ашық әңгіме өткізді.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының келтірген дерек-дәйектеріне қарағанда соңғы бес жылда республика бойынша жаңадан пайда болған қатерлі ісікпен ауырғандар санында қарқынды өсу байқалады. Айталық, 2006 жылы елімізде осы дертке шалдыққан 28 мың 573 науқас тіркелген болса, арада бес жыл өткенде, яғни, 2011 жылдың соңында олардың саны 30 мың 299-ға дейін өскен.

Ал облыс бойынша 2011 жылғы көрсеткіш 3 мың 756 адам болса, оның 1205-і Өскеменде, 842-сі Семейде, 233-і Глубокое және 271-і Зырян аудандарында тіркелген. Жалпы Қазақстан бойынша қатерлі ісіктен қайтыс болған адамдар саны 2011 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 103,9-ды құраса, Шығыс өңірінде бұл көрсеткіш 158,0 болып отыр.

– Еліміздегі онкологиялық аурулардың алдын алып, кісі өлімін мейлінше азайту мәселесі Мемлекет басшысының халыққа жолдаған Жолдауында да көрсетілген. Қазір еліміздегі барлық дәрігерлер қауымы осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі жиынның басты мақсаты да – халықтың және жұмыс берушілердің назарын осы ауқымды мәселеге аудару, біздің уақытымызда қатерлі ісік ауруларының қаншалықты қатерлі және кең таралғандығын ескерту, халықтың, жұмыс берушілердің және медициналық қызметкерлердің қатерлі ісікті ерте анықтауы, уақтылы емдеу қажеттігі, алдын алу шараларын жүргізу туралы хабардарлығын арттыру, – деді өз сөзінде Жомарт Кенжалин.

Бір өкініштісі, еліміздегі қатерлі ісік ауруының жылдан-жылға көбейіп қана қоймай, жасарып келе жатқандығы да, яғни, кейінгі жылдарда бұл дерттің жас буын өкілдері арасында белең ала бастауы дәрігерлер қауымын қатты алаңдатып отырса керек.

– Халықаралық стандартпен салыстырып қарағанда, біздің елдегі қатерлі ісік ауруының көрсеткіші әлдеқайда жоғары, – дейді онкологиялық диспансердің бас дәрігері. – Өйткені, Еуропаның дамыған елдерінде халықтың алдын ала дәрігерге қаралып, өз денсаулықтарын тексертулері, қажетті жағдайларда тиісті ем-дом қабылдау секілді шаралар мақсатты әрі жүйелі түрде белгілі бір жолға қойылған. Ал бізде онкологиялық алдын ала тексерулер тегін болса да, тұрғындардың белсенділігі өте төмен. Дәрігерге өзі үшін емес, құдды, біреу үшін қаралып, біреу үшін тексерілетін секілді. Көптеген аурулар дер кезінде дәрігерге қаралмағандықтан немесе нақты диагноз қойылмағандықтан асқынып кетіп жатады. Оның арты өкінішті жағдайларға апарып соғатындығын өздеріңіз жақсы білесіздер. Мысалы, енді ғана басталған кез келген обырды емдеп, науқасты аман алып қалу үшін шамамен 500 мың теңге қаражат қажет болса, ал асқынып кеткен ауруларды емдеп, жазу 4-5 миллион теңгені қажет етеді. Оның өзі ол адамның өмірін сақтап қалар-қалмасы белгісіз.

Жиын барысында медициналық заманауи жабдықтар мен медициналық білімі бар психологтардың аздығы, скринингтік тексерулерді қай жерлерде өтуге болатындығы жайындағы және басқа да сауалдарға жауаптар қайтарылды.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button