Алдаймын деп от басқандар

Өскеменде жазаны өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертуі бар сотталғандармен Өскемендегі солжағалау аудандық ПБ ОМПС бастығы, полиция капитаны Руслан Сейтқазинов пен Солжағалау аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Ерасыл Төлегенов кездесу өткізді.
– Сотталғандармен кездесу барысында Қазақстан Республикасы Заңнамасының талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар оларға әлеуметтік көмек түрлері, жұмысқа орналасу, пробациялық бақылаудың шарттары мен сотпен жүктелген міндеттердің орындалуы, сондай-ақ оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат берілді. Жиналғандар өздерін толғандырған барлық сұрақтарына толық жауаптар алды, – деді Ерасыл Төлегенов. «Тіркелген элемент» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қылмыстық құқықбұзушылықтарды қайталап жасауы мүмкін тұлғалармен заңдылықты сақтау және өмір салты туралы әңгіме өткізді. Бұл кездесу ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған адамдармен жүргізілді.
– Іс-шараның мақсаты – санаттары анықталған тұлғалардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауын алдын алу мақсатында олардың мінез-құлқын түзетуге бағытталған әлеуметтік құқықтық сипатын анықтау, – Солжағалау аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы, әділет капитаны Гүлжан Таткенова.
Миллиондаған қаржыны жымқырғандар…
2020 жылдың қазан айында бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін сотталған Сәния ( кейіпкерлердің есімдері өзгертілген) қаржылай қиындыққа тап болған соң қайтадан бұрынғы әуеніне басып, алаяқтық жолмен қаржы табуға бел буады. Бұл жолы ол адамдарды жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға көмектесем деген сылтаумен алдап, олардың қаражатын иемденуді көздейді. Қылмыстық жоспарын жүзеге асыру мақсатында ол бұл туралы ескі танысы Қатираға айтып, оған түскен қаражаттан пайыз беруге уәде етеді. Сөйтіп екеуі қылмыстық келісімге келеді. Сәния Қатираға құқық қорғау органдарының күдігіне ілінбес үшін жәбірленушілермен тікелей кездесуден аулақ болуды, келіссөздерді үшінші тұлғалар немесе телефон арқылы жүргізуді, сондай-ақ “Зарина, Әсел, Айжан” сияқты жалған есімдерді қолдануды тапсырады. Енді олар бірлескен жымысқы ойларын жүзеге асыру үшін жылжымайтын мүлікті сатып алуға көмек көрсету қызметімен айналысатын адамды іздейді. «DreamHouse» ЖШС істейтін Сараның белсенді клиенттік базасы барын білетін Қатира оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, кепілдегі пәтерлерді сатып алуға көмек көрсететінін айтады. Ол Сараға келісімшарттарды «DreamHouse» компаниясы арқылы бекітуге және сол үшін сыйақы алуға ұсыныс жасайды. «Банк қызметкерінің» қылмыстық пиғылынан бейхабар Сара бұл ұсынысты қабылдайды.
Сара «OLX» сайтында кепілдегі пәтерлерді сату туралы хабарландыру жариялайды. 2020 жылдың 14 қазанында осы хабарландыруды көрген Айман есімді азаматша «DreamHouse» компаниясына жүгінеді. Сара алғашқы клиент туралы өзі банк қызметкері деп жүрген Қатираға, ол Сәнияға хабарлайды. Соңғы екеуі Айманға жалған уәде беріп, алаяқтықпен 7 234 000 теңге қаражатын заңсыз иемденеді. Алайда оларда ешқандай пәтер де жоқ еді. Уақыт өте келе келісімшарттың талаптары орындалмай жатқанынан сезіктенген Айман бірнеше рет хабарласады. Енді олар Айманнан пәтер құжаттарын ресімдеу үшін деп тағы бір миллион теңге алады.
Осылайша олар клиентті алдап, оның 8 234 000 теңге қаражатын иемденіп, өз қажеттеріне жұмсайды.
Осыған ұқсас схема бойынша Сәния мен Қатира тағы алты адамды қармақтарына түсіреді. Олардың әрқайсысынан үш миллионнан он миллион теңгеге дейін ақша алған. Осылайша, 2020 жылдың қазанынан 2021 жылдың желтоқсанына дейін, барлығы 49 743 000 теңгені заңсыз иемденген.
Қылмыстық әрекеттерінің еш қиындықсыз жүзеге асқанын көрген Сәния мұнымен тоқтамай, енді бірнеше адамды бірден алдау арқылы қомақты пайда табуды армандайды. Осы ойымен бұрыннан таныс Бағиламен бөліседі. Танысы Өскемен қаласында төмен бағамен пәтер мен көлік сатып алуға көмектесемін деп жалған ақпарат таратып, клиенттер табуға, сол үшін жымқырылған ақшадан пайыздық үлес алуға уағдаласады. Сәния клиент жинауға өзінің жақын туысы Асанды да шақырады. Бұл екеуі Қазақстан көшесі, 71А мекенжайында орналасқан “Герболайф” дұрыс тамақтану клубына барып, сол жерде жалған ақпарат тарата бастайды. Асанның негізгі міндеті клиенттер арасында үгіт-насихат жүргізу еді, өйткені Бағила дұрыс түсіндіре алмайтын болып шығады. Клиенттердің сеніміне кіру үшін Асан Сәнияның нұсқауымен бірнеше пәтерді жалға алып, сатылатын пәтерлер ретінде көрсетіп отырады. Бұл үштік 2022 жылдың тамыз-қыркүйек айлары аралығында кепілдіктегі пәтерлер мен көліктерді сатамыз деген сылтаумен клуб клиенттерінен 31 000 000 теңге жымқырған. Сәниямен мұнымен де тоқтамай, енді алаяқтық жолмен көлік сатуға кіріседі. “Kolesa.kz” сайтында автокөлікті сатып алуға көмектесетіні жөнінде хабарландыру жариялайды. Бұл жолы да ол көмекші ретінде туысы Асхатты таңдап алады. Ол 2023 жылдың ақпан айында Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 64 мекенжайында орналасқан “Микен” дүкенінің жанында көлік алушымен кездесіп, оны автокөлік сатып алуға көмектесетініне сендіріп, 900 000 теңге көлемінде ақша алады. Бұл соманы алғанын растайтын қолхат жазып берген.
Қылмыс – түбі жаза
Сотта айыпталушы Сәния өзіне тағылған барлық айыптарды ішінара мойындап, тек бір жәбірленушіге қатысты эпизодпен келіспейтінін, оны ешқашан көрмегенін, онымен сөйлеспегенін айтты. Ол өзін “Айгүл Мұратқызы”, “Зарина”, “Айжан”, “Арман” сияқты жалған есімдермен таныстырған. Өзіне тағылған кінәні ішінара мойындады, өйткені ол басқа сотталушылармен алдын ала сөз байласпаған, сондай-ақ аса ірі мөлшерден асатын бірде-бір эпизод жоқ деп санайды.
Сотталушы Қатира сотта Сәнияны 2014 жылдан танитынын, 2021-2022 жылдар шамасында Сәния өзінің таныс сот орындаушылары бар екенін, олар арқылы қамауға алынған пәтерлерді сатуға болатынын түсіндіргенін айтты. Оны пәтерлердің арзан бағасы қызықтырған, өйткені өзі де баспана алмақшы болады. Сәния екінші сауда-саттықтан кейін пайыз алу арқылы қомақты ақша табуға болатынын, ол үшін клиенттерді табуға тура келетінін айтқан. Сол кезде оның мойнында қарыздары болғандықтан ол келіскен. Сотта айыбын ішінара мойындады.
Келісімшартты «DreamHouse» компаниясында істейтін Сара бекітіп отырған, бірақ ол пәтерлердің нақты бар-жоғын білмеген, тек әр келісімшарттан өзінің риэлторлық қызметі үшін 250 000 теңгені бірден алып отырған.
“Герболайф” клубында клиенттерді жинауға тиіс болған айыпталушы Бағила өзіне тағылған кінәні толық мойындады.
Сотталушы Асан Сәния өзіне туыс болып келетінін, әпкесінің нұсқауымен Қазақстан көшесі, 71А мекенжайында орналасқан “Герболайф” клубында бейтаныс үш әйелге төмен бағамен пәтерлер сатылатыны туралы жалған ақпарат таратқанын айтты. Сол жылы әпкесінің өтініші бойынша ол Сәтбаев, Протозанов көшелері мен Жастарда орналасқан үш пәтерді ұзақ мерзімге жалға алады, пәтерлердің кілтін әпкесіне береді. Бұл пәтерлерді әпкесі не үшін, қандай мақсатпен жалдағанын білмейді, жақын туысы болғандықтан, оған сенген. Алдымен әпкесі пәтерлер үшін өзі төлеп жүреді. Кейін бір адамға көрсеткенін мойындайды, онда да сату үшін емес, әпкесі жалға бермек деп ойлаған.
Сот отырысында айыпталушылардың кінәлары қылмыстық іс құжаттарымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен дәлелденді.
Сот қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 387-390, 393, 395-398, 401 баптарын басшылыққа ала отырып, Сәнияны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
ҚК-нің 58-бабының 3, 6-бөліктерінің негізінде осы үкіммен және Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 10.05.2023 жылғы үкімімен тағайындалған жазаларды ішінара қосу жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша түпкілікті 7 (жеті) жыл 6 (алты) ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Айыпталушы Қатира Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Қатираның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы болғандықтан, ҚК-нің 14-бабының 1-бөлігіне сәйкес рецидив деп танылды.
ҚК-нің 58-бабының 3, 6-бөліктерінің негізінде осы үкіммен және Өскемен қаласының 18.01.2023 жылғы №2 сотының үкімімен тағайындалған жазаларды ішінара қосу жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 7 (жеті) жыл 6 (алты) ай бас бостандығынан айыру түпкілікті тағайындалды.
Сотталушы Бағила Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жаза шартты болып саналады.
Бағилаға 5 (бес) жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді және тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын пробация қызметіне хабарламай өзгертпеу; әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерлерге пробация қызметіне хабарламай бармау; белгіленген күндері пробация қызметіне тіркелу және онымен тәрбие жұмысын жүргізу үшін келу міндеттерін орындау жүктелді.
Сотталған Бағиланың мінез-құлқын бақылау оның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктелсін.
Айыпталушы Асан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Айна Ескенқызы