Алдағы референдум еліміздің болашағын айқындайды
Халықтың талап-тілегіне сай елдегі саяси жүйені түбегейлі өзгертуді қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында конституциялық реформа жүргізу бастамасын көтерген-ді. Кейін Ата Заңға енгізілмек түзетулерді жұрт талқысына салып, референдум арқылы қабылдауды ұсынды. Конституция – кез келген мемлекеттің басты құжаты, тәуелсіз, дербес ел екенінің дәлелі, билік өз қызметін осы негізгі заңға сүйене отырып атқарады.
Президент ұсынған конституциялық реформаның мәні неде? Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің қоғамға тигізер пайдасы қандай? Бұл жөнінде біз С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, референдумды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Элеонора Столяровадан сұрадық.
Әр азамат ел тағдырын шешуге қатысады
Өздеріңіз білетіндей, кез келген Конституция – саяси және құқықтық құжат, ол қоғамда және мемлекетте болып жатқан түбегейлі өзгерістерге сезімтал әрекет етуі керек. Бұл еліміздің конституциялық даму процесінде өзгеріп, жетілдіріліп отырған Қазақстанның негізгі заңына да қатысты. Элеонора Столярованың пікірінше, қазіргі заманда мемлекеттік және қоғамдық-саяси процестер аса екпінді дамуда, мұндай қарқын еліміздің қазіргі конституциялық процестерінде де көрініс табады.
Осы жылғы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Президент атап өткендей, бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың еркін білдіруінің көрінісі болады, әр азамат елдің демократияландыру және жаңа Қазақстанды құру бағытын нығайту үшін ел тағдырын шешуге тікелей қатыса алады.
Ғалым Президенттің сол күні еліміздің Негізгі заңына елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін өзгерістер енгізу туралы заң жобасын Конституциялық кеңеске енгізгенін еске салды. Олардың негізгілеріне еліміздің суперпрезиденттік басқару формасынан Парламентті күшейтуге көшуі, Президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік лауазымдарға орналасуға тыйым салуы, халыққа жер мен оның қойнауын бекітіп беруі, азаматтардың Конституциялық сотқа өз бетінше жүгіну мүмкіндігі, өлім жазасын жою, аралас сайлау жүйесі бойынша Мәжілістің депутаттық корпусын қалыптастыру, Сенатта президенттік квотаны қысқарту, Мәжілістегі Ассамблея квотасын жою, Парламент өкілеттігін кеңейту енеді. Конституциядағы 33 бапты (31 бапқа түзету және 2 бапқа толықтыру) өзгерту ұсынылды.
Кезеңмен жүргізіліп келеді
Республикалық референдум 5 маусымда өтетіні белгілі. Республикалық референдумда «Сіз «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылмақ. Жоба 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Тұрғындар барлық түзетулер пакетіне «иә» немесе «жоқ» деп дауыс бере алады. Қазір ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді халық арасында түсіндіру жұмыстары қыза түскен.
Әлеуметтанушы соңғы референдум 27 жыл бұрын, қолданыстағы Конституцияны қабылданған кезде өткенін еске салды. Одан кейінгі барлық конституциялық реформалар Парламент арқылы қабылданды.
Конституцияға енгізілген өзгерістерді егжей-тегжейлі қараған кезде сарапшы Президенттің соңғы жылдары жүргізіп жатқан саясатының маңызды бөлігіне назар аударды.
– Қ.Тоқаев қызметке кіріскен сәттен бастап елдегі саяси жүйені демократияландыру бағытын жариялады. Билік пен халық арасында диалог орнату үшін «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, оны табысты жүзеге асырып келеді. Президент жаңа әділетті Қазақстанды құруды бастады, – деп есептейді Элеонора Олеговна.
Өткен жылы Президент «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» Заңдарға түзетулерге қол қойды. Ғалымның пікірінше, бұл сапалы партиялық жүйені құру, саяси партияларды тіркеудің шегін 40 мыңнан 20 мың мүшеге дейін төмендету, әйелдер мен жастар үшін квоталарды анықтау үшін жасалды. Әлеуметтанушы бұл заңдар көппартиялылық процесті одан әрі дамытады деп пайымдайды.
Элеонора Столярова Мемлекет басшысының мемлекеттік құрылысты дамытудағы дәйекті және кезең-кезеңмен жүргізіп отырған саясатын мақұлдайтынын білдірді. Ел Президентінің 2020 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды іске асыру шеңберінде ұлттық экономика министрлігі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша жобалар әзірленіп, заңдар қабылданды. Әлеуметтанушы бұл азаматтарды шешім қабылдау процесіне барынша тартуға және жергілікті мәселелерді өз бетінше шешуге бағытталған қадамдар екеніне сенімді.
Түбегейлі өзгерістер енгізіледі
Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформаны талдай келе, сарапшы түзетулердің басым бөлігі «суперпрезиденттік» басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшуді бекітуге арналғанын айтады.
– Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын күшейтуге, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуға, мәслихаттардың маңызы мен мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол. – Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлық-пропорционалды үлгісін енгізу сайлаушылардың барлық пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Өз кезегінде, аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарын сайлаудың толық мажоритарлық жүйесін енгізу азаматтар үшін өңірдегі өмірге неғұрлым тиімді ықпал етуге мүмкіндік ашады.
Парламент Мәжілісінің заң шығарушы палата ретіндегі рөлі арта түседі. Парламент Мәжілісі депутаттарының саны 107-ден 98-ге дейін қысқарады.
Элеонора Столярова түзетулердің маңызды бөлігі құқық қорғау саласына, мысалы, Конституциялық сот құруға, адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекітуге, өлім жазасына толық тыйым салуға әсер ететініне назар аударды. Бұл түзетулер ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын сақтауға бағытталған.
Тұңғыш президенттің мәртебесі туралы мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Конституцияның 46-шы бабынан: «Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және Конституциялық заңмен айқындалады» деген тармақ, 91-ші баптан «Тұңғыш Президент мәртебесі өзгеріссіз қалады» деген тармақ алынып тасталды.
Ел халқын толғандыратын маңызды мәселе халықты жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі ретінде бекіту туралы норма болды. Конституцияға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болуға тиіс. «Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін». Бұл осы мәселе бойынша жаңа заңдарды қабылдауға мүмкіндік береді дейді сарапшы.
Конституциялық процестерде азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау маңызды орын алады. Конституцияның жаңа нұсқасында 15-ші баптың 2-ші тармағында өлім жазасына тыйым салу туралы айтылған және ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Сондай-ақ, Конституцияның 83-1-ші бабында алғаш рет қазір жоқ адам құқықтары жөніндегі уәкіл аталып өтіледі. Омбудсмен адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтірумен айналысатын болады. Өз жұмысында ол тәуелсіз және мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға есеп бермейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз жұмысы кезеңінде Сенаттың келісімінсіз тұтқындауға немесе күштеп әкелуге де болмайды.
Ғалым Президент ұсынған түзетулерден биліктің жергілікті атқарушы және өкілді органдарын одан әрі демократияландыруды жалғастыруды көреді. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының келісімімен Президент тағайындайды. Ел Президенті дауыс беру өткізілетін кемінде екі кандидатура ұсынады. Дауыс беруге қатысқан мәслихаттар депутаттарының көп дауысын алған кандидат келісім алған болып есептеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев елде 1995 жылы жұмысын тоқтатқан Конституциялық сотты қайта құруды тапсырды. Содан кейін оның функцияларын Конституциялық Кеңес орындай бастады. Енді бір кездері болған конституциялық бақылау органы қайта жанданады. Осы себепті жаңа Конституцияға түзетулер енгізіп, «кеңес» сөзін «сотқа» ауыстыру ұсынылады.
Демократиялық тәсіл
Президенттің референдум өткізу туралы ұсынысы жаңа Конституцияны заңды етеді деп санайды сарапшы.
– Референдум іс жүзінде бізге жаңа Конституция береді. Заңға сәйкес референдумға шығарылған өзгерістер мен толықтыруларға азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдау әрбір қазақстандыққа байланысты. Әркімнің борышы – жаңа Қазақстанды қайта құруға белсенді қатысу, – деп атап өтті Элеонора Олеговна.
Сарапшы атап өткендей, Конституцияға түзетулер бойынша референдум – Қазақстан үшін жаңа саяси тәжірибе. Мемлекеттік және саяси жүйені дамытудың осы кезеңінде мұндай тәсіл – шешімдер қабылдау мәселесіндегі ашықтықтың көрінісі. Ең бастысы, бұл – мемлекеттік трансформация процестеріндегі демократиялық тәсіл.
Қазақстан түбегейлі өзгерістер жолына түсті, заң үстемдігі мен азаматтардың мүдделерін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау басымдық деп жарияланды. Ғалымның пікірінше, қоғамды демократияландыру жолындағы басты міндет – реформаларды одан әрі ілгерілету, елдің табысты саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін Конституцияны жетілдіру.
Ержан Әбіш