Тарих

Қалбатаудың қатпарлы тарихы бар

Қалбатаудың қатпарлы тарихы бар

Қалба тауы – Ертістің солжағалауындағы Ұлан, Көкпекті, Жарма аудандары аумағында жатқан тау қыраты. Алтаймен арасын тек Ертіс өзені бөліп жатқандықтан, қыраттың бас жағының табиғаты Алтай тауларымен ұқсас келеді.
Қылқан жапырақты орман, қайыңды тоғай, буырқанған бұлақтар да бар. Қалба суағарының теріскейінде Ұраңқай, Тарғын, Тайынты, Шыбынды, Манат, Ұлан, Абылайкит бастатқан он көл мен отыз өзен болса, күнгейінде Үлкен және Кіші Бөкен, Лайлы, Қайыңды, Мұрат, Баты, Тентек, Тәлмен, Шар, Қызылсу, Шегелек өзендері бастау алады. Бұлардан өзге ірілі-уақты оннан астам көлдер бар.
Сақ қорғандары мен таңбалы тастар, ежелгі адамдардың тұрақтары – Қалба тауынан жеті жұрт көшіп, жеті жұрт келгенін растайды. Қасиетті қарабұжыр Қалбаның адамзаттың Отаны екені шүбәсіз. Осынау қайырлы мекеннен қол бастаған батырлар мен сөз бастаған шешендердің де шыққаны қазақ халқының тарихында қаттаулы. Біз бұл арада Қалба оронимінің этимологиясы хақында сөз қозғасақ дейміз.
Қалба тау жотасының ең биік шоқтығы теңіз деңгейінен санағанда 1 606 метр биіктікте орналасқан. Таудың Қалба аталуы туралы ақын Қалихан Алтынбаев, шежіреші Меңғали Мусин, ғалым Бердібек Бияров өз зерттеу пікірлерін қалдырған.
Біріншіден, Қалба – түркіше қалбағай- жалпақ, эвенк тілінде қалбин – кең, мәнжүр тілінде кальфан – жалпақ, моңғол тілінде халбағар – кең, жалпақ сөздерімен мағыналас. Ғалымдар «жалпақ тасты аласа тау» мағынасын береді деген пікірді алға тартады. Ал енді қазақ тілінде қалба сөзі қалқа, пана, ық дегенді білдіретіні тайға таңба басқандай көрініп тұр.
Екіншіден, моңғол, мәнжүр-тұңғыс тілінде холбо – жалғастыру, жалғау деген мағына береді деген де пікір бар.
Одан-бұдан жинамай, нағыз қазақша мағынасына үңілсек, Қалба, Қалбағай – «жайылған пана, паналы тау» деген мағынасын иемденсе де болады. Бердібек Бияров «Қалба» деген сөзде «сарымсақ», «сарымсақты тау» деген де мағына бар екенін жазады.
Айтарымыз – «Қалба» қазақтың төл сөзі. Ата бабаларымыздың паналы, пайдалы тауына қойған қасиетті атауы. Туған жердің тұнған сыры қашанда қастерлі, жәдігеріміз аялайық.

Қайрат Малғаждаров

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button