Тарих

Алаштың тұңғыш құрбаны

Алаштың тұңғыш құрбаны

Бұл мақала ұлты үшін құрбан болып кеткен Қазы Нұрмұхаметұлы туралы. Қазы Нұрмұхаметұлы – Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаевтармен бірге Семейдің мұғалімдер семинариясында (қазіргі Семейдің М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі) оқыған. Оқып жүріп Алаш атты милициясына офицерлікке тағайындалады. Кезекті бір жаттығу үстінде большевиктер қолынан қаза тапқан. Сондықтан «Қызылдар қырғынын» 1925-28 жылдардан емес, 1918 жылдан басталды деуге де болады.

Тарих деректеріне сүйенсек, Қазақ елінде үш ірі репрессия болған. Репрессия Қазақстанда тұңғыш рет 1928 жылы басталды. 1925 жылы Қазақстанға өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Голощекин Қазақстан еңбекшілерін, әсіресе, оның ұлттық интеллигенциясын жаппай жазалауға кірісті. Ол тәркілеу, коллективтендіру мен индустрияландыру кезінде асыра сілтеушіліктерге жол беріп, едәуір өрескел қателіктерге ұрынды. Бұл теріс саясатқа бірқатар партия-кеңес қызметкерлері (Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Нәзір Төреқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Ғабит Мүсірепов т.б.) наразылық білдіреді. Сол жылдары олар қамауға алынып, біразы атылады да, қалғандары түрлі мерзімге бас еркінен айырылды, Соловецк еңбекпен түзеу лагеріне айдалды. «Халық жауы» деп жала жабылып, мыңдаған қазақ азаматтарының қаны төгілді. Алыс аймақтарға жер аударылып, саяси тұтқын ретінде түрмелерге қамалды. Ал 1930-1933 жылдары оларға кешірім жасалып, бәрі де бұрынғы жұмыстарына қайта оралды. Алайда, 1936-1937 жылдары олар қайтадан түгел тұтқындалып, содан кері оралмады.
Қазақстандағы екінші репрессия 1937-1938 жылдары жүргізілген. Бұл репрессия «Троцкийшіл, бухариншіл сатқындар мен герман-жапон шпиондарына қарсы күрес» деген желеумен өтті. Партия, кеңес қызметкерлері қамауға алынып, ауыр жазаға ұшырады. Көбі бұйрық бойынша атылып, бір миллион адам келмеске кеткен. Туған жеріне қайтып оралмаған босқындар саны 616 мыңға жуық, яғни, Қазақстандағы асыра сілтеуге дейінгі байырғы халық санының 15 пайызы болды.
Қазақстандағы үшінші ірі репрессия 1951-1953 жылдары болды. Бұл жылдары ол «Космополитизм мен ұлтшыл-буржуазияшылдарға қарсы күрес» деген ұранмен жүргізілді. Бұл жолғы репрессияның құрбандары тұтқынға алынып, әрқайсысы 25 жыл мерзімге бас еркінен айрылды да, еліміздің ең алыс түкпірлеріндегі еңбекпен түзеу лагерьлері мен еңбек колонияларына айдалды, қызметтерінен босатылып, Алматыдан қуылды.
Репрессия кезеңінде тек оған ұшыраған адамдар ғана емес, сонымен бірге олардың үй іші, бала-шағасы, ағайын-туыстары да жазықсыз жазаланды. Әр жылдары репрессияға ұшырағандардың көпшілігі СОКП ХХ съезінің шешімдеріне сәйкес 1956 жылы заң орындарының қаулысымен толық ақталып, бұрынғы қызметтеріне қайта оралды, ал бірсыпырасы өлгеннен кейін ақталып, абырой-атағы қайта қалпына келтірілді, әдеби-мәдени мұралары жарық көріп, халық игілігіне айналды. 1992 жылы мамырдың 31-і саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жарияланды.
Осы мақаламызда жазықсыз қазаға ұшыраған Алаш милиционері, тарихта «Алаштың тұңғыш құрбаны» деген атпен белгілі болған қайраткер Қазы Нұрмұхаметұлының есімін жиі еске аламыз.
Қазақстан тарихында репрессия 1928 жылдан басталды делінгенмен, біз қуғын-сүргін одан да ерте басталған дер едік. 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде Бейімбет Майлиннің «Алаштың тұңғыш құрбаны» атты мақаласы жарық көреді. Онда «Соңғы жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша Семейде атты-жаяу милиция құрылған еді. Мұны соңғы кезде большевиктер ұнатпай, «ойыныңды тоқтат, мылтықты бер» деп мінез көрсетіп жүрді. Оған біздің милиционерлер – қорғаушылар өз жүректерінде ұлт сақтаудан басқа ешкімге қастық қылатын ниеті болмаған соң, қарсы да келмеді, ойындарын да тоқтатпады.
6 мартта таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық даусы шыққан соң бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда милиция бастығы, учительское семинария шәкірті Қазы Нұрмұхамедұлы жігіттерге айқайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек – өлейік, бәрімізді қырмас» деп тоқтау айтып, өзі орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, есіл жас жан тапсырады.
«Қазы марқұм, жасы 22-де. Семей уезі, Еңірекей болысында, Сыбан деген рудан еді. Семейдегі 2 класты школды бітіргеннен кейін бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып, 1915 жылы семинарияға түсті. Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген жолдастарымен милицияға жазылды. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып тұрушы еді. Марқұм ақкөңіл, талапкер, жігерлі, ұлтшыл жас еді. Ұлтшылдығын көрсетті, ұлтының жолында жанын құрбан қылды деп жазады. Бейімбет Майлин «Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас, тарихта аты қалар» дейді.
Мақалада аты аталып отырған семинарист Қазы Нұрмұхаметұлы – қазақтан шыққан алғашқы милиция офицері. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев – бәрі Семейдің мұғалімдер семинариясында бірге оқыған.
Бүгінде білім алушылар қайраткердің өмірбаянын, адами қасиеттерін, отансүйгіштігін үлгі етеді. Мұрағат материалдарымен жұмыс істеп, өмірбаянын, қызметін үнемі зерттеу үстінде.

З.Сахариева,
М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж оқытушысы

Семей.

Осы айдарда

Back to top button