Алашқа адал қызмет еткен Отыншы Әлжанов
Енді бір айтатын нәрсе, Отыншы Әлжановтың туыстары жөнінде. Бұл туралы деректерді мақалаларда және ел ішіндегі әңгіме білетін азаматтар жазған кітаптардан кездестіреміз. Бірақ бұларда бір-бірлеріне қарама-қайшы ойлар айтылған.
Отыншының сүйегін ескіше таратсақ, Мұрын – Жолымбет – Назар – Жанболат – Тоқабай – Жомарт – Бәйел болып келеді. Оның ұлы әкесі Нұранұлы Сақау деген кісіден Мұхаметжан, Ізғұтты (Шибай) және Әлжан туады. Осы үшеуінің үлкені Мұхамеджанның Мәзмұхамед (Мәзіке) және Әзмұхамед (Әзіке) деген ұлдары болған. Мұхаметжанның Мәзмұхамедінен Жүмәділ, Ғабділманап, Қамза, Жағыпар деген ұлдар және Күлбәй, Күлімхан және Күлзада есімді қыздар туған. Бұлар Отыншы Әлжановтың ет жақын немере туыстары. Осылардың ішіндегі інісі Жүмәділдің тәрбиесіне Отыншы өзі көңіл бөледі. Жүмәділ ағасы Отыншының қолында тұрып, Лепсі гимназиясында оқыған. Бұл туралы Орталық мемлекеттік архивте деректер сақталған. Жүмәділ Мұхаметжанов заң саласында қызмет атқарған. Бұл кісі 1937 жылы Семей облысы прокурорының көмекшісі болып тұрғанда ұсталып, 1938 жылы алашордашы және Отыншы Әлжановтың інісі, «халық жауы» деген үкіммен айыпталып, Бұрындайда атылған. Әйелі Рахима сегіз жыл Гүлбаћрам Сейфуллинамен және т.б. бірге АЛЖИР-де болды.
Жүмәділ Мұхаметжановтың кенже інісі Жағыпар Мұхаметжанов та ерекше тұлға. Жағыпар Мұхаметжанов қарымды журналист, әрі екі тілді (қазақ, орыс) сонша жетік білетін майталман аудармашы ретінде танымал болған. Ол 1930-шы жылдардың екінші жартысына дейін республикалық «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеген. Ағалары Жүмәділ мен Ғабдіманап ұсталғаннан кейін, Москваға кетуге мәжбүр болады. 1940 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің ведомстволық «Известия» газетіне аудармашылыққа шақырылады, кейіннен оның қазақ бөлімін басқарады. Москва кезеңінде оның табиғи дарыны жарқырай ашылады. Сол жылдардағы оның аудармашылық қызметі оны Мұхтар Әуезовпен, Сәбит Мұқановпен, Әбдіжәміл Нүрпейісовпен, Асқар Тоқмағамбетовпен, Вера Кетлинскаямен, Леонид Соболевпен, Константин Симоновпен, Қалтай Мұхаметжановпен, Қуандық Шаңғытпаевпен және т.б. жақындастырады. Оның табиғи дарынының еркін ашылуының бір көрінісін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының бірінші бөлімін орыс тіліне аударуынан көреміз. Оның жерлесі, ардақты ағасы ұлы Мұхаңмен араларындағы шығармашылық және достық байланыс сол кездерде басталыпты. Өзінің «Семей таңында» басылған «Мұқаңның ризалығы» (23.09.87) мақаласында осыларды айта отыра, Мұхтар Әуезов қайтыс болғаннан кейін, оның қызы Ләйләнің үйіне барғанда, ол күйеуі Асқар Қонаевқа: «Мына кісі папамның досы болатын» деп таныстырғанын үлкен сезіммен еске түсіреді. Оның кереметтей дарынының бір қырын Василий Янның «Чингизхан», «Батый», «К последнему морю» трилогиясын қазақ әдеби тілінің мәйегімен аударуынан көреміз. Аға ұрпақ бұл әдеби туындыларды жақсы біледі. Қазақ тіліндегі осы кітаптардың аударма екендігіне сену қиын. Өмірінің соңғы жылдарында бұл кісі Семей қаласында тұрды. Артында ұрпақ қалған жоқ. Жалпы, Отыншы Әлжановтың осы туыстарына Сталин зұлматының тигізген зардабы сондай, Мұхаметжанның қара ормандай еркек кіндікті тұқымынан бүгіндері ешкім де қалмады. Осы жолдарды жазып отырған менің анам – Шәмшияның шешесі, нағашы әжем Күлзада Мәзікеқызы Мұхаметжанның немересі еді.
Отыншының әкесі Әлжанның ортаншы ағасы Шибай бүкіл Құнанбай әулетін «Абай жолы» арқылы білетін қазақ жұртына Ізғұтты атымен таныс. Шыңғыстаудағы Тобықты елі, оның ішінде Ырғызбай табы және Тарбағатай бауырындағы Мұрын, Қыржы елдерімен ежелден қыз беріп, қыз алысқан құдандалылар.
Ертеде Отыншының ұлы әкесі Нұран деген кісі, ұлдарының бірі – Сақауға Ырғызбайұлы Өскенбайдың Тайбала деген қызын айттырады. Екі жағы да бұған келісіп, құдалар атанады. Қыздың ағасы Құнанбай Өскенбайұлы болатын. Екі жақ жастардың кәмелетке келуін ғана күтеді. Сөйтіп жүргенде, Тобықты жағы қыздарын айттырған жағына бермейтін болып қалады. Бұл туралы бұрыннан болған әңгіменің көбінде «Ырғызбайлар қыздың баратын жағын өздеріне тең көрмей, қызды бергісі келмепті. Бірақ Тайбала ақылды және аса өжет болып өсіп, бойжеткен кезде, жағдайдың солай болғанын білген көрші елдер қызды өздеріне айттырмаққа сөз сала бастапты. Осындай жағдайды көрген адуын Тайбала: «Менің басымды саудаға салатын бос адам емеспін, айттырған жерім бар, рұқсат болса, сонда барам, әйтпеген күнде күйеуге шықпаймын», – деп отырып алады. Туыстары еріксіз ұзатуға көніп, содан Тайбала ұзатылып кете барған екен, өкпелеген ағасы Құнанбай құдаларына ұзақ уақыт бармай жүріп, кейіннен барған. Сол жолы жиені Шибайды өзіне іні қылуға құдаларынан сұрап алып келген соң, бүкіл ырғызбайларға баланы таныстырып, біреуің де жиен демейсіңдер деп нықтап, оған Ізғұтты деген атты берді», – деп айтады. Ал Ізғұттының қандай азамат болғаны «Абай жолы» эпопеясында да тамаша айтылған және қазіргі Абай ауданы жеріндегі ескіні жақсы білетін жандардың жадында да жақсы сақталған.
Осыдан шамасы он бес жылдай бұрын ғана өткеннен және өз туыстарынан мол хабары бар 90-ның жуан ішіне кірген Отыншы Әлжановтың шөбере туысы Жорғатай ақсақал және немере қарындасы Бижамал Ыдырышқызы Әзмұхамет немересі ортамызда жүріп еді. Осы адамдар туыстары Отыншыға байланысты талай әңгімелерді білетін және ағалары туралы мақтанышпен айтып отырар еді.
Бірде мен нағашы әжем Күлзада Мәзмұхаметқызының немере апайы Бижамал Ыдырышқызынан баласы Шегедеков Бағланның үйінде отырғанда Ізғұтты туралы сұрадым. Сонда ол кісі Тайбаланың біздің елге келін болып түсуіне байланысты айтылғандардың дұрыс емес екендігіне көзімізді жеткізе өз білетінін айтып еді. Ол кісінің айтуынша, Тайбала атастырылған күйеуі Сақаудан бірер жас кіші болған көрінеді. Сақау ержеткен соң, оның әке-шешесі Шыңғыстаудағы құдалардан қызды өздеріне берулерін сұрайды. Тайбала ол кезде он үш-ақ жаста екен. Сол кездегі дәстүр бойынша кейде айттырылған қалыңдықты ертерек, 12-13 жасында келін қылып түсіру әдеті болыпты. «Бірақ ондай жас адамды кәмелетке жетпей күйеуімен қоспайтын, жас келін 15-16-ға келгенше енесінің жанында, ірге жағында жататын», – деп Бижамал апамыздың сондағы айтқаны есімде. Тайбаланың шешелері қыздарын аяп, ерте беруге қарсы болады. Сөйтіп жүргенде Сақаудың әке-шешесі ұлдарына сол мұрынның ішіндегі біреудің қызына құда түседі де, алып береді. Осыны Өскенбай үйі естиді. Бұлар өздерінің қыздарының Сақау үйінің босағасын келін ретінде бірінші болып аттамайтындығына қатты намыстанады. Алыста жатса да, араласып отырған құдалардың арасына кірбің түседі. Келді-келді қызды бермейміз дегенге де келеді. Сөйтіп, құдалық үзілген сияқты болып жүргенде, Тайбала да бой жетеді. Енді «басы бос» сияқты қызға қызығушылар, Өскенбай үйімен құда болғысы келетіндер ақырындап Тайбалаға сөз сала бастайды. Міне, әркім әртүрлі айтатын Тайбалаға қатысты әңгіменің шындығы осылай болған көрінеді. Ал ел айтып жүрген оқиғаның бұдан арғы өрбуі Бижамал шешейдің айтқанымен бірдей шығады. Шынында, ақылды да, адуын қыз айттырылған жеріне ғана баратынын айтып отырып алған. Бұған оның туыстары еріксіз көнген. Тайбала шешемізді біздің әулетте «молда апа» дейтін деп Бижамал шешей еске түсіріп еді. Тайбала шынында, өте ақылды, намысшыл, қасиеті үлкен адам болыпты.
Бижамал апамыз сол жолы Ізғұтты ұрпақтарының Шыңғыстаудан Тарбағатайға (Ақсуат жеріне) қайтуының себептерін де айтқан еді. Ізғұттының Қажықайдар деген ұлы бастаған ұрпақтары облыстың прокурорының көмекшісі болып істейтін, әкелерімен бірге туысатын Мұхаметжанның немересі Жүмәділді тауып алып, байланыса бастайды. Олар өздерінің Шыңғыстаудан Ақсуат өңіріне көшкісі келетіндерін айтады. Оған себеп, Тәкежанның Әзімбайының бір баласының (Бердештің) үлкен өкпе тудырған шымбайға батқан сөзі болған. Бұған Қажықайдардың:
«Ассалаумағалейкум, Қажы ағамыз!
Тірлікте Мекке көрген көп бағаңыз.
Кешеде сөз естідім Найман деген,
Ізғұтты менің әкем қайдан келген?
Найман деген бар ма еді қаперімде,
Бұл сөзді естіп қалдым қапелімде.
Найманнан шыққаннан соң күн-күн сайын.
Енді мен тобықты боп жүре алмаймын,
Қажеке-ау, туралығын айтып берсең,
Басымның аманында ел табайын» – деп Шәкерім қажыға айтты деген сөздері дәлел.
Жүмәділ Мұхаметжанов сол кездегі Сақау әулетінің үлкені, әкесі Мәзмұхаметтің інісі Әзмұхаметке (Әзікеге) хабар береді. Содан елден Ізғұтты балаларын көшіріп әкетуге Әзмұхамет бастаған туыстары келеді. Олар сол кездегі Ырғызбай әулетінің үлкені Шәкерім қажыға сәлем беріп, Ізғұтты балаларының шақыруларымен келгендерін айтады. Ізғұтты балалары рұқсат сұрайды. Шәкерім қажы ол кезде елмен жайлауға шықпай, жалғыз үй, оқшау өмір сүрген кезі екен. Көбіне қағаз жазатын көрінеді. Шәкерім қажы Ізғұтты балалары рұқсат сұрағанда: «Елге ел қосылса – құт, елден ел кетсе – жұт» деуші еді, мұны қайдан шығардыңдар? Абай ағам тірі болса, бұларыңа не дер еді?» деп көз жасы сақалынан тарамдап ағып, жылаған екен (Шәкерім ұзын салалы сақалы бар кісі екен деп біздің кісілер айтып келді дейді Бижамал апамыз). Әзімбай балаларының қылығын біліп отырған қажы Ізғұтты балаларының бекініп алғанын көріп, рұқсат деп батасын береді. Ізғұтты балаларын біздің ел (Мұрын – Тоқабайлар) аса құрметпен қарсы алып, ұлан-асыр той жасапты. Той осы күнгі Тассай, Өрнек тұсында 1927 жылдың шілдесінде болған көрінеді. Бірақ көп ұзамай 1928 жылдан басталған зобалаң елді «Байтал түгіл, бас қайғы» дегендей жағдайға түсіріп, содан Ізғұтты балалары Қытай жеріне кетуге мәжбүр болады. Олар туған елге 1962 жылы ғана қайтып оралады.
Сөйтіп, осы мақалада Отыншы Әлжановтың орталарынан тамаша азаматтар шыққан туыстарын да айта кетуді жөн санадық.
Сөз жоқ, Отыншы Әлжанов – қазақтың біртуар ұлы, алаш арыстары қатарынан өз орнын алуға лайықты қайраткер. Көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбайдың: «Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан, Халел, Жаћанша, Жақып, Отыншыла𠬬– ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттың рухани көсемдері еді» деген тұжырымы Отыншы Әлжановтың қайраткерлігіне берілген нақты бағасы болады (Жұртбай.Т. Талқы. –Алматы. 1997. 76 б.).
Сондықтан да, алда тұрған Алашорданың 100 жылдығын кең көлемде атап өту қарсаңында алаштың Отыншы Әлжановтай біртуар перзентінің қастерлі есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ол қаза тапқан Үржар ауданының жерінде оған арнап ескерткіш орнатылса, Өскемен мен Семей сияқты қалаларда және Үржар, Мақаншы, Ақсуат сияқты үлкен елді-мекендерде көше атауларын күрескердің есімімен атаса, бүгінгі біздердің азаттық үшін күрескен арыстарға жасаған тағзымымыз болар еді.
Мұхтарбек Кәрімов
Семей.
(Соңы, басы сайтта 8 сәуірде жарияланды)