Тарих

Алаш-Орданың қолбасшысы жатқан жерге белгі керек

Алаш-Орданың қолбасшысы жатқан жерге белгі керек


Көкпекті ауылының ескі мұсылман зиратына жерленген Хамит Тоқтамысовтың (архивтік құжаттарда Токтамышев) кім болғанына әуелі бір тоқталайық.
Полковник, артиллерист Хамит Нығметоллаұлы Тоқтамысов 1885 жылы дүниеге келіп, 1919 жылы қаза тапқан.
Алаш-Орда үкіметінің соғыс министрі (1918 – 1919), 1-Алаш атты полкінің командирі (1918, июнь), Семей мен Өскемендегі әскери медреселердің жетекшісі (1918) болған адам.

Мен 90-жылдары жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеп жүргенімде, Хамит Тоқтамысов туралы алғаш «Сарыарқа» газетінен оқып білдім. Мысалы, «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 26-марттағы №74 санында Семейде 1-ші Алаш полкінің құрылғанын, командирі қазақ офицері, штабс-капитан Хамит Тоқтамысов екені, оның Өскеменде офицерлер даярлап шығаратын әскери медресе ашқаны туралы жазылған еді.

Сонымен, қолдағы мәліметтерге жүгінсек, І жер-жаһан соғысына қатысқан капитан Хамит Тоқтамысов (Тоқтамышев) 1917 жылы елге оралады. Сол жылдың соңында ол Алаш партиясының атқарушы органына сайланыпты, Алаш-Орданың Омбы қаласындағы партия комитетінің өкілетті мүшесі болған екен.

1918 жылдың басында Х.Тоқтамысов Семей қаласына келеді. Сол жылы жазда оның басшылығымен Семейде, құрамында 38 офицер мен 750 жауынгері бар І Алаш полкі құрылады. Бұл полк алғашқы қазақ әскері болған. Бұдан кейін-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінде де, атап айтқанда, Қостанайда ІІ қазақ полкі, Жаманқалада (Орск) ІІІ, ІV, Оралда V, VІ қазақ полктері жасақталды. Семейдегі Хамит Тоқтамысов басқарған І Алаш полкінің атты жауынгерлері 1918-1919 жылдары әр жердегі, соның ішінде Жетісудағы (шамамен, қазіргі Алматы облысының Алакөл, Ақсу, Ескелді аудандарындағы) большевиктерге қарсы ірі әскери ұрыс-қимылдарға қатысқан.

Х.Тоқтамысов Алаш-Орда үкіметінің төрағасы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан сияқты Уақытша Сібір үкіметімен және атаман Анненковпен тығыз байланыста болған. Сібір үкіметінен ол полковник шенін алған. 1918 жылы шығып тұрған \”Свободная речь\” газеті Тоқтамысовты бірнеше рет полковник деп атап көрсетеді. 1918 жылдың басында большевиктер Батыс Сібірде жеңіске жетіп, Колчак үкіметінің әскерлері қазақ даласына қарай ығысқан. Алаш әскері мен Уақытша Сібір үкіметі армиясының қарым-қатынасы Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Х.Тоқтамысов және Уақытша Сібір үкіметі мүшелерінің 1918 жылы 29 шілде және 2 тамыз күндеріндегі екіжақты кездесуінен соң шешіліп, тараптар бірлескен комиссия құрып, саяси және әскери байланыс орнатқан. Тарихшылар Алаштың атты әскерін Сібір армиясының бір бөлімі ретінде қарастырады. Мысалы, Хамит Тоқтамысов кейін Анненков әскерінің құрамындағы Атты Қазақ 1-партизан полкінің командирі (1918, декабрь – 1919, июнь), Атты Қазақ бригадасының командирі (1919, июнь) болған.

Хамит Тоқтамысов туралы Сәкен Сейфуллиннің \”Тар жол, тайғақ кешу\” естелік-романында да жазылған. Оның басқа да әдеби-көркем шығармалардың кейіпкері болғаны туралы кейінгі кезде табылған мұрағат құжаттарының арқасында белгілі болып жатыр. Мәселен, «Мұхтизар Титақов деген азамат 1935 жылы Алаш-Орда қайраткерлері туралы «Мұрат үшін майдан» деп аталатын пьеса жазған», дейді ғалым Д.Қамзабекұлы. Міне, осы пьесада Хамит Тоқтамысов: «Бауырларым, қаны бірге алашым! Сендер, бабаларымыз – Абылай мен Кенесарыны еске түсіріңдер! Жасасын туған халқымыз, жасасын туған жеріміз, жасасын алаш!» – деп өзінің алаш азаматы екенін айғақтай түседі. Атақты айтыскер ақын Қалихан аға Алтынбаев \”Қалбатау\” атты кітабында (Алматы, \”Мерей\”, 1997, 148-156-беттер) Хамитті «Омбының қазағы, әйелі орыс, одан туған бір қызы болған» деп жазады.

«Мәскеу әскери-тарихи архивінде 25-інші атқыштар полкінен 8-інші Сібір артиллерия полкіне 1912 жылы ауыстырылған Тохтамышев Султан-Мурад Негматуллаоглы деген подпоручиктің қызмет қағазы сақталған. Онда Сұлтанмұраттың 1889 жылы Семей губерниясында дүниеге келгені, діні мұсылман, шыққан тегі төре тұқымынан («из киргиз султанского рода и из потомственных дворян») екені атап көрсетілген. Осы құжатта оның Сібір кадет корпусы мен Киев әскери училищесін бітіріп, 1909 жылы подпоручик шенін алғандығы айтылған» деп жазады тарихшы М.Асылбеков. Бұл Сұлтанмұрат Тоқтамысов – Хамиттің бірге туған інісі. Мұны тарихшы Б.Әбдіғалиұлы жақында шыққан «Военные формирования Алаш-Орды (1917-1920гг.)» деген кітабында архивтік құжаттар арқылы анықтап көрсетеді. «Әскери оқуды ол кезде көбінесе дворяндық атақ алған сұлтандардың балалары оқитын. Дворяндық атақты сұлтандардың барлығы емес, патшаға ерекше қызмет көрсеткендері ғана алатын болған. Соған қарағанда Хамит Көкшетау округінің аға сұлтаны болған Маңдай Тохтамышевтың ұрпақтары (немерелері) болуы мүмкін» деген болжам айтады тарихшы М.Асылбеков.

Алаш атты әскерінің қолбасшысы, есіл ер Хамит Тоқтамысовтың өмірі азамат соғысы аяқталар тұста үзілген. Большевиктермен соғысты тоқтатуға шешім қабылданған соң, 1919 жылдың жазында Алаш-Орда әскері таратылады, ал 1919 жылдың декабрінде, 45 адамы, ішінде Хамит пен оның бала-шағасы бар, жеті арбалы керуенді Кіндікті маңында қызыл гвардия полкінің Сотников басқарған бөлімшесі қолға түсіреді. Олар тұтқындарға қандай жаза қолдануды сұрап, Семейдегі совдепке хабар жібереді. Көкпекті ауылында үш күн қамап ұстап, жауап келмеген соң, бөлімше штабы «революция атынан» деп тұтқындарды атуға алып шыққан. Көкпекті ауылының теріскейіндегі, төрт шақырым жердегі Қаракезең деген жерге айдап апарып, көр қаздырады.
Барлығын атып тастап, сол жерде көмген. Көкпектінің ақсақалдары қызыл штабтан алты мұсылманның мүрдесін сұрап алып, өзен сыртындағы мұсылман зиратына жерлепті. Қалихан аға Алтынбаевтың жазуынша, («Көкпекті». – Новосибирск, 2002, 172-бет) Хамит Тоқтамысовтың сүйегі, үстіндегі әскери формасымен Дәуіт хазірет деген кісіден төмен қойылған екен. Дәуіт хазіреттің тікелей ұрпағы, белгілі спортшы Мұқан Ағзамов былтыр ескі мұсылман зиратынан көне көк тасты тауып, ондағы қадым жазуын мамандарға оқытқан екен. Ол тастың патша заманында Көкпекті округінің бас имамы болған Дәуіт хазіретке арналған құлпытас екені белгілі болған соң, Мұқан аға былтыр атасына арнап үлкен ас беріп, құран оқытып, жатқан жеріне ескісімен қатар жаңадан, биік құлпытас қойған еді. Міне, сол құлпытасты көрсете отырып, Мұқан аға былтыр «Қалихан ағамыз жазып кетіп еді ғой, шамамен, Хамит Тоқтамысовтың да жатқан жері – осы мөлшер», – деп, Алаш-Орда әскерінің қолбасшысы болған азаматтың басына белгі қою керек деп қозғау салған еді. Ұлт жоқшысы, ізгі істің бастамашысы болып жүретін Мұқан ағаға, ол идеяны іліп әкеткен Көкпектінің белсенді азаматтарына арнайы алғыс айтамыз.

Естуімше, Көкпектіде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Алаш-Орда үкіметінің соғыс министрі жатқан жерге құлпытас қойылмақ екен, олай болса, бұл игі шара өткен тарихымызға құрмет, Алаш-Орда қайраткерлеріне тағзым болатын, атап көрсетуге тұрарлық, айтулы оқиға болар еді.

Нұржан Қуантайұлы,
жазушы

Осы айдарда

Back to top button