Әдебиет

Қаламгерлер қалжыңы

Қаламгерлер қалжыңы
***
Есімдері қалың оқырманға кеңінен таныс қазақ қаламгерлері Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази бірінің сырын бірі бозбала күндерінен жақсы білетін жан достар екен. Бірде төртеуі бас қосып, әңгіме шертіп, сыр тарқатып дегендей, бір үйде ұзақ отырып қалысады. Түннің бір уағы болып, үйге қайтар мезгілде:
— Осы әйелдерімізді бір сынап көрейікші, күйеулерінің қайда жүргені туралы кім қалай жауап берер екен, – деп келіседі.
Алдымен Қалихан Сайынның үйіне телефон шалып:
— Әлгі біздің қандыбалақ досымыз үйде ме? – деп білмегенсіп Сайынды сұрайды. Сәкеңнің бәйбішесі Мәрия жеңгей:
— Үйде қазір жоқ… Ол досың үйге қашан келерін бізге айтушы ма еді! – деп жауап береді.
Ендігі кезекте Сайын Әкімнің үйіне телефон шалады. Ол үйдегі Әлима жеңгеміз:
— Қайдан білейін қайда жүргенін… Рамазанмен ішіп жүрген шығар бір жерде, – деп жауап береді.
Енді Әкім Рамазандыкіне звондайды. Ол үйдегі Күлмәшкен жеңгеміз:
— Әй, Әкім, Рамазанның қайда жүргенін досы сен білмей тұрғанда, үйдегі мен қайдан білейін, – деп жауап береді.
Сосын Рамазан Қалиханның үйіне телефон шалады. Сонда ол үйдегі Дәмеш жеңгеміз:
— Қалихан бағана, сағат тоғызда келген. Шаршап ұйықтап жатыр. Сен, Рамазан, бүгін оның мазасын алма! – деп жауап беріп, телефонның құлағын іле салыпты.
Сөйтіп «әйел жарыста» Қалекең ұтып, достарының алдында мәртебесі бір көтеріліп қалыпты.

***
Барлық саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға, әсемдік әлеміне көздерін ашуға сарп еткен Алматыда бір ғажайып жан болды. Ол — Бақтажар Мекішев, Қазақ университетінің қарапайым мұғалімі, тіпті, кандидаттық атағы да жоқ. Бірақ университет жанынан «Жеті муза» клубын ашып, оның атын күллі Қазақстанға мәшһүр еткен кісі. Соншалықты әуреге түсіп тер төгіп, қаншама қиындықтарға кезіксе де, әлгіндей қоғамдық шаруалардан әсте жалыққан емес. Онысы үшін өзгеден де, өкіметтен де айлық сұрап, қол жайып көрмеген азамат.
«Жеті муза» клубында өтетін Бақтажардың қоғамдық лекциясына филология ғылымдарының докторы, ол кезде Ғылым академиясынын корреспондент мүшесі, профессор Рымғали Нұрғалиев жиі-жиі қатысып жүреді екен. Мұны байқаған бір досы бірде Рымғалиға:
— Әй, профессор, членкорр жолдас, жай ғана мұғалімнің лекциясын тыңдап не көрінді саған?— деп таңданғандай сұрақ қойыпты.
Сонда Рымғали:
— Мен членкорр болсам, Бәкең, өз саласында академик. Сосын да ол кісінің лекциясы маған аса құнды,— деп жауап беріпті.

***
Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреа¬ты, қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаев «Балдырған» журналының іргетасын қаласып, отыз жылға жуық сол журналдың бас редакторы болған кісі. 1987 жылы Мұзағаң құрметті демалысқа — зейнеткерлікке шығып, оның орнына «Балдырғанға» бас редактор болып ақын Тұманбай Молдағалиев тағайындалады. Редакцияда ауыс-күйіс боп жатқан осындай бір кезеңде «Балдырғанның» жауапты хатшысы Сұлтан Қалиев көшеде белгілі фольклоршы ғалым әрі балалар ақыны Бүркіт Ысқақовпен (1924—1991) кездесіп қалса керек.
— Иә, Сұлтан, өмірде не жаңалық?— деп сұрайды Бүкең.
— Не жаңалық болушы еді… Түкте жоқ баяғы,— дейді Сұлтан иығын қиқаң еткізіп.
Сонда Бүкең:
— Неге жаңалық жоқ дейсің? «Балдырғанның» отыз жыл бойғы мұзы еріп, енді тұман түсіп жатқан көрінеді ғой!— депті жымиып.

***
Тәуелсіздік жылдарының басында республика парламентінде тілші болып істеп жүрген белгілі журналист Марат Тоқашбаев пен ақын Ғафу Қайырбеков көшеде әңгімелесіп келе жатады.
— Шүкіршілік, қазақ депутаттары да қазір сөз сөйлеуді үйреніп келеді, – дейді Марат. – Сөйлей-сөйлей шешен боларсың дегендей, осылардың арасынан билер де шығар деген үміттеміз.
Сонда Ғафағаң:
— Маратжан, сен бір нәрсені ескермей келесің… Бүгінгі депутат пен кешегі бидің айырмасы, керісінше, аз сөйлеуде болып тұр ғой!— депті.

Қалтаңда ақшаң бар ма, бата берейін
1956 жылы ақын Қайнекей Жармағамбетов белгілі бір себептермен партиялық сөгіс алып қалады. Арада біраз уақыт өтіп, бірде қалбалақтап асығып көшеде келе жатса, алдынан ақын Мұзафар Әлімбаев кездесе кетеді.
— Қайда асығып барасың? – дейді Мұзағаң.
— Ойбай, атама… Баяғыдағы сөгісімді алдырайын деп обкомға безектеп бара жатырмын, – дейді Қайнекей.
— Ондай болса, қалтаңда ақшаң бар ма, бата берейін? – дейді Мұзағаң.
— Бар! — деп Қайнекей балаша қуанып кетіп, он сомдықты ұсына береді.
Сонда Мұзағаң қолын жайып, көшенің дәл ортасына тізерлеп отыра қалыпты да, сөгіс алған досына былай деп бата беріпті:
— Бердім саған батамды,
Кешірсін обком қатаңды.
Қатыныңды жылатып,
Пәмиләңді шулатып,
Көтере берме көрінен,
Кәрі аруақ атаңды,
Әумин!
***
Наурыз мейрамы кезі екен, соған орай Алматының бір алаңында ұлан-асыр той болып, кітап жәрмеңкесі өтіп жатады. Жәрмеңкеге бір топ ақын-жазушылар шақырылып, оқырмандар олардан қолтаңба алумен болады. Дөңгелек жүзді аққұба бір жігіттің кімнен қолтаңба аларын білмей қысылып, бірде ұзын үстелдің арғы шетіне, бірде бергі шетіне шығып, именіп батпай жүргенін ақын Мұзафар Әлімбаев байқап қалады.
— Әй, балам, бері кел!— дейді Мұзағаң. — Атың кім?
— Қабай.
— Дабай!
Солай дейді де, әлгі жігітке мынадай қолтаңба жазып беріпті:
«Ұсындым кітап Қабайға,
Бізді де оқып абайла.
Көңілімізді бермейміз,
Өзге түгіл — Абайға».

***
Халқымыздың сыршыл ақыны Тұманбай Молдағалиевтың бірде Жапония еліне жолы түсіпті. Сол сапарынан Тұмекең әйеліне сыйлыққа әсем безендірілген, әлеміштеп боялған желпуіш ала келеді.
— Тұмаш, Жапониядан әкелген әлгі желпуішіңді сындырып алдым, — дейді оған бірде әйелі.
— Сынып қалғаны қалай?— дейді Тұмекең таңданып.
— Білмеймін… Әйтеуір сынып қалды.
— Жапондар сынатын дүние жасамаушы еді ғой? Сен онымен қате желпіген шығарсың?
— Қате емес, кәдімгідей былай желпідім, — деп әйелі алақанымен желпіп көрсетеді.
Сонда Тұмекең мырс етіп:
— Жапонияның желпуішімен олай желпімейді. Желпуішті ұстап тұрып, басты шайқайды, – деген екен.

Мына қойдың басы пашестің басынан да мықты екен
Әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов бозбала күнінде бәйбішесі Асыл апамызды он алты жасында алып қашқан екен. Қасекең сол кезде от алып, ораққа түскен өжет жігіт болса керек. Содан қайын жұртына әне барам, міне барам деп жүргенде, соғыс басталып кетеді. Сөйтіп, Қасекең қайын атасының алдынан да өтпей, майданға кете барыпты. Соғыста дүркіреп атағы шығып, батыр партизан атанып, екі омырауы ордендер мен медальдарға толып, соғысты тәмамдап, аман-есен үйге оралған соң, келіншегі екеуі қайын жұртына жиналады. Бұрынғы тентек күйеуді, кейінгі батыр күйеуді қайын атасы да жақсылап күтіп алады. Құйрығы төңкерілген қазақы ту қойды алдырып:
— Ауылда мал соятын еркек кіндікті қалмады. Күйеу, сен тұрғанда, енді қойды мен соям ба? Бауызда мынаны! – деп қайын атасы Қасымның қолына пышақ ұстатады.
— Құп болады! – деп Қасекең пышақты алады да, қойдың аяғын да байламастан, жерге алып ұрып, тізесімен басып тұрып, тамағын осып-осып жібереді. Ұят болғанда, пышақ өтпейді екен, қарулы қолмен екі рет осқанда, кеңірдегін ғана кеседі.
— Мынау пышақ емес, тесе ғой, – дейді де, Қасекең пышақты лақтырып жіберіп, тыпырлап жатқан қойдың басын екі бұрап жұлып алыпты. Батыр күйеуді қызықтауға жиналған бала-шаға, көрші-қолаң оның мына қылығын көргенде, у-шу болып қаша жөнеліпті.
Қаперінде дәнеңе жоқ Қасекең:
— Пах, мына қойдың басы пашестің басынан да мықты екен, — деп, алақанын сүртіп, орнынан тұра беріпті.

***
Бір жиені үйленіп, Мұзафар Әлімбаев 1977 жылы Павлодар қаласына тойға барады. Ол тойға Мұзағаңның туған жері Маралдыдан да бір топ ағайын-жекжаттар келеді. Араларында ақынмен бірге оқып, бірге өскен жора-жолдастары да бар екен. Солардың бірі — Қабылқақ деген құрдасы Мұзағаңмен құшақтасып, төс-түйістіріп амандасады да:
— Мұскен, сен өзің шашың селдіреп, қартайып қапсың ғой?— дейді таңданғандай бо¬лып.
Сонда Мұзаған іркілместен:
— Қабылқақ, рас айтысьң,
Шашымнан тарақ қалды,
Аузымнан арақ қалды,
Ойыннан картам қалды,
Қойыннан қалқам қалды,
деп өлеңмен жауап беріп, тойға жиналғандарды ду күлкіге батырыпты.

***
Әйгілі музыкатанушы, есімі әлемге танымал профессор Иосиф Исаакович Дубовский (1892 – 1969) көзі тірі кезінде бірер жылға Алматыға келіп,
Құрманғазы атындағы консерваторияда дәріс беріпті. Бірде консерваторияның сол кездегі ректоры Құддыс Қожамияровқа жоғарғы жақтан «Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтерді оқуға қабылдап, нота үйретіңдер» деген мазмұндағы нұсқау түседі. Ректор халық таланттары нағыз мықтының өзінен дәріс алсын деген оймен, бұл мәселені Дубовскийге тапсырмақ болады. Сонда Иосиф Исаакович ректордың өтінішін сабырмен тыңдап болғаннан кейін:
— Мен Шәмші, Әбілахат, Әсет секілді біртума таланттарды оқытуға өрем жетпейді, олар бұрынғыдай өз халқынан үйрене берсін.
Егер оларды біз теорияның тар шаблонына салып, жұғысып кетсек, әндерінде аңқып тұрған ұлттық бояуды оңдырып аламыз, – деп, нағыз білімдар ақсүйекке жарасатын аталы сөзбен жауап беріпті.

Жобаның жүргізушісі – Әлібек Асқаров

(Жалғасы, басы газеттің №133-142 сандарында жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Әдебиет

Қаламгерлер қалжыңы

Қаламгерлер қалжыңы
Бұл сенің нешінші қатының?

Халық ақыны Шәкір Әбенов қаламы орысшаға да, қазақшаға да, татаршаға да жүйрік айтыс ақыны, белгілі сатирик Тоқтархан Шәріпжановпен қалжыңдаса береді екен.
— Сен көксоққан тағы бір қатын алды дейді ғой, рас па? — деп сұрапты бірде Шәкең Тоқтарханнан.
— Өзіңізге ұқсаймын деп тағы біреуді жаңартқаным рас,— дейді Тоқтархан да айылын жимай.
— Өй, жынды, ұқсамай қал, ұқсамай! — дейді Шәкір кейіп. Сосын ұзақ ғұмырында өзінің де жеті әйел алғаны есіне түсіп:
— Бұл сенің нешінші қатының? — деп сұрайды.
— Небәрі үшіншісі ғана, — дейді Тоқтархан қомсынғандай болып.
Сонда Шәкір аз-кем ойға батып:
— Мұның дұрыс екен, — депті, — кетем деген қатынды ренжімей кетіре бер, келем деген қатынды ренжімей келтіре бер… Әлгі пәлсапада сан сапаға жеткізеді деген қағида бар емес пе. Түбінде көптің ішінен тәуір біреуі сұрыпталып, сапалы қатынға сен де ие боларсың.

***

Халық ақыны Омар Шипин (1879—1963) бірде Қостанай облыстық газеті редакциясына келіп, егін орағына орай жазылған екі жүз жолдық өлеңін тапсырады. Ақсақалдың өлеңін қабылдап алып қалған редакция қызметкерлері оның жүз жолын қысқартып, жүз жолын газетке шығарыпты. Омекең келесі жолы редакцияға барған кезде жігіттер:
— Ақсақал, ғафу өтінеміз, өлеңіңіздің жүз жо¬лын ғана басуға мүмкіндік болды, — деп кешірім өтінген болады. Сонда Омекең сәл ғана езу тартып:
— Сендердің қақ жарымын қысқартатын «қасиеттеріңді» біліп, өзім де есеппен көбірек жазып әкеліп ем… Егер газетке шыққан осы жүз жолды әкелген болсам, онда сендер елу жолын ғана қалдырар едіңдер, — депті.

***
Ақындар Қабыл Боранбаев (1915 – 1978) пен Қалижан Бекхожин (1913 – 1990) жан достар екен. Бірде Қабыл ішіп жүріп, сол мас күйінде Қанабек Байсейітовке ілесіп, Талдықорғанға кетіп қалыпты. Қалижан оның қайда кеткенін білмей, жан-жаққа хабар беріп, іздеумен болады. Қаперінде түк жоқ, жарты айдан соң Қабыл аман-есен Алматыға қайтады. Оны көрген Қалижанның қуанышында шек болмай, садақа беріп, достарын шақырып, той жасапты. Сол тойда сөз кезегі келгенде ақын Сырбай Мәуленов былай деген екен:
– Қалижан іздеп Қабылды,
Көше кезіп сабылды.
Талдықорған тауынан,
Қанабектің жанынан
Жоғалған Қабыл табылды!
Табылғанға той жасап,
Қалижан тағы шабылды.
Қабыл отыр, шала мас,
Сипап қойып қарынды.

***
Туған халқына әсем әуенді әндер сыйлап, тамаша композитор ретінде танылған Әбілахат Еспаев (1925 – 1975) Қазақ радиосында бірер жыл қызмет жасағаны болмаса, қалған ғұмырында жұмыс істемей, таза творчествомен ғана айналысқан кісі екен. Сол Ахат ағамыз (достары Әбекеңді «Ахат» деп атап кетіпті) радиода қызмет істеп жүрген кезінде аздап ішімдікпен әуестенеді де, дарынды өнер иесінің бұл оғаш мінезі бастықтардың да құлағына шалыныпты. Радио-телекомитеттің сол уақтағы төрағасы К.Шалабаев бірде композиторды кеңсесіне шақырып алып:
– Осы сізге менің бір қолқам болып тұр. Ол менің ғана емес, сізді сыйлайтын, қадір тұтатын халқыңыздың қолқасы деп ұққайсыз, – депті жұмбақтап.
– Айтыңыз, Кәке, айтыңыз? – дейді Әбілахат.
– Айтсам сол… Сіз әлгі ащы суды қойсаңыз деп қолқа сап отырмын. Бүгіннен бастап Еспаев ішті дегенді естімейтін болайын. Келістік пе, Аха!
Сонда Әбілахат тұнжырап төмен қарапты да:
– Оныңыз жөн ғой, Кәке, өте орынды сөз айтып отырсыз. Бірақ заулап келе жатқан экспресті оқыс тоқтатуға болмайды ғой. Оқыс тоқтатса ол рельстен шығып, апатқа ұшырауы мүмкін ғой,— деген екен.

Халқым өзі киіндірді, өзі шешіндірді…

Бірде Әбілахат Еспаев өзінің өскен жері – Жамбыл облысындағы Мерке ауданына қонаққа барады. Меркеліктер «композитор жерлесіміз келді!» деп, Әбілахатты жақсылап күтіп, үстіне су жаңа фин костюмін кигізіп жібереді.
Алматыға келген соң да Әбілахат әлгі жаңа костюмін үстінен тастамаса керек. Әйелі Назым: «Ахат-ay, бұндай костюмді күнде киіп тоздырмай, тойға, сыйлы жерге барғанда ғана киіп, сақтасаң етті» – деп өтінеді. Әбілахат оған көнбейді: «Жо-жоқ, Назым, бұл маған халқымның берген киімі, сондықтан мен оны күнде кимеуге хақым жоқ» — дейді қасарысып.
Бірде Әбілахат радиодағы жұмысынан түнделетіп шығып, аздап қызара-бөртіп үйіне келе жатқанда, бір бұзықтар бұрышта аңдып тұрып, жаңа костюмін шешіп алып кетіпті. Сөйтіп, Әбекең үйіне жарым-жартылай жалаңаш, ағараңдап ішкиімшең кіреді ғой. Кірген бойда, көзі алақандай боп, шошып қалған әйеліне:
– Назымжан, абыржыма! Халқым өзі киіндірді, өзі шешіндірді… Онда тұрған не бар! – депті де, төсегіне қисайыпты.

Қалмұқан, Қалихан, Оралхан, Темірхан, Сабырхан сияқты «хандар» мынау автобусқа отырыңдар

Атақты ақын Ғафу Қайырбеков ұзақ жылдар бойы «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарған кісі. Ғафекеңнің қара қылды қақ жарғандай турашылдығы, табан астында айтып салар тапқырлығы, қазақтың қара тілінің майын тамызған шешендігі жөнінде қаламгерлер арасында талай-талай әңгімелер айтылып жүр. Солардың біреуі мынау екен…
«Жұлдыз» журналы редакциясында «ілездеме» секілді бір жиналыс жүріп жатады. «Журнал алдағы жылы қандай болуы керек?» деген бағытта жігіттер ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін ортаға салып, жақ-жақ болып айтысып жатады. «Жұлдыздың» атақ-абыройы онсыз да аспандап тұрған кез екен, әйтсе де пәлен деген айдар ашсақ, түген деген мақала жазсақ деп даурығысады ғой жігіттер… Жұрт құсап өңеш жыртып айтыспай, бір бұрышта үнсіз қалған жалғыз Ғафекең болса керек.
– Иә, Ғафеке, сіздің пікіріңіз қандай? – дейді әріптестері бір кезде.
Сонда Ғафекең иегін бір сипап қойып:
– Айтқандарыңның бәрі жөн ғой… Бірақ өстіп даурығып жүріп, аспанда тұрған «Жүлдызымызды» құлатып алмасақ бопты, ағайындар!— деген екен.

***
Баяғыда Қарағанды облысында қазақ әдебиетінің күндері өтетін болып, бір топ қаламгерлер ел аралап, жер көріп дегендей, осы облыста қонақ болып қайтады. Араларында Қалтай Мұхаметжанов, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Қалмұқан Исабаев, ақындар Сабырхан Асанов, Темірхан Медетбеков, тағы басқалар бар екен. Қалмұқан қайда жүрсе де қуақы тіл, қалжың сөзімен қаламдас достарын күлкіге кенелтіп жүреді екен. Үшінші күні астаналық меймандар екі топқа бөлініп, бірі Егіндібұлақ, енді бірі Тельман ауданына баратын болып келісіледі. Кімді қай жаққа бөлерін білмей, облыс басшылары дағдарып тұрған кезде Қалмұқан Исабаев топ ортаға шығыпты да:
— Қалмұқан, Қалихан, Оралхан, Темірхан, Сабырхан сияқты «хандар» мынау автобусқа отырыңдар! Ал Қалтай, балтай, шалтайлар анау автобусқа барсын! – деп жұртты тағы да ду күлкіге батырыпты.

***

Жазушы Әнуар Әлімжанов біраз жыл бойы Ескерткіштерді қорғау қоғамының бастығы бо¬лып қызмет атқарғаны мәлім. Әнекең сол жерде жүрген кезде жазушы Қалмұқан Исабаевты жұмысқа қабылдапты. Бірер күннен соң Әнуар:
— Қалеке, бүгін мен саған сен білмейтін ғажайып бір кафені көрсетейін. Кейін сен де бір кафені көрсете жатарсың, – деп әзілдеп, таудағы бір кафеге апарып, сыйлап, күтіп жібереді.
Арада бірер жеті өтіп кетеді. Бірде Әнуар:
— Қалеке, сенің кафеңді көретін кезек те келіп қалды, – дейді.
Қу тілді Қалекең өтірік қипақтағансып, көзін төмен салып:
— Әй, Әнуар, кімге тәуелді болсам, сол кісіні не үйге, не түзге қонаққа шақырмаспын деп баяғыда, бозбала күнімде өзіме-өзім серт берген едім. Ол сертімді сен үшін бұза алмаймын, ғафу ет! – деп есікке қарай бұрыла беріпті.
— Қалеке, оның оп-оңай жолы бар, – деп Әнуар Қалекеңнің жолын кес-кестейді.
— Сертті бұзар ешқандай да жол жоқ! – дейді Қалекең де қасарысып.
Сонда Әнуар:
— Мен сені кызметтен шығару жөнінде қазір, табан астында бұйрық жазамын. Сосын екеуміз емін-еркін кафеге барамыз. Отырамыз. Ішеміз, жейміз сенің есебіңнен. Сосын таңертең жұмысқа келген соң, сені қызметке қабылдап, қайта бұйрық жазамын. Келістік пе? – депті.

***
Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин жиырма жыл бойы ерінбей-жалықпай материал жинап, екі жыл бойы стол басында тапжылмай отырып, әйгілі «Аласапыран» романының екі томын жазып шығады. Осыншалық қауырт жұмыс үстінде кейде жаны қиналған кезде қою етіп демдетіп, деміл-деміл шай іше береді екен. Мұқаңның үйіндегі Бақыт жеңгеміз:
— Шайды неге осынша қою ішесің? Асқазаннан не қалады? – дейді екен жаны ашып.
Ондайда Мұқаң:
— «Аласапыранды» аман-есен бітірсем, асқазанның маған керегі болмас, – деп әзілмен құтылады екен.
Кейін «Аласапыран» да бітеді, ол еңбегі том-том болып жарық көріп, Мемлекеттік сыйлыққа да ие болады. Бірде Мұқаңның досы жазушы Сұлтан Оразалинов:
— Иә, Мұқа, шай мәселесі казір қалай болып жүр? – деп сұраса керек.
Сонда Мұқаң:
— Бұрын менде жазу да, шай да, асқазан да бар еді. Қазір соның үшеуі де менен қашқақтап жүр: жазу жоқ болған соң шайды қайтейін. Шай ішпеген соң асқазан да қадірсіз болады екен, – деп жауап беріпті.

***
Әйгілі сыбызғышы Шанақ Ауғанбаев өмір бойы ат үстінде жүрген, зейнеткерлікке шыққанша Өр Алтайдағы үлкен бір колхозды басқарған кісі екен. Сол кісі жетпісінші жылдардың басында зейнеткерлікке шыққан соң партиялық билетін ауданға әкеліп, рақметін айтып тапсырыпты да, өзі ауылға барып молдалық құрып кетіпті. Жазушы Оралхан Бөкеев елге барған бір сапарында Шанақтың ауылын іздеп барып, ақсақалға арнайы сәлем береді. Әңгіме арасында Оралхан:
— Шәке, біз сізді коммунист деп ойлаушы едік. Енді, міне, молда боп кеттіңіз. Осы екеуінің қайсысы шындық? – деп әзіл-шыны аралас сұрақ қояды.
Сонда Шанақ аспай-саспай:
— Екеуі де шындық, шырағым. Менің коммунистігім бергі жағында еді де, молдалығым — арғы жағында, тереңде шөгіп жатқан болатын, – деп жауап беріпті.

Жобаның жүргізушісі – Әлібек Асқаров

(Жалғасы, басы газеттің №133-139 сандарында жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button