Өзекті

АЛА ЖАЗДАЙ ӘЛЕККЕ САЛҒАН ПАРОМ

Күршім ауданының халқын жалғыз паром биыл да ала жаздай әлекке салды. Арқа-бастың кеңитін жаз мезгілінде жүріс-тұрысы көбейетін жолаушыларды бірнеше сағаттап, тіпті тәуліктеп күттіріп қойған паром  елдің еңсесін әбден езіп, түсіріп жіберді.

Ауырып, сырқап, шұғыл шаруамен, таусылып бітпейтін тірліктің көп күйбеңімен жол жүріп ауданнан шыққан, ауданға келген халық әрі өтсе де, бері өтсе де паромның қиямет-қайымын көруде.

Облыс әкімінің жыл басындағы  есеп беру кездесуінде күршімдік тұрғын бейнеөтініш жолдап, Қызылту өткеліндегі паромның жолаушылар мен көліктерді алып өту бағасының тым қымбат әрі жүру кестесін сақтамайтынын жеткізгені  елдің есінде. Жаз шыға жалғыз өткелге кіріптар болып қалатын ауданның жолаушылар ағыны көп өткелінде жалғыз паромның ғана қатынайтынын  айтып мәселе көтерген.

Одан кейін тамыздың басында облыс әкімі паромды сенімді басқаруға алған «Құйған айлағы» компаниясының өз қызметін дұрыс орындай алмай отырғанын айтып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысына  дереу шағын паромды іске қосуды тапсырған болатын.

Тамыздың соңы болды, алайда халық  әлі жалғыз паромды күтіп қоғадай жапырылып жағада тұр. Кеше редакциямызға хабарласып, ватсапқа паромдағы жағдайды түсіріп жіберген  күршімдік жолаушылар тағы да паромның жырын айтты таусылып. Жұрттың жүйкесін жұқартқан  паром мәселесі қашан шешілмек енді? Күз келді.

Нұржан Жұмаділов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Өткен сенбі, жексенбі күні де  мен өткелде болып келдім. Бірнеше аптадан бері осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жұма, сенбі күндері Күршімге қарай баратын жолаушылар легі күрт көбейіп кететіндіктен жалғыз паромды төрт-бес сағаттап күтуге тура келіп тұр. Ал сенбі, жексенбі күндері ауданнан қалаға қарай өтетін көліктер саны азаяды, кезек болмайды. Қос паромды кәсіпкер Ержан Ысқақовтың  «Құйған айлағы» компаниясы үш жылға сенімді басқаруға алған болатын. Үш жылдан кейін сатып алады немесе мемлекетке қайтарады. Компания келісімшарт міндеттемелерін орындамаса алдағы уақытта ол бұзылады. Бұзылып қалған паром өте ескі 60-жылдары Харьковта шығарылған, қазір   оның двигателінің баламасы іздестіріліп жатыр. Шағын баржалар да қатты ескірген, тоналған. Оның біреуі жөнделіп бітті, шығарғалы жатырмыз, тексеруден өткізіліп, рұқсат алынды. 28-29 тамыз күндері шығып қалуы тиіс. Қазір екі жақ жағалауға да полиция қойылған. Кезекті реттеп, бақылап тұр.

Сонымен былтыр  жөнделмеген паром биыл да жөнделген жоқ. Ал жүрерін, тоқтарын жел білген жүк тасымалдаушы баржа  паром мәселесін түбегейлі шеше қоймасы түсінікті.  Басқарма мамандары әкімнің тапсырғанындай  таяу арада айлаққа бейнекамералар қойылатынын айтады. Паромдардың жүруін, кезекті бақылап тұратын.

Қысы-жазы жол машақатын көріп, паромның зары өткен ел көпірден күдерін үзбей отыр. Ол салына ма, салынса қашан салынатыны әзірге белгісіз.

 

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button