ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫН ҚУАНЫШҚА БӨЛЕДІ
Барқытбелдің күнгейіндегі Үржар ауданы үшін өткен жыл табысты болды. Атап айтқанда, жыл ішінде 46 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды, бұл мұның алдындағы жылмен салыстырғанда 11 пайыз артық.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру мақсатында 19 кооператив құрылды. Ауданда тауарлы-сүт фермаларын құруда, мал тұқымын асылдандыруда да алға басу бар. «Алғабас» шаруа қожалығының төрағасы Мәулет Қалиев үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңын пайдалануға берді. «Юбилейное» серіктестігі мен «Сағади»» шаруа қожалықтары 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларын іске қосты. Үржарлықтар биыл 186 мың гектарға егін екпек, суармалы жердің көлемі 23 мың гектарға ұлғаймақ. 1450 тонна жанар-жағармай қазірдің өзінде қоймаларға жеткізілді. Реті келгенде айта кету керек, өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары үлесіне облыстың 11 пайыз өнімдері тиесілі.
– Бұл табыстың барлығы ізденіс пен қажырлы еңбектің жемісі, Барқытбелдің баурайында қазір 90 сантиметр қар жатыр, ол еріп, жерге ылғал жинайды деген сенімдеміз. Тасқын қаупінің алдын алдық, – дейді Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин.
«Туған ел-алтын бесігім» акциясы аясында Өскеменге ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуге келген үржарлықтар қала тұрғындарын қуанышқа бөлеп тастады. «Флеш-Маркет» сауда үйінің алдына халық көп жиналды. Ауданның өнерпаздары күлкі күніне арнайы бағдарлама әзірлепті. Өнерпаздардың жарасты әзіл-сықақтары жұртты күлкіге қарық қалып тастады, Арасында ән шырқалып, мың бұралған биге кезек тиді.
Жәрмеңкеге үржарлықтар 27 ірі қара, жүзге тарта қой, екі-үш тонна жылқы етін алып келіпті. Бағасы қымбат емес, атап айтқанда, ірі қараның сан еті 1350, жай еті 1200, ал жылқының сан еті 1400, жай еті 1200 теңгеден. Көктемде малдың қоңы жоғалып, қара базарда еттің бағасы қазір 1500-1800 теңгеге жеткенін ескерсек, бұл арзан.
-Ауданда өткен жылы көкөністен мол өнім алынды. Бүгінгі жәрмеңкеге төрт тоннадай картоп, екі тонна сәбіз, бір жарым тонна капуста, осыншама сарымсақ алып келдік. Бағасы арзан болғандықтан қала тұрғындары пышақ үстінен талап әкетті. Мақаншы мен Үржарда сүт қабылдап, өңдейтін екі зауыт пайдалануға берілген, олар шығаратын ірімшік, құрт, кілегей, басқа да тағамдар міне, сөрелерде тұр,-деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Бауыржан Шоманов.
Аудан әкімі Серік Зайнулдин күн жылына салысымен Алакөл шипажайында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша көркейту, демалыс орындарын заманауи талаптарға сай дамыту шараларының атқарылатынын тілге тиек етті. Биыл бұл бағытқа жүздеген миллион теңге қаражат бөлініпті. Сондай-ақ, жол жөндеу жұмыстарына да мол қаржы бөлінгені белгілі. Демек, Үржар өңірі алдағы уақытта да өркен жая бермек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ
Өскемен.