Алаң төріне ақын орнықты
Күршім ауылында заманауи деңгейде абаттандырылған бұрынғы Орталық алаң – қазіргі Абай алаңының ашылу салтанаты болып өтті. Мұндағы ауқымды жұмыстардың аяқталып, ескі алаңның жаңаша көрікке енгеніне көп болған жоқ.
Дәл ортадан түрлі-түсті, музыкалы субұрқақ ашылып, алаңның төріне Абай атамыздың еңселі де көрнекті ескерткіші орнықты. Мұның өзі ауыл төріне ерекше бір маңызды сипат беріп, аталған алаңның сәні мен салтанатын асыра түскені шындық.
– Қазіргі жағдайға байланысты көп адам жинап, даңғаза салтанат жасауға болмайды, – деді жиынды ашқан аудан әкімі Д.Қажанов. – Ауылдың аузы дуалы үш-төрт ақсақалы мен құзырлы мекемелердің басшыларын біріктіріп, хакім бабамыздың ескерткішін қарапайым ғана басқосу түрінде ашқанды жөн көрген едік. Бірақ құлақтанып қалған жұрт жан-жақтан бой көрсетіп, әжептәуір топтың басы құралып қалды.
Дулат Зайсанбекұлы аудан орталығының тұрғындарын, қонақтарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, өмірлеріне сәттіліктер тіледі.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов әлем мойындаған ғұлама хакім туралы шағын баяндама жасап, соғыс және еңбек ардагері А.Ахмадиев, ақсақалдар алқасының төрағасы Н.Қайыров көпшілікке өз құттықтауларын арнады.
Ескерткішті ашу құрметі аудан әкімі Д.Қажанов пен А.Ахмадиев қартқа берілді, олар лентаны қиып, жамылғыны сыпырған соң, ақын бабамыздың тастан жасалған келбетті мүсіні жарқ ете қалды. Бұл көріністі жиылған жұрт ду қол шапалақтап, қошеметпен қарсы алды.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.