Ауыл шаруашылығы

Қала маңынан касапхана салады

 Қала маңынан касапхана салады

Осыдан он шақты жыл бұрын төрт түлік өсіруді қолға алған Ербол Шәкеров «Елдар» шаруа қожалығын құрған. Содан бері Палатцы ауылының маңындағы тау сілемдерінің бөктерінде жабы жылқысы мен байыс қойын өргізіп отыр. Сонымен қатар, бұл қожалықта етті ірі қара мен маң-маң басқан түйелер де бар.
Подгорное ауылына алып барар жолдың бойындағы ойпатты жерде орналасқан «Елдар» шаруа қожалығына ат басын тіреген едік. Анау қыраттағы тізеден асатын қарда тебіндеп жүрген жабы тұқымдас жылқыларының қарасы көрінді. Қожалықтың аумағында қызыл кірпіштен бірнеше тұрғын үйлер тұрғызылыпты. Күнгей жағынан жаңадан екі бірдей мал қора бой көтеріпті. Ербол Шәкеров баздың еденін цементпен емес, қызыл кірпішпен шырша тәріздес етіп жинап, астына құм сепкен. Яғни, құмды жабынды ылғалды өзіне сіңіріп алып, малдың таза тұруына септігін тигізеді. Оның үстіне қыстың суығында құрғақ қорада тұрған мал жүдемейді де. Бұл жер кезінде колхоз-совхоздың қыстағы болса керек, қаңырап қалған баздың төрт қабырғасы ғана қалған еді. Оны қожалықтың басшысы қайта шатырлап, жаңалап пайдаланып отыр. Ал жұмысшылары үшін бірнеше тұрғын үй салып, тұрмыстарына қажетті мүмкіндіктерді жасап берген. Тіпті, бөренеден қиылған моншасы да бар. Соның өзінде еңбек адамдары тапшы көрінеді.
– Жиырма шақты адам жұмыспен қамтылып отыр. Жалақылары тұрақты, уақытылы төленеді. Баспана қажет болса, үйлер де салынып жатыр. Бірақ тракторшы, малшы әлі де жеткіліксіз, – деді қожалық жетекшісі, Владимир Беляев.
Бүгінде «Елдар» шаруа қожалығында бес жүздей асыл тұқымды ірі қара, екі мыңнан астам байыс қойы бар. Көл-көсір пайда әкеліп, шаруашылықты шалқытып отырған қой-ешкі ғана емес. Мәселен, жабы тұқымдас жылқы басы 56-58 пайыз ет берсе, сауын биелерінен үш ай ішінде 1200 литрге дейін қымыз өндіреді. Жылқыларының өзі Шығыстың ауа райына бейімделген, бауырынан келетін қасат қарды бұзып-жарып жүріп, тебіндей алады. Қар қандай қалың болса да қыстан күйін бермей шығады.
Ал бордақылауға арналған мал қора бөлек орналасқан. Олардың мал азығын әзірлеу әдісі де ерекше. Шөпті шапқаннан кейін шаңын шығарып, үгітіп жинап жүрмей, бірден престеп тастайды. Мұндайда шөптің құрамындағы дәрумендер де бойында сақталатын көрінеді. Бордақыланып бабына келген малды шаруашылық базасындағы қасапханада сойып, сатуға жібереді. Қасапхананың өзі мұнтаздай таза, едені мен қабырғалары кафельденген. Төрде мал соярда айтылатын құран сүресі жазылған. Сойылған етті сақтайтын тоңазтқыш пен -40 градуста қатыратын мұздатқыш камералары бар. Ербол Шәкеров осындай қасапхананың жетілдірген түрін алдағы уақытта Өскеменнің кіреберісіндегі Самсоновка ауылының тұсынан ашпақшы. Ол үшін жоба жасалып, 12 гектар жердің құжаттарын реттестіріп те қойды. Самсоновка ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, ашылатын қасапхананың болашағы зор.

Мерей Қайнарұлы
Көкпекті ауданы

Осы айдарда

Back to top button