Басты

Алаңдауға негіз жоқ, жағдай тұрақты

 Облыс әкімі Даниал Ахметов Зайсан ауданында қалыптасқан жағдайға байланысты оқиға орнына шұғыл жетті. Зайсандықтар көрші елде өршіп тұрған коронавирусқа байланысты Қытайдан елге келетін Қазақстанның, оның ішінде Зайсанның азаматтарын Сарытерек және Айнабұлақ елдімекендерінде орналастырылған оқшаулау орындарына 14 күнге карантинге жатқызуға наразылық танытқан болатын.

«Қытайдан жұқпалы дертті жұқтырған науқастарды әкеле жатыр екен» деген алып-қашпа әңгіме 19 ақпанда шыққан-ды. Елді әсіресе, WhatsApp мессенджерінде таратылған «Қытайдан бір автобус науқас келе жатыр-мыс» сияқты жалған ақпарат дүрліктірді.

20 ақпанда оқиға орнына жедел жеткен облыс әкімі Даниал Ахметов аудан тұрғындарымен кездесіп, мән-жайды толық түсіндірді. Ең алдымен аймақ басшысы Зайсан қаласындағы колледжге барып, осында жиналған жұртшылыққа ешбір білім беру мекемесінде, олардың жатақханаларында карантиндік оқшаулау орындары құрылмайтынын баса айтты.

Аудандық әкімшілік алдында өткен келесі кездесуде халық Зайсан өңірінде карантиндік бөлімдерді ашпауды, Қытаймен шекараны жабуды талап етті.

-Қазіргі таңда біз елімізге коронавирус жұқпасының кіріп кетпеуі үшін барлық шараларды қарастырып жатырмыз. Дәл қазіргі уақытта Қытай шекарасынан бір де бір адам өткен жоқ. Бірден айтайын, шекарадан басқа елдің азаматтары өтпейді. Тек қазақстандық азаматтарды ғана қабылдаймыз. Олар сіздердің біреуіңіздің туысыңыз, біреуіңіздің балаңыз. Оларды қалай өткізбейміз? Сол жерлестеріміз келіп жатқан жағдайға еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша оқшаулау орындары әзірленген, – деп түсіндірді Даниал Ахметов.

Облыс басшысы сондай-ақ, еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 20 ақпаннан бастап Қытай елінен келетін Қазақстан азаматтары міндетті түрде 14 күн бойы оқшаулау орындарында медициналық бақылауда болатынын жеткізді. Олар ешкіммен байланысқа түспей, толықтай карантинде болады. Ал шекарадан өткен адамда қандайда бір ауру белгілері, яғни, дене қызуы, жөтел болса, ол шекарадағы тексеру орнынан бірден капсулаға салынып, арнайы жабдықталған көлікпен облыс орталығына боксқа жеткізіледі. Аудандық билік өкілдерінің сөзіне сенсек, жалпы аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі коронавирусқа қарсы тұруға толықтай дайын. Мұнда арнайы бокс дайындалған. Оған кіріп-шығатын есік те бөлек. Барлық құрал-жабдықтар мен қажетті дәрілік препараттардың жеткілікті қоры бар. Қытай мемлекетінде жүрген бес зайсандық азаматты өз аудандарында қабылдауға қарсы халық дайын болса да оларды бұл жерге алып келмеуді сұрады. Оған келіскен аймақ басшысы жергілікті жұртқа мәселенің толық мән-жайын жан-жақты түсіндіріп, азаматтар арасындағы сұрақтар өзара ымыраға келу арқылы шешімін тапты.

Тұрғындардан түскен арыз-талаптарды шешу үшін аудан тұрғындарының ұсынысымен облыс әкімінің басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында 15 адам бар, арнайы топ құрамының барлығы ауыл тұрғындары.

Кеше, 21 ақпанда комиссия екі топқа бөлініп жұмыс істеді. Даниал Ахметов бастаған бір топ Майқапшағай кеден бекетіне барып, Қытаймен шекараның жабық екеніне көз жеткізді.

Ал комиссияның екінші тобы жол құрылысымен айналысатын қытайлық компанияның №8,10 учаскелерінде болды. Қытай жұмысшыларының визаларын тексеру кезінде олардың барлығының Қазақстан аумағына өткен жылы, яғни, коронавирус жұқпасы шықпай тұрған кезде кіргені анықталды.

Бұдан басқа ҚХР-ның тағы үш азаматы мен бір қазақстандық 12 ақпанда келген. Олар  әзірше карантинге жабылған, бірақ дендері сау, олардың жағдайларынан ешқандай күмәнданбауға болады.

Сөйтіп, облыс әкімінің тікелей атсалысуымен Зайсанда көтерілген мәселенің мән-жайы нақты түсіндірілді. Тұрғындардың алаңдауға еш негіз жоқ екеніне көз жетті. Жағдай тұрақты.

 Шекарадан өткен азаматтарды карантиндік оқшаулауда ұстау жергілікті биліктің ойлап тапқан амалы емес.  Бұл –Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында міндеттелген шаралардың бірі. Құжатқа сәйкес, Қытайда пайда болған коронавирустық инфекцияның жаңа түрінің таралуын болдырмау мақсатында  елімізде 20 ақпаннан бастап коронавирус жұқпасына байланысты қолайсыз аумақтар деп танылған елдерден Қазақстанға келген азаматтар шекарадан өткен күннен бастап 24 күн медициналық бақылауда болуға тиіс. Коронавирустық жұқпаның жаңа түрі тіркелген елдерден келген барлық азаматтар үш санатқа бөлінеді.  Бірінші санат ҚХР-дан келген Қазақстан азаматтары 14 күн бойы өңірлік провизорлық стационарда оқшаулайды. Одан шығарылғаннан кейін медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында тұрғылықты жері бойынша медициналық бақылау үшін 10 күнге карантинге жабылады. Бүгінгі таңда резервте 4400 төсек дайын.

Екінші санатта – коронавирустің 10-нан астам жағдайы тіркелген елдерден келген тұлғалар.  Олар үй карантиніне орналастырылады. Медицина қызметкерлері оларды үйлеріне барып бақылайды. Он төрт күннен кейін тағы он күн телефон шалу арқылы күнделікті жағдайы бақыланады.  Үшінші санатта –коронавирус  тараған, оның ішінде жұқпалы дертті жұқтырғандардың саны  10-нан кем, қолайсыз  елдерден келген азаматтар. Олар Қазақстан шекарасынан өткен күннен бастап 24 күн бойы тұрғылықты жері бойынша емхана қызметкерлерінің бақылауына алынады (Қоңырау шалу арқылы жағдайын біліп тұрады).

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button