Денсаулық сақтау

Алғыс арқалаған Азамат

Өңір тұрғындары арасында алғысқа бөленіп, ел мақтанышына айналған Азамат Кебіспаев – жүріс-тұрысы ширақ, өз ісіне аса тиянақты қарайтын қырықтар шамасындағы жігіт.

Ол аудан орталығындағы ауруханада бас дәрігердің орынбасары, балаларды емдеуші әрі ота жасаушы хирург қызметін атқарады. 2011 жылы Семейдің медициналық университетін бітірген жас маман «Дипломмен – ауылға» жолдамасымен туып-өскен еліне келіп, жұмысқа орналасады.

Міне, содан бері табан аудармай, аудандық ауруханада мамандығы бойынша істеп келеді. Зайыбы Салтанат – өзімен бірге оқу бітірген, невропатолог-дәрігер. Жас та болса, олар көпбалалы отбасы. Үш қыздары бар. Қазір тағы бір сәби күтіп жүр.

Осы жұмысты істегелі Азамат Рашидұлының алдына қаншама нәресте және жас бала келді, ем-домын жасап, отасын істеп, шамасы келгенше көмегін тигізіп келеді. Қолы жеңіл ме, көбі тез оңалып, жүгіріп кетті. Солардың ата-аналары, туған-туыстары рахметін айтып, риза болып жатқандары. Соған көңілі марқайып қалады. Кейде өз ісінің жемісін көру, нәтижесін сезіну адамға айтарлықтай шабыт береді.

– Дәрігер болу оңай емес. Алдыңа келген әр адамның денсаулығының қалпына келуіне, сондай-ақ ем-дом жасамас бұрын, оның көңіл күйін көтеріп, ауруды жеңетініне, жасаған еміңнің шипа боларына сендіре білуің керек. Университетте алған теориялық білімді жетілдіріп, жұмыс барысында жүзеге асыру, келген науқасты емдеу арқылы тәжірибе жинау әр жас дәрігердің қалыптасуына көмегін тигізеді, мамандығына сүйіспеншілігін арттырады. Алғашқы кездегідей емес, қазір маған соқырішекке немесе өт алуға, тағы басқа органдарға ота жасау көп қиындыққа соқпайды. Мысалы, соқырішекті алып тастау үшін он минуттай ғана уақыт кетірем. Бұл ота жасауға төселгендігімді көрсетсе керек, – дейді Азамат Рашидұлы.

Ол тәжірибе алмасу іс-шараларына, оқуға барып тұрады. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласына алты айға тәжірибе алмасуға және білімін жетілдіруге барып келді.

– Кейінгі жылдары ауруханалар соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жарақтала бастады. Міне, осы технологияны біздер меңгеруіміз керек. Онсыз заман көшінен қалып қоямыз. Жұмыста түрлі жағдайлар кездеседі. Өткен жылы бір жасөспірімнің соқырішегіне сәтті ота жасадық. Дегенмен, жеткіншектің соқырішегі сол жағында болып шықты, негізінде оң жағында болуы тиіс еді. Жүрегі де оң жағында орналасқан екен. «Сол жақ бүйірім қатты ауырып тұр» деген соң алғашында бұл не болып қалды екен деп, ойым он саққа кетіп, тығырыққа тірелгенім бар. Тексергенде соқырішек болып шықты. Ішкі органдары мүлде керісінше орналасқан. Мұндай туабітті жағдай миллионнан біреуде ғана болуы мүмкін, – дейді ол.

Азамат Кебіспаев қалың көпшілікке шынайы қызмет етіп, қиналғанда солардың қасынан табылып, көмек көрсетіп келеді. Міне, ол – осындай ауыр жолды таңдаған қайсар жан.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button