Экология

Ақжардың айналасы қоқыстан тазарды

Тарбағатай ауданында былтыр жеті мыңға тарта ағаш көшеті отырғызылып, Ақжар ауылының маңайында пайда болған заңсыз қоқыс алаңдары тазартылды.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, күзгі ағаш отырғызу жұмыстары ойдағыдай өткізіліп, жалпы саны 6811 түп әртүрлі ағаш отырғызылған екен. Ауданға облыс аумағындағы орман шаруашылықтарынан шырша, қарағай, қарағаш, қайың, терек, самырсын және шынар сияқты ағаш түрлері әкелініп, ауылдарға таратып берілген.

«Ақжар ауылына оңтүстік жақтан кіреберіс жолдың жиегіне 100 түп терек отырғызылды. Сонымен қатар аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбеттері мен іргетасы боялып, Қабанбай батыр саябағындағы стадионның жүгіру жолағына асфальт жамылғысы төселді. Ойын алаңының айналасындағы жарық шамдары ауыстырылды. Оған қоса аудан әкімдігі мен Ақжар ауылы әкімдігінің ғимараттары да ағымдағы жөндеуден өтіп, «Құлжабай» тоғанының арнасы қоқыстан тазартылды. Аудан әкімдігі алдындағы шыршалар мен мүсіндер басқа жерге көшіріліп, орталық алаңды кеңейту жұмыстары жүргізілді», –  делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.

Тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды ауыл маңайына ретсіз төгуі салдарынан Ақжар ауылының айналасы заңсыз қоқыс полигондарына толып кеткен болатын. Былтыр осы бағытта да кешенді жұмыстар жүргізген аудан басшылығы жолдардың бойын заңсыз пайда болған қоқыстардан арылтып, аудан орталығының кіреберістерін қайта қалпына келтірді.

 

Осы айдарда

Back to top button