Ақжар – Құйған: жөнделген жолдың сапасына көңіл толмайды
Ауыл арасындағы бірқатар жолдар Жаңа Қазақстанның көшіне ілесу үшін қайта жаңалануда.
Тарбағатай ауданының шекаралық елді мекендеріндегі тұрғындардың инфрақұрылымдық қажеттіліктерін өтеуге барынша назар аударылып отыр. Соның ішінде кедір-бұдыр жолдардың «бетін бері қаратып», тақтайдай тегіс қылуға қам жасалып жатыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Мысалы, «Нұрлы жол» паритетті 50/50» бағдарламасымен Ақжар – Құйған арасындағы 13 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 151 млн қаражат бөлінді. Алайда мердігер «Ярус» ЖШС-нің атқарып жатқан жұмыстарында кемшіліктер де жоқ емес.
Жуырда аудандық мәслихат төрағасы Өмірхан Қанағатов пен облыстық мәслихат депутаты Болат Нұрпеисов, Amanat партиясы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Құйған ауылына қатынайтын жолдың орташа жөндеу жұмысымен танысқан. Бақылау барысында бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Осыған сәйкес, мердігер «Ярус» ЖШС өкіліне сын-ескертпелер айтылған. Орын алған ақаулар мен кемшіліктерді қалпына келтіруді талап еткен.
– Алдағы уақытта «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандары келіп, жұмыс сапасына баға беретін болады. Мердігер өкілі орын алған ақауларды қалпына келтіруге уәде берді, – дейді партиялық бақылау комиссиясының мүшелері.
Ақжар – Құйған тас жолы бөлігінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмысының сапасына аудан әкімі Дархан Жөргекбаев та көңілі толмайтынын айтып, осы салаға жауапты бөлім мамандарына тиісті тапсырмалар берген.
Сондай-ақ тек осы жол ғана емес, Маңырақ ауылындағы А.Байтұрсынов мектебінің жөндеу жұмысын, Тұғыл ауылындағы спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын, бірнеше ауылда «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынып жатқан баспаналардың, «Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан медпунктердің құрылысына қатаң бақылау жасап, жұмыс сапасын жиі барып қадағалауды тапсырған.
Аудан тұрғындарының бірі Меруерт Жандарбекқызы да қоғамдық бақылау арқылы жұмыстардың жүйелі әрі уақтылы атқарылуына ықпал етуге болатынын алға тартты.
– Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуат¬ты тірліктің қайнар көзі. Өркениетті елдердің барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатына¬сына айрықша назар аударатыны да сондықтан. Дұрыс болған екен. Қадағалау бар жерде сапа да болады. Барлық құрылыс жұмыстарына да осындай бақылау болуы керек, – деді.
Партиялық бақылау ісін Ауған соғысының ардагері, Ақжар аулының тұрғыны Серік Ибраев та қолдай отыра пікір білдірді.
– Өте дұрыс, қадағалау керек. Ақжар – Құйған арасына салынған жаңа жолдың кейпі жоқ. Қайбір күні Құйғанға барғанда көрдім, шоқалақтап, ат үстінде отырып шапқандай күйде болдық. Кемістіктер қалпына келуі тиіс. Мемлекеттің қаржысын желге ұшқандай етпей, осылай жүйелі талап қою аясында жұмыстар нәтижелі болмақ, – деді ол.