Әр мәселе бойынша тапсырма берілді
Аймақ басшысы Даниал Ахметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл туралы ол өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
Азаматша Александра Талхигова жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты бірқатар мәселемен жүгінді. Ол әлеуметтік желіде Кәмелетке толмағандарды оңалту орталығында орын алған зорлық-зомбылық әрекеттері туралы проблема көтерген болатын. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеру жүруде. Сондай-ақ ол жетім балалар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіре алмайтынын атап өтті. Бұл мәселе бойынша облыс әкімдігі Парламент отырысында тақырыпты көтеру үшін мәжілісмендерге хат жолдайтын болды.
Бес жыл бойы мүгедектік тобын ала алмай жүрген Орынғазы Сүлейменов те облыс әкіміне жүгінді. Бұл азаматтың шынымен, науқас екені анық.
– Бұл сұрақты жеке бақылауыма аламын, денсаулық сақтау басқармасының мамандарына толық тексеру жүргізуді және бұл жағдайды анықтауды тапсырамын, – деді Даниал Ахметов.
Қабылдауға банктегі несие берешегіне байланысты баспанасынан айырылған Маргарита Есімханова келді. Аймақ басшысы сотқа жүгінуге кеңес берді, өйткені ипотекалық шарттың мерзімі әлі аяқталған жоқ.
Қабылдау барысында айтылған бірде-бір өтініш назардан тыс қалған жоқ. Әр мәселе бойынша облыс әкімі тапсырма берді.
Ержан Кеңесұлы