Туризм

Ақтөбенің туристік әлеуетін паш етті

Қиыр Батыстағы Ақтөбе өңірі Димаш Құдайберген, Kalifarniya., Ерке Есмахан, Нұрболат Абдуллин, Qarakesek сынды талантты әншілерімен ғана емес, кім-кімнің де қызығушылығын оятатын туристік нысандарымен, тылсым да тамылжыған табиғатымен, тағылымды тарихымен мақтана алады. Бұған күні кеше Өскемен қаласында өткен «Road show: Visit Aqtobe-2023» конференциясы барысында көз жеткіздік. Конференция, аты айтып тұрғандай, Ақтөбе облысының туристік әлеуетін таныстыру мақсатында ұйымдастырылыпты.

Жалпы, Ақтөбе облысы әкімдігі мен бизнес-қауымдастығының еліміздің батысындағы өңірдің қазақстандық ғана емес, шетелдік туристер арасындағы танымалдығын арттыру бағытында атқарып жатқан шаруалары, жоспарлаған жобалары мен қолға алған басталамалары айтуға тұрарлықтай-ақ екен. Мәселен, былтыр өңірдің делегациясы республикамыздың Астана және Алматы қалаларымен бірге, шетелдің Мәскеу, Қазан, Баку, Ыстамбул сияқты мегаполистеріне барып, облыстың туристік мүмкіндіктерін таныстырса, биыл тағы алты шаһарға сапар шекпек. Оның арасында Өскемен қаласы да бар.

– Осыдан бірер күн бұрын Шымкентке барып, жергілікті туристік компаниялардың өкілдерімен кездесіп қайтқанбыз. Бүгін, міне, Шығыс Қазақстан өңіріне ат басын тіредік. Бұдан кейін Қостанай қаласына жол жүреміз. Ал қазан айында мұндай жұмыстарды Дубай, Бейжің және Сеул шаһарларында жалғастырамыз. Жалпы, біздің орталықты Ақтөбе өңіріндегі бірден-бір туристік хаб деуге де болады. Орталығымыздан облысқа алыс-жақыннан келген туристерге қажетті барлық ақпаратты алуға болады. Мамандандырылған гидтеріміз де бар. Бүгінгі іс-шара барысында сіздердің туризм саласында қызмет көрсететін компанияларыңызбен әріптестік байланыс орнатып, Ақтөбеге Шығыстан турист тартудың алғышарттарын жасаймыз деген үміттеміз, – дейді «Visit Aktobe» туристік-ақпараттық орталығының бөлім басшысы Азат Оразалин.

Өскеменге маңызды миссиямен келген ақтөбелік қонақтар конференцияға жиналған қауымға аймақтың туристік мүмкіндіктері, тарихи ескерткіштер, қызықты маршруттар, экстремалды турлар мен ерекше демалыс орындары туралы айтып берді. Олардың арасында – Ақтолағай шатқалы, Аққұм шөлі, Қарғалы су қоймасы, Барқыт құмдарының арасындағы орман, Орқаш қорығы, Аққайың орманы, Ырғыз-Торғай резерваты, сондай-ақ қу медиен даланың қақ ортасында орналасқан Абат-Байтақ, Қобыланды батыр, Есет батыр Көкіұлы кесенелері сияқты киелі жерлер де бар.

Осы ретте, конференцияға Ақтөбе өңіріндегі туристік ұйымдардың, қонақ үйлер мен мейрамханалардың өкілдері, қолөнер шеберлері мен сәнгерлер қатысып, қызықты ақпаратпен бөліскенін айту керек. Мәселен, Dastan Hotel Aktobe қонақ үйінің басшылығы отель персоналы Ақтөбеге табан тіреген меймандарды құшақ жая қарсы алып, жайлы бөлмелер ұсынуға дайын екенін жеткізсе, «Sarqyt» мейрамханасының өкілдері ұмыт болған қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға шақырды. Сондай-ақ конференцияда қамшы, торсық сынды ұлттық бұйымдар жасаумен айналысатын «Алтынбек» ЖШС-ның жұмысы таныстырылып, этнограф-ұстаз, қолөнер шебері, алаша, кілем тоқу өнерінен ЮНЕСКО-ның сапа белгісінің иегері Бұлбұл Кәпқызының баяндамасы тыңдалды. Бұғы шаруашылығына бет бұрған «Зәру» шипажайының жетістіктері мен жоспарлары туралы айтылды, өнімдері көрмеге қойылды. Бұған қоса жиналған қауым белгілі дизайнер-сәнгер Малика Дүйсенбаеваның заманауи үлгідегі қазақ киімдерінің топтамасын тамашалады.

Мән-мағынасы зор іс-шара соңынан екі өңірдің кәсіпкерлері мен туристік-ақпараттық орталықтары арасындағы әріптестік туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.

Ақтөбелік қонақтардың мұрындық болуымен өткен конференция расымен де жоғары деңгейде өтті, қос тарап үшін де ұтымды тұсы көп болды. Мұны іс-шараның басы-қасында жүрген шығысқазақстандық «РСС групп» туристік компаниясының директоры Сымбат Рамазанов та айтты.

– Еліміздің ішкі туризмін дамытуға бағытталған іс-шара ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Негізі, бізге дәл осындай іс-шаралар аса қажет, себебі көп жағдайда отандастарымыз өз елімізде қандай туристік аймақтар мен нысандар бар екенін білмей жатады, – дейді С.Рамазанов.

Нұржан Кенжеұлы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button